Қазақстанның Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Атырау филиалында білім және ғылым саласын бақылау комитетінің өкілдерінің, мектеп пен колледж директорларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
«ЖЫЛ САЙЫН ЖАҢА ОҚУЛЫҚ НЕГЕ КЕРЕК?»
– Білім беру министрі бүкіл оқушылар дерлік оқулықтармен қамтылатын болады және 2 млн-нан астам бала тегін ыстық тағаммен қамтамасыз етіледі деп сендірген еді. Бірақ оның сөзі ақиқаттан алыс боп шықты. Біздің бәріміз алғашқы оқу күндерінде кітап дүкендерінде тұрған ұзын-сонар кезектің куәсі болдық. Біз мониторинг жүргізген едік. Төменгі сыныптарға арналған оқулықтар жиынтығы 11 мың теңгеден астам сомаға шығады. Білім беру басқармасының басшылығы қосымша оқулықтар сатып алынғанын, олардың жолда келе жатқанын айтады. Бірақ сабақтар басталып кетті, ата-аналардың көпшілігі өз қалталарынан кітаптар сатып алуға мәжбүр болды, - дейді ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ.
Оған оқулықтарды үнемі қайтадан басып шығара беретіндігі түсініксіз болды. Биыл ата-аналар үлкен баласына 10-шы сыныптың оқулықтарын сатып алады, ал келесі жылы жаңа басылым шығарылғандықтан оны іні-қарындастары қолдана алмайды.
– Аудандарда «Мектеп» баспасының оқулықтарын қолданады. Ал қалада «Атамұра» баспасының кітаптары бойынша оқиды. Оқулықтарды үнемі жаңартып отыру әлдекімнің табысты бизнесіне айналған, - дейді сеніммен Дәулетқазиев.
Жүргізілген талдау жұмыстары бірқатар мектептерде дұрыс асхана жоқтығын, ол жерге ыстық тағамды басқа мектептерден әкелетінін, тасымалдау кезінде оның суып үлгеретінін көрсетті. Көптеген мектептер күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда бөлінетін қаржы тек жеңіл жөндеуге ғана жетеді. Жұмыстар тек ортақ орындарға – дәліздерге, акт залдарына және т.б. жүргізіледі. Ал кабинеттерді жөндеу мұғалімдерге жүктелген. Олар өз кезегінде ата-аналардан ақша жинауға мәжбүр. Ата-аналар комитетінің көмегі ерікті деп есептелгенімен, іс жүзінде ата-аналар перде немесе линолеум алуға ақша беруден бас тартса, мектепте баласының соңына түсе ме деп қорқатындарын мойындады.
– Баланы мектепке әзірлеу де оңайға соқпайды. Біз көпбалалы отбасылармен тілдескен едік. Олардың орташа жалақылары 50 мың теңге. Ал отбасында екі оқушыдан бар. Әрқайсысына 10-15 мың теңгеден кетеді. Оған қоса балабақша жасындағы балалары болады. Мектеп формасы мен оқу материалдарын сатып алуға субсидия бөлу керек. Субсидиялар кәсіпорындарға анағұрлым төмен бағамен мектеп формасын дайындауға мемлекеттік тапсырыстар түрінде болуы мүмкін, - дейді Ерболат Дәулетқазиев.
АЛМАСТЫРУДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР
Атырау облысы бойынша білім беру саласын бақылау жөніндегі департамент басшысы Мәдениет АХМЕТОВАНЫҢ айтуынша, көпбалалы отбасыдан шыққан оқушыға мектеп формасын және жылы заттарды сатып алуға жалпыға міндетті оқу қорынан көмек көрсетіледі. Осы қордан ыстық тағам мен оқулықтар ақысы төленеді екен. Ал бізде ыстық тамақ бойынша норматив жоқтығы басқа мәселе.
Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде облыста 351 мұғалім жетіспейді. Ал 187 мұғалім балаларды өзге пәндер бойынша оқытуда.
– Егер биология пәнінің мұғалімі химия сабақтарын немесе физика пәнінен беретін мұғалім математиканы оқытатын болса, түсінуге болады. Өйткені бұлар сабақтас мамандықтар, олардың факультеттері де бір: физика-математика немесе химия-биология. Ал математик тарихшының орнын алмастырса, бұл жарамайды, - деп есептейді М.Ахметова.
Партия өкілдері білім беру министрлігінің оқулықтарды сатып алу шығындары туралы БАҚ-тарға міндетті түрде есеп беруін; төменгі сынып оқушыларын тегін ыстық тағаммен қамту туралы норманы заңды түрде бекітуді; мұғалімдер мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасын, сондай-ақ дау-дамайды шешу тәсілдерін белгілейтін «Әдеп этикасын» әзірлеуді енгізуді ұсынды. Осы бастамалардың барлығын ҚКХП атынан мәжіліс депутаттары ұсынатын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА