Кәсіпкермен көрші болу екі қария үшін жақсылықтан гөрі қорқынышқа айналды – Балықшыдағы «Арна» мейрамханасының иесі үй кіреберісінен бірнеше қадам жерге трансформаторлық бекет қондырды.
ЖОЛҒАЛИ АТАНЫҢ ЖОЛЫ
Жолғали атаның күнде жүріп-тұратын бір ғана соқпақ жолы бар: ол асықпай есікке жақындайды, алуға ыңғайлы болу үшін оң жақ қабырғаға ілінген ілгіште тұрған төрт аса таяғының бірін алады, аяғын ескі сүйретпесіне сүңгітіп, табалдырықтан аттайды. Содан кейін төрт қадам жасайды да, шарбаққа арқасын тіреп, көне ағаш орындығына жайғасады. Оның осылай отырғанына бір жылға жақын уақыт болыпты: қарияның инфарктен кейін екі көзі көрмей қалған. Осы өз бетінше шығатын шағын серуені - 80-ге келген қарттың қолы жетер қуаныштарының бірі. Алайда, үстіміздегі жылдың мамырынан бері бұл да бұрынғыдай қауіпсіз болудан қалды: үйдің дәл артында, шарбақ сыртында 400 вольттық үлкен электр станциясы тұр.
- Қарт үшін, өзім үшін және мына жүгірмек үшін қорқамын,- дейді Әлима әже айналамызда айналшықтап жүрген үш жасар баланы меңзеп. Жасы біразды еңсеріп тастаса да, әже ата-анасы жұмысқа кеткенде немересін бағады.
Мейрамхана трансформаторды өз ауласынан тысқары, Қожақаев көшесінің адам жүретін жолына жақын жерге орналастыруға рұқсатты энергетиктерден 2005 жылы алған екен.
- Шалым сол кездің өзінде басқа жерге орналастырыңдар деп өтініш білдірген - бұл жерде барлық жерасты магистральдық желілер өтіп жатыр. Алайда, ол қолын бір сілтеп, өз дегенін істеді, - дейді Әлима әже. – Осы жылдың мамыр айында оның кәріздік құбыры жарылды, ал оның үстінде осы трансформатор тұрған.
Мейрамхана иесі өз станциясын айырып, басқа жер іздеуге мәжбүр болды. Оны тапты да.
- Трансформаторды біздің үйден шығатын жерімізге ығыстырды, - дейді Әлима апа. – Содан бері тағаттан айырылдық. Электр желілері төбемізде салбырап тұр, егер, құдай басқа бермесін, найзағай түссе немесе басқа бір ұшқын болса, бірінші біздің үйдің шатыры өртенеді!
Айта кетсек, бұл трансформатор мейрамханамен көрші болудың жалғыз ғана «артықшылығы» емес. Мейрамхананың кәріз жүйесі бітеліп қалып, қарттарда тағы бір мәселе пайда болды. «Атырау Су Арнасы» қызметкерлерінің қиялына таңданбасқа амалың жоқ: олар «әуе» желісін тартуды ұсынды: кәріздік желінің қара жыланы көрші қақпасының үстінен өтіп, шарбақты жағалап, келесі көшедегі құдыққа дейін созылып жатыр. Енді «Арнаның» бар боқтығы Рахмановтардың «төбесі» арқылы ағып жатыр. Аузы ашық жатқан құдықтың сасыған иісі адам төзгісіз, мен суретке түсірерде мұрнымды жауып жүрдім.
- Бұл ештеңе емес, олар сорғыларын қосып, боқтықты қысыммен айдағандағы жағдайды көрсеңіз,- дейді Әлима әже. – Төрт айдан бері Атырау Су Арнасынан көршінің кәріз жүйесіндегі проблемаларды шешіңдер деп сұрап жатырмыз, беретін жауаптары – уақыт жоқ, форумға дайындалып жатырмыз. Мүмкін, форумнан кейін жинап алатын шығар.
ҚАРТАЙҒАНДА СОТ ЖАҒАЛАУ
Қариялардың жастары біршамаға келіп қалды, ал, олардың көршімен соғысуға ниеттері де, күштері де жоқ. Сонымен қатар, олар «аш құлақтан тыныш құлақ» деген ескі мәтелді мықтап ұстанушылардың бірі. Олар мейрамхана иесіне немесе оның аты-жөнін білмейтін өкіліне бірнеше рет барған:
- Біз қартым екеуміз талай алдына барып, балам, жанжалдасып керегі не, бәрін адам сияқты жаса, тыныш өмір сүрейік дедік, қолын бір сілтейді де, жүре береді,- дейді әже шыдай алмай сот жағалағанынан ұялып.
Ол қалалық әкімдікке арыз жазған, ол жақтан хатты «Атырау Жарық» АҚ-на жіберіпті. Энергетиктер де тапқырлық танытып, қарттарға «Арна» мейрамханасының иесімен ... сөйлесуге кеңес берген. Әлеуметтік желіде жазып отырсам, осы бос жерге жылап отырған смайл қояр едім, өкінішке орай, газет форматы бұған жол бермейді. Энергетиктерге қойылар сұрақ: тұрғын және қоғамдық ғимараттардан кемінде 10 метр (Құрылыс нормалары және қағидалары ҚНЖҚ2.07.01-89*, 7.13 тармақ), ал, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы «Электр қондырғыларын орнату қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес 16 метр қашық орналасуы қажет нысан тұрғын үйдің қақ маңдайына тақап қалай орнатылған?!
Олар енді бұл сұраққа сотта жауап беретін шығар, өйткені, Атырау қаласы прокуратурасы Кәсіпкерлер қызметін тексеруге салынған мораторийға сілтеме жасап, қарттарға сотқа баруға кеңес берген.
Бұл жағдайға басқа көзқарас-тары болуы мүмкін мейрамхана иелері өз пікірлерін білдіруден бас тартты: мейрамханадан иелерін таба алмаған соң, өзін жалға берушімін деп таныстырған жас жігітке басшыларына телефон соғуды сұрадым. Мейрамхана иелері журналиспен сөйлесуден бас тартты. Мен өз нөмірімді тастап кеткенмін, бірақ ешкім қоңырау шалмады.
P.S.Материалдыдайындап жатқанымда29 қыркүйекте «Атырау Су Арнасы» компаниясына сұраныс жібергенмін, сол күні қайта жауап келді: ««Арна» мейрамханасы аумағындағы кәріздік коллектордағы апаттық жағдай жойылғанын қаперіңізге береміз». Белгісіз бір ғажайып күш келгендей, Рахмановтардың «төбесінен» жүргізілген қара құбыр, көшенің қақ ортасында гүрілдеп тұрған сорғы жоғалып кетті, магистральды құбыр желісі үстінен қазылған бірнеше терең шұңқыр көмілген, құдық жабылған және сасық иіс те жоқ. Керемет дерсіз. Бұлай жасауға Форум да кедергі келтірмепті.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор