Атырау, 26 желтоқсан 18:15
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қызылқоғалықтар Бұхарға көз салды

6 292 просмотра

Индермен Миялының ортасындағы Бұхар елді мекені тұрғындары ханталапайға түсіп отыр.  Бұл ауыл Индер ауданы Жарсуат округіне қарайды. Олар тұрып жатқан жерді қызылқоғалық атқамінерлер біздікі десе, индерліктер көрпені өздеріне тартып әлек. Кім жеңеді? Бәрінен бұрын іс жүзінде баспаналы болғанымен, қағаз жүзінде жағдайлары әрі-сәрі ел не  істемек?

ТАЛАЙСЫЗ ТАРТЫС

Бірнеше жылдық тарихы бар елді мекен малға да, жанға да таптырмас қоныс болар шұрайлы жер. Кезінде Жарсуат селосындағы совхоздың уақытша жері саналған Бұхар малшылардың құтты мекені болып еді. Қазір мұнда 19 ғана үй бар, онда  екі жүзге жуық адам тұрады. Көптің қолдауымен аталмыш елді мекеннен бастауыш мектеп, медпункт ашылып, жарығы жеткізілді. Әлеуметтік жағдай туғызылып, Атыраудан Қызылқоға ауданына тартылған газ желісі осы Бұхар арқылы өтеді. Су, телефон тартылып, біршама проблемалар артта қалып еді. Енді келіп...

- Проблемалар шешілгеннен кейін мұнда тұрақты қоныстанушылар пайда болды. Алайда былтырдан бері көшіп кетушілер сап тиылды. Енді үй салушылар көбейейін деп отыр. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Өз басым көзімді ашқаннан бері осындамын, әке-шешем осы жердің тұрақты тұрғындары болған. Шындығына келгенде бұрынғы малшылар, соның ұрпақтары осында тұрып жатыр. Тып-тыныш отырған ауылдан берекет кетуде. Өткен маусым айында көршілес Қызылқоға ауданының билік ұстаған атқамінерлері халықтың арасында әңгіме туғызып, тіпті ашық түрде жиын жасап, су, газ, жарықты бізден алып отырсыңдар, сондықтан бізге қосылуларың керек депті. Олардың қоқан-лоқысына көнбейтінімізді білдірудеміз. Біз баяғыша Индер ауданының құрамында қалғымыз келеді. Шындығында қызылқоғалық биліктің бұлайша қадам жасауында зор мән жатыр деп есептеймін, меніңше олар барлық әлеуметтік жағдайы туғызылған елді мекенді өздеріне алып қалмақшы, - дейді байырғы тұрғын Бағдат АЙТМҰХАНОВ.

Бұл пікірге басқа тұрғындар да қосылуда. Айдың күннің аманында жерін заңдастыра алмағандар өгей баланың күйін кешіп отырғанына қатты қапалы.

- Мен қызылқоғалықтардың келіп кеткенін кейін естідім. Бір ғажабы, олар маған ескерткен де жоқ. Бұл Қызылқоға ауданы округі әкімдерінің істеп отырғандары. Жұршылықтың арасына дүрбелең туғызатындай басқосу жасауға кім рұқсат берді? Газ, жарық осы облыс төңірегінен жалғасып тартылған жоқ па еді. Ауыз су Қызылқоға ауданы Қарабау селосынан жеткізілген. Дегенмен, бұлай бөлшектеу сауаттылыққа жатпайды ғой, бір облыста тұрып менікі, сенікі деуге көштік пе? Қалай еткенде де Бұхар елді мекенінің барлық әлеуметтік жағдайы шешілген, жолдан басқа. Жуырда 300 мың теңгеге көшені жарықтандыру тендері өткізіліп, бұл да жүзеге аспақшы, дейді - Жарсуат округінің әкімі Сарсенбай ДАУТБАЕВ.

ИЕЛІК ЕТЕ АЛМАҒАННАН ШАРУА ДА АЛҒА БАСПАУДА

Сонымен Индер мен Қызылқоға ауданының қызығушылығын тудырған Бұхар елді мекенінің жері мемлекеттікі болып саналады. Мұнда мекен етушілер өз үйлерін өздері заңдастыра алмауда. Индер ауданы Бұхар елді мекенінің тұрғыны екенін растайтын анықтаманы Жарсуат селосынан алуда. Ал шаруа қожалығын құрғысы келгендер жер актысына қол жеткізе алмай, кедергіге тап болуда. Заңды қожа болмағанан кейін істері алға баспаған осындай қожалықтардың бірі  өз жұмысын тоқтатқан. Округ әкімі С. Даутбаевтың айтуынша, тағы бір адам тілек білдіргенімен жер актысын ала алмайтынын болғандықтан ісін тоқтатыпты.

- Біз жерді заңды түрде алу мақсатымен жан жаққа хат жіберудеміз.Сенатор Сарсенбай ЕҢСЕГЕНОВКЕ аяқтай барып жолығып, жағдайды жеткіздік. Ол кісі мәселені шешуге көмектесетінін айтқан еді. Жер дауы деген үлкен мәселе, сондықтан байыппен қарағаны керек-ақ, -  дейді С. Даутбаев.   

Мән жайдың анығына көз жеткізу мақсатымен Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВКЕ хабарласқанбыз, ол еңбек демалысында болып шықты. Ал аудандық әкімдіктің аппарат жетекшісі Айбар АЛТЫБАЕВ бұл жайдыанықтасымен хабарлаймын дегенмен жауап болған жоқ.

Бұхар елді мекені Индерден 100, Миялыдан 120 км қашықтықта орналасқан.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

28 шілде 2011, 21:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.