Атырау, 27 желтоқсан 08:25
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Ақиқатты көшеден емес, мешіттен табасыңдар»

14 775 просмотра

Атырау  облыстық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы ЕСМАҒАМБЕТПЕН өткен онлайн-конференция

  АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМ ДЕ САҚАЛ ҚОЙҒАН

- Сыртқы келбетіне қарап мұсылмандардың қандай діни бағыт ұстайтындығына жыратуға болама? Атырауда дәстүрлі мұсылмандықты мойындамайтын, өмірге өзіндік көзқарасы бар  діндарлар тобы бар атын мешіт бар. Олар мен ортақ тіл табысып, кәдімгі мешіттердің қатарына «тартып» алуға болама?

- Атырау қаласында ҚМБД филиалдары саналатын төрт мешіт бар. Оның арасында  теріс бағытта делінген мешіт жоқ. Әлбетте сыртқы келбетіне қарап мүміндеріміздің қандай ағымды ұстанып жүргендігін дөп басып айту қиын

- Әйелдердің хиджаб киіп, ерлердің сақал қоюы, шалбарларының балағын шұлықтарына салып жүруі міндетті ме? Егер бұлай киінбесе ол мұсылман болып саналмай ма?

- Сақал қою - Мұхаммед пайғамбарымыздың сүннеті. Әйтсе де бізде қазіргі уақытта  «уаххабшылар ғана сақал қояды» деген қате  түсінік қалыптасқан. Ал әйел адамдар хиджаб киетін болса, ол мүмін әйелдердің Құран кәрімде бекітілген парыздарының бірі. Ол туралы «Нұр» сүресінде баян етілген. Ал кімде-кім мұсылмандық жолдағы адамдардың ұстаған бағыттарының дұрыс-бұрыстығын анықтап, кінә қою үшін алдымен ислам ілімі жайлы терең білімге ие болуы тиіс. Сондықтан өзі  білмей тұрып басқаны «сен уахабшылсың, басқасың» деп кінәлау жөн емес.

Сыртқы түр келбетіне қарап қысым көрсетуде қателік. Осы ретте құқық қорғау органдарының оларды тежеп, тоқтатуын да орынсыз деп санаймын. Оның екінші бір жағы бар. Яғни намаз оқитын әр адамды террорист ретінде қабылдау - қазақтың ұлттық рухани байлығына балта шабуымен тең. Мәселен, сақал Абайда да, Шәкерімде де болды. Олардың барлығын уахабшы санатына қосуымыз керек пе? Олар ислами үлгідегі сырт келбеттерін сақтай отырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің негізін қалады емес пе? Радикалды ағымдарды терең зерттеп, анықтап алып қана олардың теріс жолда екендігі жайлы айтуға болады. Дегенмен тәуелсіздік алғаннан бері халқымыздың діни сауатсыздығын пайдаланып, елге түрлі бағыттағы адамдардың келуі салдарынан әр түрлі ағымдар пайда болғанын теріске шығара алмаймыз. Алайда осы ағымдарды ұстанушылар білікті болатын болса, Құранның аятында айтылған «Аллаға, пайғамбарға және араларыңдағы басшыларыңа бой ұсыныңдар, жікке бөлінбеңдер» дегенді басшылыққа алып, топқа бөлінбес еді. Олардың қай-қайсысыда«құран сүннетімен жүреміз» дейді. Онда неге бөлінеді? Құранда айтылғандай неге басшыға (Қазақстандағы діни басшылық мұсылмандардың діни қауымдастығы қолында) бағынбай Құран аятына  қарсы келеді? Бұл тек олардың өз-өзін ақтап алудың бір жолы ғана.

«ЕГЕР БІРЕУДІҢ АЙЫБЫН ЖАСЫРСАҢ»...

- Облысымызда қандай теріс ағымдар мен дәстүрлі емес мұсылман қауымдастықтары бар екенін айта аласыз баОлардың рухани «авторитеттерін» де атай кетсеңіз. Болса, олармен қалай жұмыс жүргізесіздер?

- ҚМБД бәтуасы негізінде  қазақ елінде  кең етек алған уаххабилік ағым болып отыр. Оның Атырауда да бар екендігі жасырын емес. Әйтсе де олардан қорқудың қажеті жоқ, керісінше уағыз айтып, ортамызға шақыруға тиіспіз. Бұларды осы  бағытқа жетектеуші  адам уаххабилікті«таза дін» ретінде сипаттайды. Тиым салынған  тағы бір ағым – «кораниттер». Атырауда олардың да  санаулы мүшелері бар. «Таблиғи жамағат»,  халифат сопылығын ұстайтындар, өздерін зікіршіміз деп атайтын топтар да жоқ емес. Бәрінің түпкі  атауы жақсы болғанымен, олар нақ сол жолда жүр ме, соны түсіну керек. Сопы жолында кезінде ірі ғұламалар болды. «Таблиғи жамағаттың» да түп-төркіні  халықты жақсылыққа, бірлікке  насиаттаған. Бірақ осыларды ұстаймыз деушілердің соған лайықты  екендігін анықтау қиын. Сондай-ақ мына адам осы ағымның «авторитеті» деу біреуді  кінәлау саналады. Алла тағала  қасиетті Құран кәрімде: «біреудің айыбын жасырсаң, Алла сенің айыбыңды жасырады» деген. Өзіміз ынтымаққа шақырып отырып біреуге сілтеме жасау қателік. Имамдардың негізгі функциясы үгіт-насихат жұмыстары болып табылады. Ол жұмысты еш уақытта тоқтатқан емеспіз.

«АҚИҚАТ КӨШЕДЕ ЕМЕС, МЕШІТТЕ»

- Батыс өңірдегі діни ахуал не себепті күрделеніп кетті деп санайсыз? Ақтөбедегі жағдайларға қандай баға бересіз?

 - Алматыда 35 мешіт бар. Онда халықтың көңілінде жүрген сауалына жауап алу мүмкіндіктері зор. Менің түсінігімше батыс өңірінде мешіт аз, білікті имамдар жоқтың қасы болды. Осындай халықтың діни қажеттілігін өтей алатын оқыған имамдардың жетіспеушілігін елдің ынтымағын жоюды көздейтіндер өз мақсатына пайдаланады. Бұған қоса интернеттің де ықпалы күшті.  Осының да әсері бар деп санаймын.

- Теріс ағымдардың одан өзге қандай келу жолдары бар деп ойлайсыз? Дәстүрлі емес дін тармақтарының Қазақстанға таралуы жайлы айтқанда  шекаралас аймақтар еске түседі. Оңтүстікте Шымкент Өзбекстанмен, батыста Кавказбен ықпалдасып жатыр. Мәселен, сіз жихадқа үндеуші Саид Бурятскийдің батысқа сапарынан  хабарыңыз бар ма?

- Бурятскийдің  Ақтөбеге келгенін тек баспасөзден білдім. Мен дінге бет бұрғысы, оны үйренгісі келетін жастарды алдымен мешітке келуге шақырамын.  Себебі теріс бағыттағы ағымның етек алуының бір ұшы дін жолына курстасының, жұмыстасының ықпалымен түсу деп ойлаймын. Бірақ олар сол дін жолындағы жора-жолдасы, танысының  қандай бағыттағы адам екендігін білмейді ғой. Көшеден үйренуден барып  адасушылық туындайды.

ЖИХАД АТЫРУҒА КЕЛЕ МЕ?

- Дегенмен де сарапшылар жихадтың Қазақстанға таралу төркінін Ресеймен байланыстырады. Оған Атыраудан ілескендер болғаны жайлы хабарыңыз бар ма?

- Атыраудағы ислам дінін ұстанғандарды талқыға салып проблема жасап, үрей тудырудың қажеті жоқ. Орталық мешітке келетін  дәстүрлі  дінімізді ұстайтын намазхандардың қатары көбеюде. Арамыздағы кейбір теріс бағыттағы адамдардың іс-әрекетінен  атыраулық жамағаттан күдіктену дұрыс емес. Бүгінде жүзден астам  шәкірттеріміз бар. Олардың ата-аналары бізге дән риза.

Менің әріптесім Азамат Майтанов IWPR сайтына берген сұхбатында бір кездері Атырау мешіттерінде ресми түрде  уағыздар айтқан Халил есімімен белгілі шымкенттік Абдухалил Абдужаббаровтың Сауд Арабиясында  интерполдан жасырынып жүргені туралы деректер айтады. Осы туралы сіз не дейсіз?

- Ол туралы көп ақпаратым жоқ. Бірақ оның Атырау өңірінде осындай жамағаттың қалыптасуына себепші болғандығын естігем. Менің ойымша, бір-бірімізді кінәламай, ортақ ынтымаққа ұмтылуымыз керек. 

«НАМАЗ ОҚЫҒАНЫ ҮШІН ЕШКІМ ДЕ ТҰТҚЫНДАЛМАЙДЫ»

- Сөйтсе де құқық қорғау органдары тарапынан болатын себепсіз қудалау әрекеттері дін жолындағы адамдардың радикалды ағымдарға бет бұруына әкеліп соғуы мүмкін емес пе? Сіз осы ойыңызды ескерту ретінде құқық қорғау органдарымен кездесуде айтасыз ба? Яғни мүміндеріңізді қорғайсыз ба?

- Бізде  ішкі істер департаментінде діни экстремизммен күрес бөлімі бар. Онда жұмыс істейтін азаматтар сөйлесу арқылы кімнің қандай бағытта жүргенін жақсы біледі. Бұл бөлімнен ешқандай зиян шегіп отырғанымыз жоқ. Керісінше олар бізден ақыл-кеңес сұрап отырады, біз де олармен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Бәлкім, ішінара  кей діни сауаты төмен қызметкерлер «экстремизмге қарсы  күрес» дегенді желеу етіп тексеруі  мүмкін. Бірақ таза қысымшылық жасап жатқанын көріп отырғанымыз жоқ. Мешітке көп намазхандар келеді, оларды апарып қамап жатқан ешкім жоқ. Тек олармен жұмыс жасауымызды өтінеді. Біздер тіпті түрмеге  экстремист деп қамалғандармен де түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

«ЭКСТРЕМИСТЕР МЕШІТКЕ БАРМАЙДЫ»

- Сонда осы діни экстремизммен күрес бөліміне өздеріңіз теріс ағымға түсіп жүр деген күдіктілерге шара қолдану үшін көмек ретінде тізім жасап ұсынасыздар ма?

- Жоқ. Біз мұсылманбыз. Мына адамнан қауіп бар деп айта алмаймыз. Қауіпті адам мешітке келмейді.  Мәселен, жасыратыны жоқ, бізде бір топтар бар, сақал қоймауы мүмкін, бірақ намаз оқиды, тек мешітке келмейді, мешітті қабылдамайды. Олардың өздерінің жиналатын орталары болуы мүмкін.  Осыған орай бізде осының бәріне  мешіт жауапты деген түсінік бар. Мешіт - тек тәрбиелеуші, келген адамға дұрыс  бағыт сілтеуші орын. Ал олардың мешітке келмеулеріне немесе мешіттен тысқарғы қадамдарына жауапты бізден күту қате. 

 

БЕЙНЕКАМЕРА – ПАЙДАЛЫ ДҮНИЕ

- Барлық мешіттерге бейнекамералар орнатылған. Жұма сайын намазға жиналатындар арасында құқық қорғау органдары қыметкерлері отырады. Олар бастарын сәждеге тигізіп намаз оқымайды, тек бақылау жасайды. Алла үйінде күмән мен күдікке орын бар ма?

- Мешітке келген адамды қуып шығуға хақым жоқ. Бейнекамералар өзіміз үшін керек дүние, оны өзім қойдырттым. Өйткені, мешітке келіп аяқ киім ұралайтындар бар. Өткенде бір мешітте машина кілті ұрланды. Оны сол бейнекамералар көмегімен тауып алдық. Оның  бізге  пайдасы тиіп тұр.

МӘЗһАБТАРДЫҢ АРА ҚАТЫНАСЫ

- Намазға жиналғандар арасында кейде ханафиден өзге мәзһаб өкілдері келгенде олар әминді дауыстап айтады. Сонда оған дәстүрлі мәзһабты ұстанатындар «сен неге олай істейсің?» деп дүрсе қоя беріп жатады. Алла үйінде бұл әрекет дұрыс па? Себебі қай мәзһабты ұстамасын, олар осында ортақ жаратушы - ұлы Аллаға тағзым етуге келді, көкірегінде оның да иманы бар.

- Алла тағала қасиетті Құран кәрімде «бүлік шығару - кісі өлтіруден ауыр күнә» - деді. Біз бұл жерде бір ғана «әмин» сөзі  деп ойлағанымызбен, осы жалғыз ауыз сөз арқылы жамағат арасында бүлік пайда болды, бір-біріне деген қарама-қайшы пікір қалыптасты. Бұл сол сөзді дауыстап айтушы адамның қателігі.

Құран кәрімде дұғаны іштей жалбарынып айтыңдар делінген. Ал бұл ретте имамның әлгі адамға қатаң ескерту айтуға әбден хақы бар. Өйткені, имамдар мешітке келушілерге таза орын ұсынып, сұрақтарына жауап беріп, қызмет көрсетіп отыр.  Ендеше олар да имамдарға қарсы келмей, құлақ асуы тиіс. Бір мысал айтайын. Әбу-ханифа мәзһхабын ұстайтын елдің ғұламасы Шафи еліне барды. Намаз уақытында сол ғалымның құрметіне намазда айтылатын қаматты ханафи мәзһабы бойынша айту бұйырылды. Кейін сол ғұламаға Шафи елінде имам болуды ұсынған еді. Әлгі  ғұлама өзі Әбу-ханифа мәзһхабын ұстанса да, Шафи елінің ғұрпымен намазды  өтеді.  Бұл ғұламалардың арасындағы мұсылмандарды бірлікке шақыратын нағыз үлгі.

- Дінге бет бұрған жастар арасында қандай уағыз жұмыстар жүргізіледі?

- Бір  жылда біз жүзге жақын мектептерде оқушыларымен кездесу өткіздік. Жақын арада аудандарды аралап қайттық. Барлық аудан мешіттеріне  жоғары діни сауаты бар имамадар тағайындауға тырысып жатырмыз. Құрманғазы ауданында «Нұр-Мүбәрак» университетін тауысқан аса білімді маман жұмыс істейді. Қызылқоға ауданындағы мешіттің бос тұрғанына алаңдаушылық болып еді. Қазір Ливияда оқып келген білікті маман сонда қызмет етіп жатыр.

САУДА ЖАСАУ - КҮНӘ ЕМЕС

- Дінге бет бұрмағандардың мешітті жай тамашалауға келуіне бола ма?

- Мешіт - Алланың үйі. Оған  келген адамды бөліп-жармаймыз. Біздің міндетіміз келген әрбір адамға дұрыс насихат айту.

- Мұсылмандарға алкогольдік ішімдіктер ішуге бола ма? Кейбір жеңіл есірткілерді пайдаланса ше? Күнә болып саналмай ма?

- Адамды азғыратын нәрселердің бәрі харам болып есептеледі. Құранда айтылғандай, оның азы да, көбі де  харам. Жеңілін  немесе ауырын аз іше ме, көп іше ме - харам.

- Мешіттің маңындағы шағын дүкенде түрлі діни белгілер сатылып жатады. Жұрттың оны сатып алып машинаға, үйлеріне іліп қоюлары дұрыс па?

- Орталық мешіт жанындағы дүкен сұраныс болғандықтан ашылды. Онда Қазақстанның Діни басқармасы мақұлдаған кітаптар мен қатар түрлі діни заттар сатылуда. Оларды машинасына, үйіне жақсы иіс шығару үшін немесе Алланы еске алу үшін іліп қойса - жақсы. Ал «осы зат мені қорғайды» деген түсінікпен ілінсе бұл Аллаға серік қосу саналады. Егер елдің сұранысы өтелмейтін болса теріс бағыттағы кітаптардың таралуы мүмкін.

- Соңғы кезде түрлі машиналарға байланып жүрген қызыл шүберектің де дінге қатысы бар ма? Жол полициясы маңындағы айыппұл аялдамасында тұрған жол апатынан кейінгі көліктердің бәріне қызыл шүберек байланған...

- Қызыл шүберектің ислам дініне ешқандай қатысы жоқ.

ТАҒЫ ЖЕТІ МЕШІТ САЛЫНАДЫ

- Мен Түркияда болғанымда әр шағын ауданда мешіт бар екенін байқадым. Бес уақыт намаз кезінде дауыс күшейткіштерден біресе ана, біресе мына мешіттегі имамдардың даусы естіліп тұрды. Атырауда басқа мешіттер салу қарастырылып отыр ма?

- Қазір орталық мешітті 500 адам сыйатындай етіп кеңейту үстіндеміз. Тамыз айының соңында ашылады деп отырмыз. Бұдан бөлек Балықшыда, Дамбыда  мешіт құрылыстары басталып жатыр. Алдағы уақытта Привоказальныйда, Ракуште  мешіт салу жоспарланып отыр. Яғни 3-4 жыл көлемінде  Атырау аймағында тағы 7-8 мешіт бой көтереді деп айта аламыз. Жер тегістелуде.

- Өлген адамға құран аударту, жаназа шығарту үшін міндетті түрде төлем төлеу керек пе? Ал егер қажет болса  оның  мөлшері қанша болуы тиіс?

- «Жаназа мен құран аударуға төленетін төлем» деген сөз мүлде жоқ. Құран аяттары ақымен өлшенбейді. Құранды оқыған адам ақы алу үшін емес, Алланың ризашылығы үшін оқиды. Бірде бір адам немесе имам ақы сұрамайды және оған қақысы да жоқ. Әйтсе де, имамдардың  алатын тұрақты жалақысы болмағандықтан олар материалдық жәрдемге мұқтаж. Сондықтан адамдардың марқұмның рухы үшін беретін садақаларынан бас тартпайды. 

- Әр жұма намаздан соң мешіттен шыққан намазхандар жолдың кез-келген жерлерінен өтіп, апатты жағдайлар туғызады. Көліктерін де бей-берекет қояды. Ескертулерге ренішті жауаптар береді.  Бұл жайттан хабарыңыз бар ма? Оны қалай шешпексіз?

- Мешіттер көбейген соң бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Ал бір адам өзін сабырсыз ұстады деп барша жамағатты қаралай алмаймыз.

- Мүфти азық-түлікті  ораза уақытысында 10 пайызға түсірейік деді. Сіз де бұл туралы ұсыныс енгіздіңіз бе?

 - Менің тарапымнан да ұсыныс жасалды, оны қолдағандар бар. Көліктерге де бағаны жеңілдетуді айттық. Ол Рамазан айының келгендігін, оның берекетін сезіндіреді. Бірақ ешкімді мәжбүрлеп, міндеттеп жатқан жоқпыз, оны әр кәсіпкер өзі шешеді. Мұсылман елінде бұл кең қолданылатын дәстүр. Ол жақсы әсер қалдырады.

- Христиандар күнәларынан арылу үшін ішіндегілерін ақтарып тәубаға келеді. Ал мұсылмандар не істеуі керек? 

- Құран Кәрімде “Нәсух” тәубәсі деген бар. Алла-тағала тәубә қылған адамның күнәсін кешіреді. Ол үшін адам үш негізгі  ережені сақтауы керек: күнә жасауды тоқтату, істеген ісі үшін шын жүректен қайғыру, алдағы уақытта оны қайталамау. Ол сөзінде тұрса Алла-тағала әлбетте күнәларын кешіреді. Оған күмәніңіз болмасын дейді.

- Исламды танығысы келген орыс тілділерге мешіт тарапынан көмек бар ма? 

-  Әрине көмек бере аламыз. Оның үстіне толықтай орыс тілді www.meshet.kz және www.muftyat.kz.сайттары арқылы да сауалдарына жауап алуға болады.

- Құранды және оның сүрелерін түсініксіз араб тілінде оқығанша, қазақша немесе орысша оқуға болмай ма?  «О, Алла, жәрдемдесе гөр» деген сөздің  арабша немесе орысша айтылуында тұрған не бар? Әлде, Алла тек арабша ғана түсіне ме? 

- Оқитын адам дұға мен Құранды  Алланың ризашылығы үшін арабша оқуы тиіс. Ал Жаратушы иеден сұрайтын тілегін адам өзі сөйлейтін тілінде айта беруіне болады.

«БІР ҰЛТ - БІР ДІН»

- 1992 жылғы «Діни сенім, ар-ождан бостандығы туралы» заңымызға неліктен мемлекетіміздің, ұлтымыздың мүддесі үшін өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, секталарға өте қатаң талаптар жасалмайды?

- Бұл Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін өмірдің өзі күн өткен сайын дәлелдеп отыр. Өйткені ол бүгінгі күні сырттан келген сан түрлі секталар мен алауыз ағымдардың соққысына төтеп бере алмай келеді. Жуырда бұл Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі деген сенімдеміз.    

- Елімізде «Бір ұлт – бір дін» атауымен қолға алынбақ болып жатқан бастаманы дұрыс деп ойлайсыз ба? Жақында ресейлік каналдарда «Православие дінін модернизациялау керек пе, керек емес пе?» деген тақырыптың талқыланып жатқанын көрген едім. Бұған дауыс бергендер қарсы болыпты. Егер біз дінімізді бір қалыпқа салсақ болашағымыз не болмақ?

- Елімізде «Бір ұлт - бір дін» атауымен қолға алынбақ болып жатқан бастаманы біз: «әр ұлт өзінің ата-бабасы ұстанып келе жатқан дінін ұстануы тиіс, яғни қазақтар Ислам дінін ұстанған, қазақтарға басқа діннің қажеті жоқ. Мұсылмандардың діні - Ислам. Сонымен қатар елімізде ауызбіршілік пен ынтымақтықты қамтамасыз ету үшін бір мәзһабты ұстану», - деп түсінеміз. Ислам алғашқы күннен-ақ бастап қалыптасқан дін. Оның қалпы белгілі - Құран және сүннет. Алланың хақ дінін ешкім қалыптастыра алмайды және ешкімнің ондай хақысы жоқ.

- Ата заңымызға сәйкес бізде дін мемлекеттен бөлінген. Дегенмен, өзге елдердегі секілді дінбасыларға, жергілікті имамдарға мемлекет тарапынан неліктен тұрақты жалақы тағайындалмайды? Отбасын асырау үшін шарасыз болып отырған бұл адамдар қалай дініміздің қорғаны бола алады?

- Сіз көтеріп отырған сұрақтың маңызы өте зор. Имамдардың жалақы мәселесі шешілмесе ол адам өзін толығыменен дінді насихаттауға арнай алмайды. Қалалық, аудандық деңгейдегі мешіттер жалақы беруі мүмкін, бірақ шалғайдағы мешіт имамдарының жағдайы өте ауыр. Ол бала-шағасын асырай ма, әлде  дінді насихаттай ма? Жаңадан білім алып келіп жатқан имамдар баспана мен жалақы мәселесі шешілмегендіктен ауылдарға бармайды. Осы секілді түйіндерді шешу үшін Бас Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі былтырғы құрылтайда «Қазақстан мұсылмандарының Зекет қорын» ашуды мақсат етіп отырғанын жеткізген болатын. Бүгінгі таңда осы «Зекет» қоры тіркелді. Мұсылмандар өзінің бесінші парызын орындап, осы қорға жылдық табысының жүзден екі жарым бөлігін (2,5%) беретін болса, көптеген қаржылық проблемалар шешілер еді деп ойлаймын. Сол қаржыдан шалғай ауылдардағы имамдарға айлық береміз. Дініміздің уағыз-насихатын күшейтеміз.

- Жастарымыздың адаспай ханафи мәзһабын ұстануы үшін облыстық телеарнадан неліктен 1-2 сағаттық діни бағыттағы тарихи-танымдық бағдарлама ұйымдастырмайсыздар?

- Естеріңізде болса, «Қазақстан-Атырау» телеарнасында «Кәусәр» атты діни танымдық бағдарлама болған. Алайда белгісіз себептермен діни бағдарламалар уақытша тоқтатылған болатын. Біздің тарапымыздан бірнеше рет ауызша, жазбаша түрде хат жолданды. Нәтиже жоқ.

ОРАЗА ТУРАЛЫ

- Былтырғы оразам қаза болып, қаза болған күндерімді денсаулығыма, тағы да басқа себептерге байланысты өтей алмаған едім. Биылғы оразамды ұстап болған соң ғана, бұрынғы оразамды өтеуім керек пе?

- Парыз ораза негізінен уақытылы өтелуі керек. Алайда ол үзірлі себептермен қаза болуы мүмкін. Шариғатымызда қаза оразаны орындау үшін арнайы уақыт белгіленбеген. Дегенмен оны барынша ерте өтеген дұрыс. Себебі «ажал айтып келмейді» және адам қаза оразасы өтелмей тұрып қайтыс болса, о дүниеде одан сұралады. Биылғы оразаңызды ұстап болған соң, кейін қаза оразаңызды өтейсіз. Қазасын өтерде «Аллаһ разылығы үшін уақытында тұта алмаған мүбарак Рамазан айының қаза болған оразасын өтеуге ниет еттім» деп ниет етеді.

- Жолаушылап шығып, оразамды ұстауға мүміндік болмаса не істеу керек? Әлде сапардан қаза болған оразамды үзбей өтегенім дұрыс па?

- Дінімізде жолаушыларға ораза ұстау парыз емес. Қасиетті Құранда: «Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» деген (Бақара, 185). Ол жағдайда тұта алмаған оразаны қазасын кейін өтейді. Ал сапары барысында бірер күн бір аймақта тұрақтайтын болса, сол күндерде ораза ұстаған жөн. Егер ұшқыштың ұшақтағы адамдардың өміріне жауаптылығы тұрғысынан алғанда, ораза ұстау ұшақ басқаруға кедергі келтірсе, ондай жағдайда ораза ұстауға болмайды (харам).

- Қасиетті Құранда: «ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің фидиясын берсін...», - делінген. «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндерге» кімдер жатады және «бір міскіннің фидиясы» деген бізде қандай өлшем?

-Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға беру - уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күн үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру жеткілікті. Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Аллаһтан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмайтын жүкті бермейді». (Бақара сүресі, 186 аят).

ӘЙЕЛДЕРМЕН ҚАЛАЙ АМАНДАСҚАН ЖӨН?

-Ислам дінінде туыстық жақындығы жоқ ер мен әйелдің қол алысып амандасуына не себептен тыйым салады?

- Сәлемдесудің ең жақсысы «сәлем» деген сөзбен амандасу. Өйткені «Сәлем» Аллаһтың тоқсан тоғыз есімінің бірі. Ханафилер бойынша, сәлем беру - сүннет, ал біреудің сәлемін алу - уәжіпке жатады. Құрандағы: «Сендерге сәлем бергенде одан да жақсы сөзбен не болмаса дәл солай жауап беріңдер» - деген. (Ниса сүресі,86 аят). Біздің мәзһабымыз бойынша Әбу Ханифа мен оның шәкірттері әйелдердің бірінші болып ерлерге сәлем беруін дұрыс көрмеген.

Ханафи ғалымдары ер мен әйелдің амандасуы туралы кейбір сақтық жағдайларды айтып өткен. Жас қыздар мен әйелдерге бәрі бір жерде жиналып тұрған кезде сәлем беруге болады. Танымайтын бөтен әйелге сәлем берудің қажеті жоқ. Бұл күндері ресми орындарда бір-бірлеріне сәлем берулеріне болады, өйткені ол ел-жұртқа ашық жерлер. Конференция, дәріс секілді себептермен жиналған әйелдерге жалпы сәлем беру. Ал оңашаланған жерлерде кездескен жалғыз әйелге және сол жердегі әйелдерге сәлем бермеу. Ерлер мен әйелдер өз араларында амандасып, одан кейін қол алысулары сүннет екендігінде ауызбірлік бар. Бірақ ерлер өз араларында, ал әйелдер өз араларында қол алысуы керек. Жас әйелдермен қол алысуға болмайды, өйткені шайтан екеуіне жаман ой салуы мүмкін. Пайғамбар (с.а.с) «Мен әйелдермен қол алыспаймын» - деген. (Нәсәи, Ибн Мәжә, Малик.).

-Ислам діні суррогат анаға  қалай қарайды?

- Ислам діні суррогат анаға тыйым салады. Бірақ ер мен әйел ерлі-зайыпты болса және табиғи жолмен бала көтеру мүмкіншілігі болмай жатса, онда табиғи емес жолмен (эко арқылы) ұрықты қондыруға болады. Ал бөтен әйелге ұрықты қондыру харам.

- Жүніп күйде намаз оқуға болмайды дейді. Ал адам жүніп болмай тұрмайды ғой. Бірақ менің үйімде ғұсыл алатын орын (ванна немесе монша) жоқ. Және мұндай жағдай түнде орын алатыны белгілі. Осындай жағдайда ғұсылдың (толық шомылу) орнына жәй дәрет алуға бола ма?

-Аллаһ Тағала бізге қиындықты қаламайды. Өйткені ислам діні жеңіл дін. Әбу һурайрадан (р.а) Пайғамбар (с.а.с) «Ақиқатында, дін жеңіл, бірақ кім дінді қиындатса, дін оны жеңеді» - деген. Яғни Аллаһ Тағала іс-амалдар мен әрекетерімізді оңайлатқан. Ал Аллаһ талап ететін міндет – парыздардың түк қиындығы жоқ. Сол себептен үйімде ғұсыл алатын орын жоқ деуде қисынсыз сұрақ болады. Пайғамбар (с.а.с) кезінде де ғұсыл алатын орын болмаған, Аллаһтың елшісі (с.а.с) «ғұсылды ағаш табақшаға алатын еді» - деген. Сол себептен қазіргі дамыған заманда әр түрлі (табақша, шылабшын) бар, осындай нәрселермен қолданса болады. 

- Өз-өзін қанағаттандыру (мастурбация) ауыр күнәға жата ма? Оральды секспен айналысуға шариғат қалай қарайды? Күнә саналмай ма?

- Ғалымдар Құран Кәрімдегі: «Олар ұятты жерлерін сақтайды!» («Мүминун» сүресі, 5-аят) негізге алып,  мастурбацияның харам екендігін айтады. Ал мастурбациядан арылудың төте жолы - жасы келгенде үйлену. Пайғамбар (с.а.с) «уа жастар! Араларыңызда үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену көзді жаманан тыйады». Өз-өзін қанағаттандыру әдетке айналса, үлкен күнәға жолығады. Оральды сексті шариғат бойынша көпшілік ғалымдар құптамаған. Аллаһ Тағала бізге көптеген нығымет берген, соның бірі - тіл. Аллаһ тағала тілді жақсы сөз айту үшін және Аллаһты ұлықтау үшін берген. Айша (р.а) «мен еш қашан Пайғамбардың (с.а.с) ұятты жерін көрген емеспін». - деген.

- Исламда көп әйел алуға рұқсат етілген бе? Олай болса неге оны заңдастырмайды?

- Егер мұсылман барлығына  барлық жағдайда бірдей әділетті бола алса (баспанамен, киім, азық-түлікпен қамтамасыз етуде) шариғат заңдарына орай төрт әйел алуына болады. Алайда көп әйел алушылықтың міндетті емес екендігін де ескергеніміз абзал.

Бірнеше жыл бұрын бұл мәселе парламентте көтерілгені есімде. Сол кездегі әділет министрі (З.Балиева ханым тәрізді) оны талқыға салудан бас тартқан болатын.

«ШАЙТАНДЫ АШТЫҚПЕН ӘЛСІРЕТІҢДЕР!»

-Шайтандар қайда мекен етеді және олардың зияны тимеуі үшін не істеуіміз керек?

- Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Шайтан біздің қан тамырларымызбен жүреді. Оны аштықпен әлсіретіңдер!»,-дейді. Адам дұрыс, тура жолға бастаса, әрдайым шайтан оған бөгет болады. Онымен күрес жүргізудің бірден-бір жолы - ораза ұстау.

-Жұмыскердегі денесін жын жайлаған жігіт туралы жазған журналиске сіз оны оқып кетіретін бір адам барлығын айтқан едіңіз? Ол қандай аят және оны оқитын адам кім?

- Адамға жын тигенде оны қайта шығуы дертке шалдыққан адамның өзіне байланысты. Бір Аллаға сиынып, жын-шайттаның азғыруынан пана сұрау қажет.

Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: Аятүл Күрсиді таңертең оқыған адам кешке дейін жын-шайттаның азғыруынан аман болады. Кешке оқыған таңға дейін Алланың қорғауында болады. Ал Жұмыскердегі жігіт қазіргі таңда қалыпты жағдайға келген. Жанармай құю бекетінде өз жұмысын жасап жүр.

АРАҚ ІШСЕ ДЕ ЖАНАЗА ОҚЫЛАДЫ

- Арақ ішіп өлген адамға жаназа шығарыла ма?

- Арақ ішіп өлген адам мұсылман болса оған мұсылман үкімі беріледі және жаназасы оқылады.

- Осыдан біраз жылдар бұрын қозы-қойлардың үстінен арабша Аллаһ деп жазылған жазулар шықты. Сол сияқты жазулар түрлі тамақтардан да шығуы мүмкін ғой. Сонда оларды жеуге бола ма?

- «Аллаһ» сөзі жазылған ас немесе қазыны жеуге тиым салынған деп шариғатымызда көрсетпеген. Ондай белгілерге куә болғанда «Әманту биллаһи уа расулиһи» (Аллаға және оның Пайғамбарына иман еттім) деу керек. Ал ондай белгісі бар асты жеу харам болып есептелмейді. Қой да сол сияқты.

ТҮСІҢІЗГЕ ПАЙҒАМБАР ЕНСІН

- Түнде көрген түсіміз көңілді күпті қылса, не істеу керек?

- Пайғамбар (с.а.с) түсті үшке бөлген 1.Рахмани түс. 2.Нәфсани түс. 3.Шайтани түс.

Рахмани түс. Мәселен, егер түсінде Пайғабармызды (с.а.с) көрсе, онда ол хақ түс, себебі Пайғамбар (с.а.с) «мені түсінде көрген өңінде көргенімен тең. Өйткені шайтан менің кейпіме ене алмайды», - деген. Құран Кәрім оқып жүрсе, мешітте жүрсе, намаз оқып жүрсе т.б. шариғатқа байланысты болса бұны Рахмани түс деген.

Нәфсәни түске күндізгі іс әрекеттерің: жұмыс жасау, бала сүю, тамақ жеу, біреулермен кездесуің т.б. жатады.

Шайтани түс:  арақ ішу, қыз көру, зина жасау, ұрлау, Аллаға ортақ қосуға, адамдарды шақыр деп шайтан түсіне енуі және т.б. күнәлі іске итермелейтіндерді шайтани түс дейді.

Пайғамбар (с.а.с) «егер жаман түс көрсең, көрген түсін ешкімге айтпасын». - деген.

ҚАЗАДА ДА ТУРА ТОЙДАҒЫДАЙ

-Сәлеметсіз бе! Неге атыраулық садақаларда дастархан тойға арналғандай жайылады? Неге тек Атырауда ғана марқұмның  туыстары оны еске алып, жоқтаудың орнына жиналғандарды тойдыру үшін базарға шабылады? Мүрдені үйден алып кеткенше тамақ әзірлеуге де, тамақтандыруға да болмайды ғой. Осы жайлы өз пікірімді айтқым келеді. Әрбір имам садақа үстінде дастарханға колбасаны, кәмпиттерді, түрлі салаттар мен жеміс-жидекті қоюдың қажет еместігін айтуы керек. Қуырдақ, бауырсақ, қаймақ, қант, шәй және әрине бешбармақ болса жетеді. Осы ғұрып менің үнемі зығырданымды қайнатататын, не жыларыңды, не қалың топқа ұсынатын тамақтар алуға қажет ақша іздеріңді білмейсің. Осыны барлық атыраулық имамдарға ескертіп айтсаңыз. Рахмет! Мені дұрыс түсінетініңізге сенімдімін.

- Өкінішке орай, бұндай жағдайды тек Атырауда ғана емес, өзге өңірлерден де кездестіруге болады. Мен сізбен келісемін, иә, әр имам дастарханға колбаса, кәмпиттерді, т.б. қоюдың қажет еместігін айтуы тиіс. Алайда осында шаралар үстіндегі имамның басты міндеті Алланың сөзін көпке жеткізу. Егер Алла сөзін әр көкірекке құя алсақ бәрі өз орынына келеді. Бірақ оған әлі де  еңбек, табандылық пен уақыт қажет.

- Намазға жығылғалы той-топыр мен қонақтықтарға барғым келмейтін болды. Өйткені ол жерде көп жағдайда арақ-шараптар тұрады. Ал ағайындарым мен достарым «бізді менсінбейсің» деп ренжиді. Қандай ақыл-кеңес бересіздер? Пайғамбарымыз (с.а.с) туыстық қарым-қатынастарды үзу де күнә деген ғой.

- Сіз мүмкіншілігіңіз болғанша шариғат шеңберінен шықпауыңыз керек. Бұл жағдайда бір күн бұрын немесе бір күн кейін барып құттықтау жолдарын қарастырып көріңіз. Бірақ оның себебін дұрыстап түсіндіруіңіз керек.

СЕНІ АЗАН ШАҚЫРҒАН АТЫҢМЕН ШАҚЫРАДЫ

- Ислам дінін қабылдаған орыс ұлтының ұл-қыздары өз есімдерін Абдулла немесе Амина деп өзгертіп жатады. Ислам белгілі бір ұлтқа емес, адамзат баласына келген дін емес пе? Ендеше олардың азан шақырып қойған есімдерін өзгертулері міндетті ме?

- Пайғамбар (с.а.с) жаман мағына білдіретін есімдерді ұнатпаған, ондай есімдерді жақсы есіммен ауыстырып отырған. Айша анамыз (р.а): «Пайғамбар (с.а.с) жаман есімдерді өзгертетін» - деген. (Термези). Пайғамбар (с.а.с) Омардың Ғаасиия («қарсы шығушы») атты қызының есімін Жәмила («Әдемі») деп өзгерткен. Ал жағымды мағына беретін есімдерді сол күйінде қалдырған.

Ал, мен намаз оқыдым, дінге бет бұрдым, сондықтан да есімім де таза мұсылманша болу керек дейтін азаматтардың мұндай пікірі жаңсақ түсініктен шыққан. Неге десеңіз, бұрын ислам келместен бұрын кейбір сахабалардың есімдері, ислам келгенен кейін де дәл сол күйінде қалған. Хадистен аңғарғанымыздай, Қиямет күні әрбір адам өзінің алғашқы қойылған есімімен шақырылады.

- Халықтан түскен садақа қалай бөлінеді? Мешіт атаулы  немесе басқа материалдық көмектер көрсете ме?

- Халықтан түсетін садақаның арқасында мешіттер шығыны төленіп жатқанын бірі білсе бірі білмейді. Солай болса да мешіт еліміздің түкпір-түкпірінде діни білім алып жатқан студенттерге ақшалай көмек беріп отырады. «Алмагүл-2» ықшам ауданында ата-анасынан айырылған балаларға тұрақты көмек көрсетілді. Құрбан айтта «Ізгілік» қайырымдылық қоры жіберген 300 отбасыға ет таратылды. «Ақбота» балалар үйіне, Қарттар үйіне киім-кешектер берілді.

- Жауаптарыңыз үшін рахмет!

Сәния ТОЙКЕН

4 тамыз 2011, 21:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.