Атырау, 26 желтоқсан 13:17
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Кедендік одақ: дәрі-дәрмек жеткізушілер...

4 494 просмотра

Кедендік одақ енгізілгеннен кейін Ресей мен Белоруссияда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін көп нәрсе өзгеріске ұшырады. Бірқатар артықшылықтармен бірге тек бизнесмендердің ғана емес, өкілетті салық және кедендік қызметтердің де сұрақтарын туғызған таласты сәттер орын алды.

Осындай проблемалы мәселелердің бірі – қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеуден босату үшін Кедендік одаққа (КО) мүше елдердің аумағынан ҚР аумағына әкелінетін тауарларға қорытынды беру. Кәсіпкер тауарды әкелу кезінде ҚҚС-нан босатылатын тауарлар тізімі бар. Мәселен, дәрі-дәрмек құралдары мен медициналық маңыздағы өнімдер. Төлемнен босау үшін кәсіпкер салық органына сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасының (СЭҚ ТН) коды бойынша әкелінетін тауарлар мен қорытындыны мақсатты пайдалану туралы міндеттемені ұсынуы тиіс. Бұдан басқа, ол келесі шарттарды сақтау тиіс: ҚР-да мемлекеттік тіркелуі, дәрі-дәрмектерді өндіруге немесе сатуға лицензиясының және осы тауарларды ҚР аумағына әкелуге келісімі болуы керек (келісімді фармацевтикалық бақылау қызметі береді).

Кеден қорытындыны өтініш берген күннен бастап, 10 күн ішінде беруі тиіс. Алайда бұл мерзімге үнемі үлгере бермейтіндіктен , мерзімді ұзартады. Ал бұл уақытта кәсіпкердің салық қызметіне есеп беретін уақыты өтіп кетеді. Нәтижесінде кәсіпкерге салық салынады. Салық комитетіне құжаттарды тауардың нақты әкелінетін уақытынан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей тапсыру керек. Яғни, егер тауар қарашада әкелінген болса, онда құжаттарды 20-шы желтоқсанға дейін рәсімдеу қажет. Егер қожайынның тауары айдың 1-ші жұлдызында келген болса, онда оның рәсімдеуге 50 күні бар деген сөз. Ал егер айдың аяғында келсе, бар болғаны 20 күні бар.

Мұндай проблемамен қазір «Медицина» АҚ бетпе-бет келіп отыр. Фирма өкілінің айтуынша, бұрынғы ереже бойынша оларға жұмыс істеу анағұрлым жеңіл болған. Ал енді кеден қызметкерлерімен күніне бірнеше рет кездесуге тура келеді: біресе кәсіпорында тауарлар тізімі көп болады, енді бірде бір позиция бойынша құжаттар жетіспейді, енді бірінде тағы басқасы. «СЭҚ ТН кодын игеру процесі күрделі. Өтінішке тауардың ілеспе құжаттарымен қатар техникалық төлқұжат, техникалық құжаттама, соның ішінде пайдалану, фотоиллюстрация жөніндегі нұсқаунамалар, тауар үлгісін жалғауы қажет, - дейді Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы Айнагүл ДОСҚАЛИЕВА. - Тауарларды жіктеу негізгі критерийлер: яғни, тауардың атқаратын қызметтері мен олар жасалған материалдар бойынша жүзеге асырылады. Осы құжаттардың барлығы бізге тауарларды біркелкі жіктеу үшін қажет. Жаңа ережелерге сәйкес, біз тауарды қарамаймыз, оның кодын тек кәсіпкерлер ұсынған техникалық құжаттамалардың негізінде анықтаймыз».

Бұдан басқа, кеденшілер олардан өз өтініштерінде тауар коды қандай мақсатта сұралатындығын көрсетуді өтінеді. Код бойынша қорытынды екі данада беріледі. Қорытындының бірінші данасы кәсіпкерге біріледі, екіншісі кедендік органда қалады.

Үш тарапты да қызықтыратын екінші мәселе – есептеу әдісі бойынша ҚҚС төлеуден босату. Бұл жерде де өз ережелері мен үкімет бекіткен тауарлар тізімі бар. ҚҚС сомасы салық декларациясында бейнеленеді. Алайда егер салық төлеуші тауардың арнайы тізімге кіретінін дәлелдесе, онда оған іс жүзінде салық төлеуден босатылады. Тізімге, атап айтқанда, Қазақстанда шығарылмайтын ауылшаруашылық техникасы кіреді. Салық органына кәсіпкер тауардың мақсатты қолданылуы туралы міндеттемені  және СЭҚ ТН бойынша әкелінген тауарларды жіктеу туралы құжатты ұсынуға міндетті. Бұл құжатты кеденшілер жазбаша сауал негізінде береді. Міндеттеме жанама салықтар декларациясымен бірге беріледі.  

ҚҚС-сыз үшінші санат – бұлар Қазақстан аумағына уақытша әкелінген тауарлар. Бұлар - көрмелік-жәрмеңкелік тауарлар, негізінен мұнай жабдықтары. Атырау облыстық Салық департаментінің кедендік одақ аясындағы жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бастығы Ақбота ТОЙБАЗАРОВАНЫҢ айтуынша, әкелген уақыттан бастап 20 күн ішінде салық төлеуші тауарды біздің еліміздің аумағынан әкететіндігі туралы міндеттеме мен СЭҚ ТН коды бойынша қорытындыны ұсынуға міндетті. Оны кедендік органдар береді. Кедендік одақ енгізілген уақыттан бастап облысымызға мұндай тауарлар әзірге әкелінген жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА    

 

МЕН БРОКЕРЛЕРГЕ ҚИЫНДАП КЕТТІ

Жаңа жылда көптеген брокерлік фирмалар жабылып, одан аман қалғандар өз қызметтерінің бағасын шамамен 30 пайызға көтермекші.

Біз 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік брокерлердің қызметіне қойылатын талаптар күшейетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Арнайы тізілімге ену үшін олар 1 млн. еуро мөлшерінде салықтар мен кедендік баж салығын төлеуді қамтамасыз етуге тиіс болатын. Ал брокерлік кеңселер үшін лицензиялық алым  бұрынғыша 5 мың еуродан басталатын. Біліктілік талаптары кедендік одақтың енгізілуіне байланысты өзгеріске ұшырады. Жарты жыл бұрын бұл жаңалық брокерлерді қатты ойландырып тастаған болатын: әрі қарай қызмет ету үшін қомақты соманы қайдан алуға болады және мұндай жағдайда жұмыс істеген жөн бе деген сұрақтар туындаған еді. Кедендік орган өкілдері сол кезде тек күшті ойыншылар ғана қалатын брокерлік қызмет нарығы шеңберінің әжептәуір «тарылатынын» болжаған болатын. 

Шынымен де, брокерлік компанияның бір бөлігі жабылуға дайындық жасауда. «Макко» ЖШС басшысы Ерсен ҚҰБАШЕВ орын алған жағдайда Атырау облысында жұмыс істеудің болашағы жоқ деп есептеп, өз қызметін аяқтауды жоспарлап отыр. «Тауарлардың көп бөлігі Атырауға кедендік одақ елдері арқылы өтеді,  сондықтан олар брокерлік қызметке мұқтаж емес. Брокерлердің негізгі жұмысы үшінші елдердің шекарасында жүргізіледі. Қытайдан келетін тауарлар «Харгоста», Әмірліктерден келетін машиналар, Түркия мен Әзірбайжанның тауарлары Ақтауда рәсімделеді және т.б.», - дейді ол.   

Басқа кәсіпкерлер жаңа жағдайға бейімделуге тырысуда. «Қазір біз кеден өкілдерінің тізіліміне енуге дайындық жасаудамыз. Біздің мамандар аттестациядан өту үшін арнайы емтихандар тапсыруда. Өйткені жаңа ережелер бойынша  фирма штатында кедендік декларациялау бойынша аттестациядан өткен екі маманнан кем болмауы тиіс, - дейді «Мұнай брок» ЖШС директоры Альфия АЛЬМҰХАНОВА. – Осы нарықта өз жұмыстарын жалғастырғысы келетін барлық брокерлік кеңселер үшін ең үлкен проблема салықтар мен кедендік баж салықтарын төлеуді қамтамасыз ету болып отыр. Бірақ біз бұдан шығатын жол таптық. Кедендік төлемдерді төлеуді тек ақшалай ғана емес, банктік кепілдемемен де, кепілгерлікпен де, мүлікті кепілдікке салумен де, сақтандыру келісім-шартымен де қамтамасыз етуге болады. Біз сақтандыру компаниясымен сақтандыру келісім-шартын жасадық».

Алайда қалай болғанда да брокерлік қызмет бағасы қымбаттайды деп күтуге болады. Бейресми әңгіме кезінде орташа алғанда 30 пайызға қымбатсиды деп те айтылып қалды. Өйткені келер жылдың жазынан бастап брокерлерге өз клиенттерімен бірге кедендік төлемдерді төлеу бойынша салмақты жауапкершілік жүктелетін болады. Айтпақшы, кеден өкілдері мен СЭҚ қатысушыларының ортақ жауапкершілігі брокерлерді клиенттеріне анағұрлым мұқият зер салып қарауға мәжбүр етеді. Өйткені алақол кәсіпкерлік бола қалған жағдайда оларға бөгде біреудің күнәсі үшін өз жандарынан ақша төлеуге тура келеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

22 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.