«ЕМГ» мұнай алудың жаңа әдістерін пайдаланбақшы
«Ембімұнайгаз»АҚ-тың ескі мұнайкен орындары өмірге екінші рет келмекші. Кәсіпорында ұңғымаларға полимерлік су айдау деп аталатын бағдарлама қолға алынбақ. Біз осы жөнінде «Ембімұнайгаз» АҚ директоры Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВПЕН (суретте) әңгімелестік.
- «Ембімұнайгаз» балансында ескі кен орындары көп пе? Менің білуімше, олардың басты проблемалары – мұнай алу коэффициентерін (МАК) арттыру. Ескі әдістер нәтиже беріп жатыр ма?
- Иә, бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ балансында тұрған кен орындарының көпшілігін ескі деп айтуға болады, өйткені барлығы да кен орнын әзірлеудің соңғы сатысында тұр. Әрине, соңғы жылдары ашылған нысандардан басқасы.
Кен орындарының мұнай алу коэфициенттерін көбейту үшін мұнай өндіруді арттырудың келесідей дәстүрлі әдістері қолданылады: жер қыртысын гидрожару, кенжар аймағын түрлі қышқыл құрамымен өңдеу, өнімді интервалдарды тесу және кеңейту жолдарымен құрғатылмайтын қорларды әзірлеу, ұңғыма торын талғап нығыздау және тағы басқалар.
Алайда, дәстүрлі әдістер кен орындарындағы қалдық мұнай қорларын толықтай алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан «Ембімұнайгаз» қазақстандық жетекші ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, жер қабаттарына бу айдау, суланған шоғырларға полимер айдау технологияларын сынақтан өткізу бойынша сынақтық-өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр.
- Бұл бағдарламаны қай кен орындарында бастауды жоспарлап отырсыздар?
- Қажетті полимерлер түрін таңдау бойынша зерттеулер «Қазмұнайгаз» ҒЗИ ЖШС институтының зертханасында жүргізіліп, бірнеше кен орындары жыныстарының (керн) үлгілері алынды. Шоғырлардың геологиялық-физикалық параметрлерін және «Ембімұнайгаз» АҚ-тың барлық кен орындарын әзірлеу деректерін есепке ала отырып, сынақтық полимер айдау үшін Забурын кен орны таңдалды.
Зертхана жағдайында осы кен орнына лайықты полимер түрі таңдалды. Керндік материалдарға ығыстыру коэффициентін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, нәтижелері полимерді айдау тиімділігі есебінің негізіне алынды.
Полимерлік сулау технологиясы бұрын «Ембімұнайгаз» кен орындарында қолданылған жоқ. Соңғы жылдары жер қыртыстарының мұнай берілімін арттыру саласындағы әлемдік тәжірибелерді енгізу мақсатында осындай жұмыстар «ҚазГерМұнай» БК және «Қаражанбасмұнай» АҚ кен орындарында басталды.
«Ембімұнайгаз» АҚ-та осы технологияларға сынақ жүргізу Забурын кен орнының екі сықағыш ұңғымаларында сынақтық-өнеркәсіптік жұмыстар жүргізу аясында өткізілетін болады. Осы тәжірибелерді алға қарай өнеркәсіптік ауқымда кеңінен қолдану жұмыстардың нәтижелеріне байланысты болмақ.
- Бүгінде «Ембімұнайгаздың» алынатын қалдық мұнай қорларының көлемі қандай? МАК өсімін есептегенде олар қанша болмақ?
- «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарының алынатын қалдық мұнай қорлары 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдаймен 73 млн тоннаны құрайды. Олар түрлі геологиялық-физикалық сипаттағы, флюидтардың түрлі қабаттық қасиеттері, шоғырларының өзіндік геологиялық түзілімі бар 36 кен орнының бор, юра, триастық шоғырлары бойынша бөлінген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, полимерлік суландыруды сынақтық-өнеркәсіптік жұмыстар аясында жүргізу жоспарлануда. Осыған байланысты, жобаны жүзеге асырудың сынақтық-өнеркәсіптік жұмыстар әлі басталмаған бүгінгі кезеңінде «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарының алынатын қалдық мұнай қорларының көбеюі және МАК артуы масштабтарына баға беру ертерек деп ойлаймыз.
Ғылыми-зерттеу институттарымен бірге жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне байланысты Забурынның барлық кен орындары ауқымында осы технологияларды қолдану, «Ембімұнайгаз» АҚ-тың осындай басқа да кен орындарында осындай жобаларды жүзеге асыру және алынатын мұнай қорлары көлемінің мүмкін болар өсімін бағалау мәселелері шешілетін болады.
- Полимерлерді қолдану шығындарын мұнай алу коэффициенттерінің артуы қандай мерзімде жабады? Полимерлер және басқа да реагенттер өндірісін жасау жоспарларыңызда бар ма?
- Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, зертханалық зерттеулер нәтижелері сынақтық-өнеркәсіптік жолмен расталған жағдайда полимерлік суландырудың өтелімдігі қажетті көлем тұрақты болса, полимер айдаудан шамамен екі жылдан кейін болады.
«Ембімұнайгаз» АҚ полимер немесе басқа да реагенттер өндірісін жасауды жоспарлап отырған жоқ, өйткені ол біздің қызмет саламызға жатпайды. Мұнымен сәйкесінше тәжірибелері мен технологиялары бар сервистік компаниялар айналысады.
- Өткен жарты жылдағы «Ембімұнайгаз» АҚ-тың өндіріс көлемін айтыңызшы.
- «Ембімұнайгаз» АҚ-тың алғашқы жартыжылдықтағы мұнай өндіру көлемі 1 млн 391 мың тоннаны құрады.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ