«Теңізшевройл» өзінің қазақстандық қызметкерлерінің балалары үшін инновациялық мектеп салды, ал ол үшін оқу бағдарламасын Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры (ННБҚ) әзірледі. Мектеп 8 қазанда ресми түрде ашылды. Жобаның құны жария етілмейді.
Журналистер таяуда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумы кезінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қысқа да мазмұнды бағдарламасынан Нұрсаядағы жаңа балабақшаға бару туралы тармақты көріп, таң қалды. Сол жерден президенттің ортаншы қызы Динара ҚҰЛЫБАЕВАНЫ көргенде бәрі өз орнына келді. Қазақстандағы ең бай әйел (дәулеті 1,8 млрд доллар) өз әкесінің атындағы қоғамдық білім қорын құрып, 1998 жылдан бастап басшылық етіп келеді. Бұл қор Қазақстанда халықаралық үлгідегі балабақшалар мен мектептерді ашумен танымал. Ондағы жылдық оқу ҚР азаматтары үшін балабақшаларға 1,2 млн-нан бастап мектептің жоғарғы сыныптарына 4,1 млн теңгеге дейін. Шетелдіктер үшін тариф жоғары.
Атыраулық «Мирас» - бұл әлі күнге дейін тек Алматы мен Астанада ғана қызмет ететін желінің филиалы. Жаңа балабақша мұнайлы астанада жаз басталғалы жұмыс істейді. Ай сайын ата-аналар өз балалары үшін 550 доллардың 110 долларын төлейді, қалғандарын жұмыс беруші төлейді.
«Оқу бағдарламасы Мемлекеттік мектепке дейінгі жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптары, халықаралық бакалавриаттың бастауыш мектебі бағдарламасының әдістерімен, сонымен қатар Монтессори-педагогика элементтерімен негізделген. Ол Алматы мен Астана қалаларында «Мирас» балабақшаларына табысты енгізіліп, 15 жылдан астам уақыттан бері қолданылып келеді»,- делінген ТШО-ның баспасөз хабарламасында. Балабақша, әрине, көлемділігімен және жарақталуымен әсер қалдырады: жиһаз, оқу материалдары мен құралдар Еуропадан сатып алынған. Бұл жерде өзінің тәулік бойына күзеті бар, екі есік те металлдетектор жиектемесімен жарақталған. Балалар профилактикалық массаждар мен күн сайынғы оттегі коктейлдерінің порциясымен қамтамасыз етіледі. Балабақшада бар болғаны 16 топта 350 бала тәрбиеленеді, қызметкері – 110 адам. Ғимарат алаңы 5,4 мың шаршы метр, жалпы аумағы – 1,1 га-ны құрайды.
ННБҚ-ның сайтында оның міндетті талабы: «Білім Қоры ұйымдары инновациялық мазмұнымен ғана емес, архитектурасының сәнділігімен, оқу ғимараттарының қызметтік мүмкіндіктерімен, жарық әрі кең оқу бөлмелерімен, заманауи құрал-құрылғылармен жабдықталған зертханаларымен, пәндік кабинеттерімен, спорттық кешендерімен, музыка залдарымен және сурет студияларымен ерекшеленеді» делінген. Бұл жергілікті өлшем бойынша керемет жағдай болып табылады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА