Медициналық статистика деректері бойынша Еуропада инсульт соққан науқастардың 20%-ы мүгедек болады екен. Ал Қазақстанда - 70%. Басты себеп – науқастарды оңалтуды кеш бастау.
ОРТАЛЫҚҚА ЖЕТУ ҚИЫН
Тек Атырау облысының өзінде, «Болашақ» ҮЕҰ мәліметтеріне сүйенсек, 18 325 адам мүгедектігі бойынша тізімде тұр, олардың 2 580-і - балалар. Атырау қаласында 6 477 мүгедек болса, олардың 1 035-і – жас балалар. Жылына 1100 адамға есептелген ересектерге арналған оңалту орталығы бар. Балаларды оңалту орталығы жылына 600 науқасты қабылдай алады. Сонымен қатар, облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасы жанында физиотерапия бөлімдері, емханаларда физкабинеттер жұмыс жасайды. Алайда, еліміздегі түрлі медициналық ережелер мен нормалардың дұрыс жетілмегендігі келеңсіздіктерге әкеліп соқтырып отыр: инсульт, жарақат алған, түрлі жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардан зардап шеккен, тез арада оңалту шараларын қажет ететін науқастардың осындай ем алуға мүмкіндіктері жоқ, өйткені, оңалту орталықтары тек мүгедектік ресімдеген науқастарды ғана қабылдайды. Сондай-ақ, науқас дәрігерлік еңбек сараптама комиссиясына жолдаманы тек стационардан шыққан сәттен 6 айдан кейін хал-ахуалы түзелмесе ғана ала алады. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, науқастарды оңалту шараларын шама келгенше ауруханадан шыққан сәттен бастап жүргізген жақсы. Бұл үшін мобильді медициналық бригадалар, сонымен қатар, қаланың әр ауданында оңалту кабинеттерінің жүйесі құрылып, үйден оңалту бағдарламасы әзірленеді. Кешігіп басталған оңалту жұмыстары қажетті оң нәтижелер бермейді.
АУРУХАНАДАН СОҢ БІЗ ЖАУАПТЫ ЕМЕСПІЗ
- Инсульт соққан, түрлі жарақат алған ересектерді оңалтумен бізде жеткіліксіз айналысуда. Егер балаларға облыстық ауруханада, біздің клиникамызда, ақылы массаж жасау кабинеттерінде аз да болса көмек көрсетілетін болса, ересектерге қарап жатқан адам жоқ, - дейді «Болашақ» ҮЕҰ-ның жоба үйлестірушісі Ирина ГОРБАТЕНКО. – Науқастың жағдайы тұрақтанған бойда оны бірден үйіне шығарады, содан кейін оған тек туыстары ғана қамқорлық көрсетеді. Алайда, өз кезегінде оларға да кеңес беру керек қой.
Өткен жылы 1186 адам инсульт алса, ревматоид артритпен 97 адам ауырған. Жалпы 50 жастан асқан адамдардың 80%-ы осындай аурулармен ауырады, бірақ көпшілігі буындары деформацияға ұшырап, мүгедек болғаннан кейін ғана дәрігерге қаралады. Алайда бұл жағдайда да оларды ешкім диспансерлік есепке алмайды. Бұл – ерте оңалту шараларын жүргізуді қажет ететін потенциалды контингент. Науқастылық құрылымында үшінші орында – түрлі жарақаттар. Нәтижесінде мүгедектердің тек 10%-ы ғана ме-дициналық оңалту мен қалпына келтіру емімен қамтылған.
ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН САРАПШЫ
Мәселенің өзектілігін ескеріп, 15 жылдан бері балаларды оңалту және қалпына келтіру емімен айналысатын «Болашақ» ҮЕҰ «Өмірге оралу» жобасын бастады. Жыл ішінде құрамына оңалтушы дәрігер, неврапотолог, психолог және медбике кіретін оңалту бригадасын құру жоспарлануда. Оларды оқыту үшін Германиядан Атырауға халықаралық SES (Senior Experten Service) ұйымынан ерікті ретінде оңалту саласында 30 жылдық тәжірибесі бар Анет ХАЙНТЦ (суретте) арнайы келді. Ол ауыр науқастарды күтіп-бағу бойынша тренингтер өткізеді (оңалту бағдарламаларын жасау, массаж жасау, физиотерапия, кинезотерапия әдістемесі). Аннеттің айтуынша, Германияда оңалту шаралары науқастарды емдеудің жалпы курсында маңызды орын алады және белгілі уақыттан кейін емес, бірден басталады. Аннетпен бірге дәрігерлерімізді Алматы оңалту орталығының қызметкерлері де қайтарымсыз негізде оқытатын болады.
- Біз тек өз орталығымыздың қызметкерлерін ғана емес, мемлекеттік медициналық мекемелер қызметкерлерін де, науқастардың туысқандарын да оқытуға дайынбыз, - дейді «Болашақ» ҮЕҰ басшысы Жібек БИСЕНОВА. – Осы үшін ауруханалармен және емханалармен меморандум жасасуды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыстары жоқ, бірақ оңалтумен айналысқысы келетін медбикелерді де оқытып, орталығымызға жұмысқа алғымыз келеді. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен меморандумға қол қойдық және 2015 жылдан бастап науқастар үшін оңалту шаралары тегін болу үшін мемлекеттік тапсырысқа өткіміз келеді. Негізінен оңалту шаралары науқастардың үйінен өкізілетін шығар, бұл олар үшін ыңғайлы.
КӘСІБИ КҮТУШІЛЕР КЕРЕК
Орта және кіші медициналық қызметкерлермен қатар біздің мақсаттық аудиториямыз науқастың туыстары болып табылады. Тренингтер күтушілерге де арналған. Айтпақшы, Атырауда науқасқа кәсіби күтім жасайтын күтушілер табу мүмкін емес. Сонымен қатар, хабарландыру арқылы келген көптеген әйелдер күтушінің жұмысы қандай екенін де білмейді. Дегенмен, мамандандырылған агенттік арқылы күтуші жалдағысы келетін қалалықтар да лайықты жалақы төлеуге дайын емес.
Науқас адамға ең керегі дұрыс күтім ғой. Медициналық білімі болуы міндетті емес, ең бастысы – науқас адамға жанашырлық таныту және сабырлылық. Күтушінің жұмысы қиын, медбикелер мұны жасағылары келмейді. Ұйымдастырушылар осындай жеке күтім жасау қызметіне 10 күтуші жинап алса да разы болатындарын мойындады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор