ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы 11 қазанда оқырмандар мен «Синхро» романының авторы Сабыр ҚАЙЫРХАНОВТЫҢ кездесу шарасын ұйымдастырды. Бір таңғаларлығы, бұл кездесу ресейлік ядрошы-физиктердің бастамасымен мүмкін болды.
Академиялық кітапхананың бас директоры Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА өз мекемесін Қазақстан астанасының зияткерлік және мәдени күштерінің бас қосатын орталығына айналдыруы үшін тыным таппай еңбектеніп келеді. «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы Қайырхановтың кітабын оқуды оған Гумилев атындағы университеттің этникалық және діни тағаттылық бойынша ЮНЕСКО кафедрасының басшысы, белгілі журналист, әр жылдары ҚР президентінің баспасөз қызметін, ҚР Мемтелерадиосын, «ҚазАқпарат» агенттігін, «Мир» мемлекетаралық телекомпаниясын, ҚР Мемкиносын және т.б. басқарған Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ ұсыныпты.
- Ұсынғанда қалайда оқуымды сұрады,- деді Үмітхан Дәуренбекқызы кездесуде. – Мен еш өкінген жоқпын: кітап өте қызықты екен. Осы жерге жиналғандардың көпшілігі оқып үлгерген сияқты, сондықтан да өз пікірлерімен бөлісіп, өздерін қызықтырған сұрақтар болса, авторға қоятын болар. Біз кітапты өзімізге тіркеп қойдық және автордың баспагер мен сатушы алдындағы міндеттемелері мерзімі өткен соң романды кітапханамыздың сайтында жариялауға рұқсатын береді деп күтіп отырмыз.
Әрине, Ғаділбек Шалахметов біреуге кеңес берер алдында кітапты өзі оқып шыққан. Ал кітаптың қолына қалай тигені де бөлек бір оқиға. Үлкен журналистік өмір жолы бола тұрса да, Шалахметов Сабыр Қайырхановпен бұрын таныс емес екен. «Синхроны» оқуға оған көп жылдар бойы ҚР ядролық физика институтын басқарған, қазір Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығын басқаратын белгілі физик Қайрат ҚАДЫРЖАНОВ беріпті.
- Бұл адам полигонды бес саусағындай біледі. Бір қызығы, оған да «Синхро» туралы ядролық орталық қызметкерлері, кезіндегі кеңестік ядро астанасы Дубнадан шыққан ядрошы ғалымдар айтыпты. Бірде әңгіме барысында олар Қадыржановты біраз қағытып алыпты: «Қазақтар, бері қараңдар, мында жерлестеріңіз Семей полигоны туралы, біздер өзара әңгімелеп жүретін оның айналасындағы тылсым да ғажайып құбылыстар жөнінде ерекше көркем әдеби кітап жазыпты. Бұл кітап туралы білесіздер ме?!». «Полигон иелерінің» өздерінен осындай әңгіме естігеннен кейін, мен, әрине, оны бір түнде оқып шықтым. Бір жағынан кітап өте жинақы, жеңіл оқылады, сюжеті бойыңды билеп, оқиғалар соңына дейін шиеленісіп жатыр. Бұл қарапайым кітап емес дер едім сіздерге. Мен бұны көгімізде жанған тағы бір жұлдыз деп есептеймін. Мұнда өмір мен өлімнің өте күрделі мәселелері көтеріледі және бұл мәселелерге деген автордың көзқарасы өте ерекше, сондықтан да бұл адамға оқиға сюжетінен де артық әсер етеді. Бір қызығы, полигон мамандарының, физик ғалымдардың қызығушылығын ядролық жарылыстардың шынайы сипатталуы ғана емес, физикадан метафизикаға (шынайы өмірден тылсым әлемге) ауысудағы автордың шеберлігі оятқан. Бұл жерде көптеген құпиялар бар, ғалымдардан магнит алаңдарының тылсым қасиеттері туралы көп әңгімелер еститінмін, мәселен, өзімнің техникалық білімім бола тұрса да, шынайы өмір мен рухани әлемдер туралы көп ойланамын...
Бұл жарты жылда жазылған кітап дегенді автордың аузынан естігенде қатты таңғалдым: үш айы сюжетті құрып, материалдармен танысуға кетсе, үш ай романды жазуға кеткен. Міне, кітап жарыққа шықты. Қайдан дейсіздер ме? Алыс Атырауда. Романды жазу туралы ой қайдан шыққанын автордың өзі айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап беретін шығар.
- Мен Атырауда ұзақ уақыттан бері тұрамын және жұмыс жасаймын. Алайда, Семей облысы Аягөз ауданында, яғни, жарылыстар жасалған Абай ауданының қасында дүниеге келдім, ер жеттім, - дейді Сабыр Қайырханов. – Бала күнімде мен жазғы каникул кезінде сол жақта тұратын туысқандарыма барып, балалармен ойнап, өзімді бақытты сезінетінмін. Шынын айту керек, біз, әсіресе, сол жердегі туыстарым радиация әсерінен ауыр зардаптар шекті, жақындарынан айырылды. Сондықтан да мен өз кітабымда полигон құрбандарының жантүршігерлік қасіреттері мен ауыр сырқаттар азаптарын жаза алмаған болармын. Бұл - адам төзгісіз жайт. Кеңгірбай ауылы да ойдан шығарылған.
Белгісіз шеңбер ішінде бір адамның жағдайы дәл сол күйінде келесі адамда қайталанатын «синхро» деп аталатын ғажайып алаң туралы еміс-еміс ойлар студенттік жылдарда басыма келген, алайда кейін ұмытылып қалды. Ол туралы өткен күзде, неге екені есімде жоқ, Семей полигоны туралы көбірек білгім келген кезде есіме түсті. Содан бері осы тақырыпқа дендей кіріп, полигон туралы ғылыми жұмыстарды зерделеуге кірістім. Бұл жер – жарылыстардан бастап, жоғары температура табы, генетикалық ауытқушылықтарға дейін шешімі табылмаған тылсым дүниелер мекені. Синхро идеясы осы жантүршігерлік ауанмен шебер астасып кетті. Ал, ғылым мен шындыққа деген сыйластығым осы синхроның қалай жұмыс жасайтындығы жөнінде шындыққа жеткізе түсінік беруді ойлауға мәжбүрледі. Бұл жерде, әрине, сана мен шынайы өмірдің, жан мен тәннің, өмір мен өлімнің табиғатына байланысты мәселелер көтерілді. Осы абстрактілі ұғымдар туралы «даналық» сөздермен жеткізу ғана емес, осылардың барлығы синхро аясына тап болған нақты адамдар мысалында қалай жұмыс жасайтынын көрсету керек болды. Бұл жерде шиеленіскен сәтте жанның денеден шығып, жер кезуін, сол сияқты басқа да тылсым нәрселерді табиғи құбылыс деп қабылдайтын адам психикасының ерекше жағдайына әкелетін ақылдың ерекше табандылығы керек болды. Мұның «ұтар жері» қайсы? Менің ойымша, басынан аяғына дейін романның кейіпкерлері өздеріне қатысты болып жатқан дүниелердің қайсысы ақиқат, қайсысы жалған екенін түсінуге тырысады.
Назар аударсаңыздар, Бүркіттің де, Үкітайдың да, полковник Приемышевтің де мінез-құлықтарына қарасақ, бос қиялға, таңғажайып елеске сене бермейтін адамдар. «Синхроны» алғашқылардың бірі болып оқыған жазушы Юрий Серебрянский мен кинотанушы және философ Олег Борецкийдің бұл кітапты неге реализмге жатқызғанын түсінемін. Біріншісі мұны метафизикалық реализм бағытына жатқызса, екіншісі сиқырлы реализмге балайды. Осыдан екі апта бұрын Алматыдағы Борецкийдің киноклубында өткен презентацияда Юрий «Синхроны» метафизикалық реализмге жатқызған дұрыс деп атап өтті. Ол сиқырлы реализм ертегіге алып барса, метафизика философиялық бастауға әкелетінін ескерген сияқты.
...«Синхро» кітабы жазда «Меломан» дүкендерінде (Алматы, Астана, Семей) сатылымға шығарылғаннан кейін оқырмандардың бірі «17 жасар жас жазушы пайда болып, керемет туынды жазыпты-мыс» деген жаңалықты достарымен бөліседі. Сөзінің жаны бар деп айтар едім. Мен бұл романды өзім үшін жаздым. Сонау 17 жастағы, қиял-ғажайып жанрдағы кітаптарды сүйсіне оқып, ауыл кітапханасынан кітап ұрлаған бозбала үшін жаздым. Өмірімнің бел ортасынан асқанда санамыздың табиғаты туралы ойлай бастадым, алайда философия мен когнитивтік ғылымдардың осы басты мәселесі туралы 17 жасымда ойлана бастасам, қазір қайда болар едім? Қазіргі жастардың біреуі жақсы кітаптарды, соның ішінде, осы шағын «Синхро» романын оқып, өмірдің фундаменталды құпияларына ден қойып, 20-30 жылдан кейін әлемнің атақты ойшылы болып шығар деген жасырын үмітім де жоқ емес.
...Кітапты басынан аяғына дейін тап осылай тәптіштеп оқымағаныма көп болды, соңғы рет мектеп қабырғасында әдебиетті осылай «кемірген» болармын. Сюжетте берілген шынайы өмір бейнелеріне кенеттен, асқан шеберлікпен, табиғи жалғасы тәрізді тылсым әлем дүниелері қосылғанда, оқиға қызығына қалай кіріп кеткеніңді байқай алмай қаласың. Кітаптың бұл қасиеті көптеген оқырмандарға қатты әсер етіп, авторды әдеби шектеулерден ада, өзінің терең зерттеулері мен фундаменталды ғылым жетістіктерін бұрын әдебиетте табу болған таза қазақи, нақтылап айтсақ, халықтың тәңіршілдік тұрғыдағы сенім-нанымдарымен батыл араластыра отырып ұсынған жас адам екен деп ойлауға мәжбүрлейді. Бұл әсер мені кітапты аяқтағанша тастаған жоқ – мен халқымның өте тереңге сақтаған, сонысымен ұмытыла бастағандай болған Білімін кері ашқандай болдым. Бұл сезім көпшілігіміз білмейтін, бірақ қан (ген) арқылы міндетті түрде сезінетін қуат көзіне қол тигізгендей әсер етеді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА