Атырау, 9 қараша 17:53
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Атырау су астына кетіп бара ма?

5 827 просмотра

Бейбарыс даңғылындағы көшеттердің қурап қалу себептерін анықтау кезінде («Батпақты өлкені бау-бақшаға айналдыру мұң боп тұр», АЖ, 2011 жыл 7 шілде, №27) «ЗапКазНедра» аймақаралық департаментіне ресми сауал жолдаған едім. Бұл сауалға осы учаскені зерттеу кезінде анықталған жерасты суларының жоғарғы деңгейде орналасуы негіз болған еді.

 

СУ ЖЕР БЕТІНЕ ШЫҚТЫ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен бас мердігер «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС бұған сол кезде биылғы жылдың мамыр-маусым айларында орын алған қатты нөсер жауын кінәлі деп айыптаған болатын. Біздің ақпаратымыз бойынша, қаланың осы ауданында жерасты сулары соңғы бірнеше жылдан бері тұрақты көтеріліп келеді.

Ал «ЗапКазНедрадан» алынған ресми жауаптан тіпті жан түршіктірер көріністі көруге болады. 2008 жылғы наурыз айының аяғында гидрогеологтар даңғылдан шалғай емес жерде орналасқан №96 және 98 ұңғымалардан жерасты суларының 0,03 және 0,05 м аумалы белгісінде орналасқанын тіркеген. Су жер бетіне дерлік шыққан екен.

Өкінішке орай, гидрогеологтар тек 2007 жылдан басталатын мәліметтердің көшірмелерін ғана берген. Орташа алғанда, екі ұңғыма бойынша жыл сайын жерасты суларының деңгейі мамыр-маусым айларында орташа алғанда 0,28-0,38 метр аумалы белгіге жетеді екен. Дегенмен, жерасты суларының жәй-жапсарын  Атыраудағы ең ұзын даңғылдың бойынан: жол жиектеріндегі тұзды жерлер мен ылдилы жердегі ыстықта кеберсіп жатқан сортаң шалшықтарға карап-ақ, қарапайым көзбен көруге болады. Осы ауданда орналасқан Аманшин көшесінің бойындағы таяу жылдарда салынған 9 қабатты үйлердің тұрғындары мен дарынды балаларға арналған облыстық мектеп оқушыларына қиынға соғуда. Көктемде үйлер мен мектептің аумағы батпақ шалшықты еске түсіреді. Ал қазір ол жер ақ сортаң жамылған.

Көгалдандыруды былай қойғанда, жерасты суларының тұрақты жоғарғы деңгейде болуы, мамандардың пікірінше, ерте ме, кеш пе, іргетастың металл конструкциясының тоттануына және т.б. секілді қайтымсыз салдарға апарып соғады екен. Мамандар даңғылдың өзіне де көп уақыт беріп отырған жоқ. Олардың пікірінше, әрбір екі жыл сайын жол күрделі жөндеуді қажет ететін болады. Алдымен науаларға жанасып жатқан учаскелер бүлінеді. Демек, тағы да бюджет ақшалары жұмсалады деген сөз. Дегенмен, уақыт көрсетер. Ал біз ғылымның көмегіне жүгінетін боламыз.

ФАКТОРЛАР ӘСЕРІ

Бейбарыс даңғылындағы ахуалға түсінік беруді Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің гидрогеология және инженерлік геология кафедрасының профессоры, геология ғылымдарының кандидаты Вячеслав ЗАВАЛЕЙДАН өтінген едім. Күрделі терминдердің көптігі үшін оқырмандардан алдын ала кешірім сұраймын. Алайда профессордың пікірінше, олар жалпы көріністі түсіну үшін маңызды екен.

– Табиғи жағдайларда жерасты суларының қоректену көздері атмосфералық жауын-шашындар, беткі қабаттағы ағын сулар мен су қоймалары боп табылады. Егер беткі қабатта орналасқан қуысты тау жыныстары (топырақтар) жақсы сүзгілеу қасиетіне ие болса, онда жауған атмосфералық жауын-шашындар мен беткі қабаттағы сулардың бір бөлігі гравитацияның әсерімен топырақтың қалың қабатына сіңеді. Судың осылай төменге қозғалуын өте төмен сүзгілеу қасиеті бар су өткізбейтін жыныстар (сутірек) ұстап тұрады. Осылайша инфильтрацияланған су сол жердегі барлық тау жыныстарының қуыстарындағы ауаны ығыстырып, сутіректің үстіне жиналады. Бұл арада толықтай қанығу аймағы қалыптасады. Ол жерде тау жыныстарының барлық қуыстары мен бос жерлері сумен толатын толықтай қанығу аймағы түзіледі. Осы аймақтың жоғарғы шегі «жерасты суларының деңгейі» деп аталатын таныс атауға ие болады. Жерасты суларының деңгейінен жоғары, жер бетіне дейін «аэрация аймағы» (ауалану аймағы) орналасады.

Профессордың айтуынша, жерасты суларының деңгейі климаттық және техногендік факторларға байланысты болады екен. Техногендік қызметпен бүлінбеген табиғи жағдайларда топырақтағы қабаттың қуаттылығы жерасты сулары деңгейінің орналасу тереңдігі секілді, ең алдымен климаттық факторларға байланысты болатын көрінеді. Көктемде жерасты суларының қоректенуі арта түседі де, соған орай оның деңгейі көтеріледі. Қорек болмаған жағдайда, мәселен, ыстық жаз мезгілінде керісінше көрініс орын алады. Жерасты суларының деңгейі төмендейді, толықтай қанығу аймағы азаяды және ауалану аймағы көбейеді.

Енді ауалану аймағына оралайық. Бұл өсімдіктің тамыр жүйесі түзілетін аймақ. Ол жерден өсімдік өзінің тіршілік етуіне қажетті мөлшерде ылғал мен оттегіні алады. Толықтай ылғалға қаныққан аймақта оттегі де болмайды, тамыр жүйесінің қызмет етуі үшін жағдай да жоқ болады. Табиғи өсімдіктер жерасты сулары деңгейінің және ауалану аймағы қуаттылығының табиғи өзгеруіне жақсы бейімделеді. Мұндай жағдайға көндіккен түрлері ғана тірі қалады.

– Жаз бен аптап ыстық басталса да, біздегі жерасты суларының деңгейі биылғы жылы неліктен төмендемей тұр?

– Енді техногендік, яғни жерасты суларына адам ықпал еткен жағдайдағы ахуалдың қалай қалыптасатынын қарастырайық. Қала әжептәуір мөлшерде су тұтынады (сумен қамту, суару, техникалық мұқтаждықтар). Қалыптасқан табиғи ылғалдылық балансын сақтау үшін тұтынған су қанша түссе, сонша мөлшердегі суды аумақтан тыс бұру қажет. Су бұруға қатысты, әдетте, әжептәуір проблемалар туындайды. Канализациялық жүйелердегі судың ағуы, септиктерді сүзу, суармалы суларды инфильтрациялау, басқа да су шығындары қоректену үлесін көбейтіп, жерасты сулары деңгейінің көтерілуіне әкеп соғады.

ЖЕРГЕ БІР ТАМШЫ ДА КЕТПЕУ КЕРЕК

– Мұнымен қалай күресуге болады?

– Дренаждық жүйелер – көлбеулі немесе су бұрғыш ұңғымалар жақсы көмектеседі. Бірақ бұл су тұтқыш жыныстардың жақсы сүзгілеу қасиеттері болғанда және әжептәуір еңіс болған жағдайда ғана қолайлы. Мұндай жағдайдың екеуі де Атырау қаласында жоқ. Су тұтқыш көлбеулер саздалып қалған және өте төмен сүзгілеу қасиетіне ие. Ал гидравликалық еңістерді нөлдік деңгейде деуге болады. Қалыптасқан жағдайдан шығудың амалы қандай? Әрине, дренаждық жүйелерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ су шығынын толықтай жоқ қылу керек: су бұру нысандарын толықтай герметизациялау, су құбырынан су ағып кетпеуін қатаң қадағалау, аз дебитті суару жүйесіне көшу, инфильтрацияға шығындарды болдырмау керек. Шығынсыз суару әдістерінің бірі – тамшылатып суару. Егер атыздарға көп көлемде су жіберілсе, ертеңгі күні жерасты сулары деңгейі көтеріліп, ауалану аймағының қуаттылығы азайып, топырақтың сортаңданып, жентектелуіне, содан соң көшеттің өліп қалуына апарып соғады. Соған қарағанда, Атырау қаласының даңғылына отырғызылған ағаштардың қурап қалуы жерасты суларының аумалы көтерілу деңгейімен, ауалану аймағының толықтай дерлік жоқтығымен және жерасты суларының уыттылығымен де байланысты болуы мүмкін. Бірден айтайын, азғана ақпарат болғандықтан, бұл ақиқаттан алшақ болуы мүмкін менің өз жорамалым ғана.

КЕСПЕ ТАС БУЛАНУҒАКЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ

Ал гидрогеологтар да ахуалға техногендік факторды айыптауға бейім. Олардың пікірінше, жерасты суларының деңгейі тағы да көтерілу үшін атмосфералық ылғалдың немесе техногендік судың азғана мөлшері жеткілікті екен. Ал нөсер ағындыларды салуда кеспе тастарды (брусчатка) жаппай төсеу тек жағдайды қиындата түседі екен. Су ешқандай буланып кете алмайды, ал ащы тұз кеспе тастың іргесін «жеп қояды».

Аталмыш даңғылдан басқа Атыраудың қай ауданына су деңгейінің көтерілу қаупі төніп тұрғанын қатты білгім келді. Алайда, өкінішке орай, гидрогеологтар тәжірибелік ұңғымалардың аздығынан мұндай ақпаратты бере алмайды. Кеңейіп келе жатқан қалада ол бар болғаны 67 екен. Ал ол аз дегенде жүзден кем болмауы керек.

Біздің сауалымыз «ЗапКазНедра» аймақаралық департаментте нағыз қарбалас тудырғаны қызықты жайт болды. Байғұс ғалымдар өз зерттеулерінің біреулер үшін қажет екендігін ұмытып та үлгерген сияқты. Бюджет миллиондарына жасалатын жұмыс сапасын ешкім сұрамаса, ғылым туралы еске түсірмеуге де болады...

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

21 шілде 2011, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.