Дизайнер Айжан БОҚАЕВА волейболшылармен бірге. Инчхонға (Оңтүстік Корея) Паразиаттық ойындарға баратын параволейболдан Қазақстан құрамасының волейболшылары жаңа дизайнерлік киім үлгілеріне ие болды. Ойыншыларымызға киім үлгісін атыраулық жас дизайнер Айжан БОҚАЕВА дайындады.
«СІЗДЕРДІҢ ӨЗ ДИЗАЙНЕРЛЕРІҢІЗ БАР ҒОЙ»
Айжан өткен жылдың мамыр айында ҚР спорт және дене шынықтыру агенттігі Сочи Олимпиадасына әзірлік барысында жариялаған «олимпиадалық киім-кешектер мен жабдықтардың үздік дизайны бүкілхалықтық байқауында» жеңіске жеткеннен кейін халық арасында танымал бола бастаған. Агенттік Сочи-2014 олимпиадасы үшін спорттық киімдер Боқаеваның сызбалары бойынша тігіледі деп ресми түрде айтқан еді. Алайда іс жүзінде спортшылар қысқы Олимпиадаға байқауда 2-орын алған фирманың тіккен киімімен кетті. Спорт агенттігі «халықтық» сайыста осылайша жеңіске жеткен еді.
Дегенмен, ғаламтор мен әлеуметтік желілер ғасырында мұндай келеңсіздіктер де жақсы нәтижесін береді: Айжан ақыр аяғында спорттық киімдер дизайнері болып қалыптасты.
- Бізге Паразиадаға киетін жаңа спорттық киім керек еді. Дәл осы уақытта бізге Астанадан, Спорт және дене тәрбиесі агенттігінен жетекшіміз келді. Сол бізге Айжан туралы айтты: дизайнерді даладан іздеп не қыласыңдар, өздеріңде бар емес пе? Біз Айжан туралы БАҚ беттеріне шыққан мақалалардан жақсы білетін едік, сондықтан да онымен жұмыс жасауға бел будық. Ол бір айдың ішінде ойыншылар мен жаттықтырушылар бірауыздан мақұлдаған дизайнды әзірлеп шықты. Мата түрлерін, тігушілерді өзі тауып, барлық үдерісті қадағалап отырды,- дейді ҚР құрамасының бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВ.
Мерекелік деп аталатын киім үлгісі - спорт түріне қарамастан Қазақстанның барлық құрамаларына ортақ. Ал ойын формасының екі кешені әр спорт түріне бөлек дайындалады. Волейболшыларымыз Айжан жасаған киім үлгісімен Инчхон ойын алаңдарына шығады. Түстерді де ойыншылардың өздері таңдады: екінші кешен жасыл және қызыл түсті болады. Айжан дәстүрлі ұлттық ою-өрнектерді жейденің жеңдеріне жүргізген, ал форманың түрлі-түсті бөлігінде көрінер-көрінбес көлеңке сияқты өрнек салған. Төменгі жақтағы сұрғылт түс жоғарыдағы ашық түспен құбылып тұрады.
ӨЖЕТ ЖІГІТТЕРДІҢ ӨРЛІГІ
ҚР құрамасының бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВТахауов ел құрамасын Атырауда жаттықтырады. Бір таңғаларлығы, он бір ойыншының тоғызы – атыраулық! Барлығының да, жаттықтырушысын қоса, аяқтарының жоқтығы, тіпті үшеуінің екі аяғы да жоқ болуы қарапайым адамды одан сайын таңғалдырады. Әрине, жігіттер дені сау спортшылардан өзгеше параволейбол ойнайды. Спорт залы сыртында бір қараған адам осынау жас та мықты адамдарды «мүмкіндігі шектеулі адамдар» деп айта алмайтын шығар. Тек ойын барысында бәрі белгілі, өйткені параволейболды протезсіз, отырып ойнайды.
Команда капитаны Берік ІЗМАҒАНБЕТОВ аяғынан тізесінен жоғары 25 жасында айырылған екен. Оның аяғын 2011 жылдың наурыз айында кесіпті: бастапқыда аяғына болмашы нәрсеге ота жасалыпты, алайда дәрігердің қателігінен іріңдеп кеткен. Берік тағдыр талқысына мойынсұнып, күйзелісті де жеңе білген. Кейіннен протез салып, жүре бастады: оның бір ұлы бар еді, болашаққа деген жоспарлары өз орнында болатын. Аз уақыт өткеннен кейін, нақтылап айтсақ, сол жылдың шілде айында ол үлкен волейболға келді. Арада үш жыл уақыт өтті, ал оны 2016 жылы Рио қаласында болатын Бразилиядағы Олимпиадаға дайындалып жүр, қазір оның үш баласы бар.
«8» номерлі ойыншы Нұртау МҰХАНБЕТҚАЛИЕВ 26 жасында қаніпезер тонаушылардың кесірінен мүгедек болған. Ол пойыздан түсуге дайындалып, тамбурға шығып тұр еді: түнгі рейс Мұқыр станциясына екі минут қана тұратын. Пойыз енді ғана тоқтай бастағанда, артынан біреу келіп ноутбук салған сөмкесін жұлып алып, өзін итеріп жіберді... Ол тұтқадан ұстап үлгерді, алайда дөңгелек астына түспегенмен, аяғы қатты жарақаттанды. Дәрігерлер қаладан 8 сағатта жетті, жігіттің аяғын сақтап қала алмады.
Әр ойыншының өз тарихы бар. ЖКО, тоқ соғу, қате құлау... Алайда барлығы да өжет адамдар екен – бірнеше айда өз өмірлерінің қасіретті беттерін жауып, бәрін жаңа парақтан бастады.
12 қазанда волейболшылар Инчхонға ұшады. Паразиададағы жеңіс Рио-де-Жанейро-2016 Олимпиадасына жолдама алып береді. Айжан өзі жасаған киім үлгісі командаға сәттілік әкеледі деп үміттенеді. Оның спортшыларға бар дүниесімен жанкүйерлік ететініне сенімдімін. Алғаш танысқаннан-ақ оның сондай ақкөңіл адам екенін сезесің. Қыздың сенімін ақтаңдар, жігіттер!
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА