Атырау, 26 желтоқсан 18:26
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Құрдымға кетіп тал қармағанша, құтқарушы жалдап жан қарма

7 977 просмотра

Облыстық судан құтқару қызметінің  қызметкерлері төрт адамды  ажалдан құтқарып қалды.

Алдымен, «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауданындағы жағажайда кезекші болған құтқарушылар Жайықтың ортасында үрмелі дөңгелектен ұстаған екі жасөспірімді байқаған. Қорқып қалған балаларды жағалауға шығарып, судан сақтану шаралары туралы әңгіме жүргізілді. Дәл сол жерде екі сағаттан соң тағы да екі адамды құтқарып үлгерді. Бірінің жасы жиырмада, екіншісі он жетідегі жігіттер өзенді әрі-бері жүзіп өтпекші болған. Қайтып жүзіп келе жатқан кезде күштері сарқылған. Егер құтқарушылар дер уақытында үлгермесе, онда суға кеткендердің қара тізімі тағы да екі адаммен толығар еді. 

Осыдан бірнеше күн бұрын ТЖ жөніндегі департаментте облыстық судан құтқару қызметінің бастығы Ершат ҚИБАШЕВТІҢ қатысуымен брифинг өтті. Онда биылғы жылғы суға шомылу маусымының проблемалары қозғалды.

Құтқару қызметінің басшысы өкінішке қарай, судағы бақытсыз жағдайлардың көбейіп отырғандығын атап өтті. Биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде-ақ, облыста он жеті адам суға кетті, оның бесеуі балалар болды.

Атырау қаласында бүгінгі күні барлығы екі ресми жағажай ғана жұмыс жасайды. Алайда, олар демалушылардың қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, - деп хабарлады Ершат Қибашев. – Жылдан жылға біз осы мәселені қалалық билік алдына қойып келеміз, бірақ, өкінішке орай, мәселе тиісті дәрежеде шешілмей келеді. Биылғы жылы жағажай иелігін анықтау үшін жүргізілген тендердің өзі  жазда өтті. Қазір шомылу маусымының нағыз қызған шағы, ал, жағажай жұмыстары әлі күнге дұрыс ұйымдастырылмаған. 

Облыстық судан құтқару қызметінде мамандар жетіспейді, қала аумағына жиырма құтқарушы қызмет көрсетеді. Олардың иелігінде жүз шақырымды су қоймалары бар, олар сол жерлердегі судағы жағдайды үнемі бақылауға алып отыруы керек.

-Жағажай иелерінің штаттық құтқарушыларының жоқтығы салдарынан біздің жігіттері-міздің өздері кезекшілік атқаруға мәжбүр. Оның үстіне Жайықтың барлық жағалау аймағын бақылауға алуға тура келеді. Қала аумағының өзінде суға түсуге қауіпті деген жиырма үш учаске бар, - деп атап кетті Е.Қибашев. 

Құтқарушылар үшін негізгі басты мәселе – қалалықтардың демалыс күндері баратын қала сыртындағы аймақтары. Кәсіп-керлер өз клиенттерінің судағы қауіпсіздігін ойламастан, бұл жерлерде киіз үйлері мен мангалдары бар демалу базаларын ұйымдастырады. Тексеру, өзен түбінің тазалығы, қалқыма белгілерді орналастыру, жағажайда болуға міндетті құтқарушылар мен дәрігерлерді жұмысқа тарту секілді бұл тармақтар қала сыртындағы демалысты ұйымдастырудың барынша шығынды бөлігі болып отыр. Кәсіпкерлерге демалушылар үшін ешқандай жауапкершілікті мойындарына алмау үшін бар-жоғы бұл жерде суға түсуге болмайды деген ескерту тақтасын іле салған жеңіл. Облыстық судан құтқару қызметі кәсіпкерлерге өз тарапынан адамдар демалатын орындарда кезекші болатын және шамасы келгенше көмек көрсететін болашақ құтқарушыларды оқыту туралы ұсыныс берді. Е.Қибашевтің айтуынша, әзірге өз қызметкерлерін оқытуға екі-ақ кәсіпкер ниет білдіріп отыр екен. Брифингте судағы қайғылы оқиғалардың көпшілігінің суға шомылушылардың өз кінәсінен болатындығы айтылып өтті. Мас күйінде суға түсу, тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды ата-аналарының бақылаусыз қалдыруы себеп болып жатады. Мәселен, өткен жылы Индер ауданында болған қайғылы оқиға. Төрт орынды қайыққа бірден он адам отырған. Салмақтың артып кетуінен қайық аударылып, нәтижесінде төрт адам суға кетті. Жақында ғана өткен аптаның ішінде Құрманғазы ауданында, Шортанбай селосында қайғылы оқиға орын алды. Қатты ыстық күні құрылыста жұмыс істеген ер адам өзенге түсіп салқындап алғысы келген. Температураның өзгеруі салдарынан оның жағдайы нашарлап, суға кеткен.

Облыстық судан құтқару қызметінің қызметкерлері күн сайын тұрғындар арасында үгіт жұмыстарын жүргізеді, жұмыс тек жағажайларда ғана өтікізі-ліп қоймайды.

- Жағажайларда, өзен жағалауларында біз арнаулы жаднамалар таратамыз, дауыс үдеткіштер арқылы қала халқын өз өмірлерін сақтауға көмектесетін қарапайым ғана ережелерді сақтау туралы ақпараттандырып отырамыз,-дейді Е.Қибашев.

Сондай-ақ, облыстық судан құтқару қызметі стансасында жүзуді үйренем деушілерге курстар ашылған. Сабақты құтқарушылардың өздері тегін жүргі-зеді. Суға шомылу маусымы басталғалы бері барлығы төрт адам жүзуді үйреніп шықты.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Судағы қауіпсіздік ережесі

Қауіпсіз немесе арнайы белгіленген жерлерде: жағажайларда және шомылатын жерлерде суға түсуге болады.

- Суға мас күйіңізде түспеңіз

- Шомылу барысында қоршау белгілерінен өтіп кетпеңіз

- Тыйым салынған жерлерде суға түспеңіз

- Суға шомылып жатқан балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз

- Шомылу барысында доптарды, тақтайларды, резеңке  дөңгелектерді қолданбаңыздар

- Суда тентектікке жол бермеңіздер

- Жалған дабылдар қақпаңыз

- Жүзіп бара жатқан кемелер мен қайықтарға жақын бармаңыз

- Суға қайықтан, катерлерден, кемежайдан секірмеңіз

- Таныс емес жерлерде жүзбеңіз.

21 шілде 2011, 17:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.