Атырау, 26 желтоқсан 13:07
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

…Бастысы мұнай бағасы өседі

4 817 просмотра

2011 жылы қаржы саласындақандай өзгерістер күтіп тұр? Осы мәселе бойынша біз тәжірибесі мол банк қызметкері Талғат ҚАДЫРҒАЗИЕВҚА хабарласқан едік.

Оның пікірінше, дүниежүзілік экономика дағдарыстан енді ғана шыға бастаған. БҰҰ бағалаулары бойынша,  келер жылы дүние жүзінде өндірістің жалпы көлемі бар болғаны 3,1 пайызға артпақ. Қазақстан мен облысымыздағы экономика деңгейі, өкінішке орай, жеткіліксіз, сондықтан да жұмыссыздық мөлшері әзірге азаймақ емес.

Өткен жылдың жағымды жаңалығы - «БТА-Банк», «Альянсбанк» және «Темірбанк» қарыздарын қайта құрылымдау мен қайта капиталдандыру болды. Шетелдік несие берушілермен келісім жасау нәтижесінде банктердің сыртқы қарызын 10 млрд. доллардан аса мөлшерде азайтуға қол жеткізілді. Жағымсыз жайттар бойынша, мерзімі өткен банк несиелерінің өскендігін атап өтуге болады. Қазақстандық банктер бойынша проблемалық несиелер үлесі жоғары боп қалды – бұл барлық несиелердің 40 пайызы. Банктердің проблемасы – несие алуға қабілетті қарыз алушылардың аз екендігі. 2011 жылы халықтың табысы артуы тиіс. Жыл басынан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар, бюджет қызметкерлерінің еңбекқылары көбейеді. Рождество мерекесіне қарай мұнайдың дүниежүзілік бағасының бір баррелі 90 доллардан асып кеткендігі жақсы көрсеткіш боп табылады.

Өтіп бара жатқан жылы Қазақстанда инфляция жылдық көрсеткіш бойынша 7-8 пайыз мөлшерінде болды. 2011 жылы сарапшылардың көпшілігі инфляция осы деңгейде болады деп жорамалдауда.  Биылғы жылғы қуаңшылық пен өнімнің шықпау салдарынан астықтың, қанттың, кофенің, шайдың дүниежүзілік бағасы көтерілгендіктен, азық-түліктердің бөлшек бағалары төмендейді деп күтуге тура келмейді. Алайда күрт қымбаттау да болмайды, өйткені қазір халықтың сатып алу қабілеттілігі баяу. Жергілікті арзан азық-түліктерге – етке, сүтке, балыққа және көкөністерге сұраныс көбейеді. Жергілікті экологиялық таза өнімдер мен халал өнімдерді сату деңгейі артады деп күтілуде.

Жылжымайтын мүлік нарығында аса өзгерістер байқалмайды. Бұл сатып алушылардың психологиясымен байланысты: олар «шаршы метрлердің» бағалары төмендейді деп күтетін болады, ал сатушылар, керісінше, көтеріледі деп үміттенеді. Алайда Атырауда үйлердің бағасы көтерілмейді, - деп есептейді Т.Қадырғазиев. Мұны облыстық әкімшіліктің тұрғын үй бағдарламасының жақсы жүзеге асуымен байланыстырып отыр. 

Теңге өзінің долларға қатысты тұрақтылығын сақтауы мүмкін. Мұндай қорытынды елдің жақсы сауда балансын жасауға және Кедендік одақ аясында әрі қарай Ресеймен және Белоруссиямен ықпалдасуына мүмкіндік береді. Маманның болжамы бойынша, доллар бағамы 142-ден 150 теңгеге дейін құрайды. Ұлттық банкке осы бағамды ұстап тұру қиын емес. 2010 жыл ішінде мемлекеттік валюталық резервтер 20 пайызға өсіп, 58 миллиард доллар құраған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

22 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.