Атырау, 26 желтоқсан 18:05
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бес алсаң ғана несиеге ие боласың

2 923 просмотра

Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік аккредиттелген жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған білім беру несиелерін мемлекеттік қолдау бағдарламасы іске қосылған болатын. Жобаның негізгі идеясы қарапайым еді: мемлекет банктердің несиелік тәуекелділіктерін азайтады, білім беру несиелерінің жоғарғы мөлшерін шектейді және қосымша комиссиялармен айыппұлдарға тыйым салады.

Білім беру министрлігі жасақтаған несиелік сызба мынадай: Қаржы орталығы– Білім және ғылым министрлігінің жанындағы құрылымдық бөлімше екінші деңгейлі банктер мен келісім-шартқа отырады. Ал банктер мектеп түлектерімен студенттер үшін оқу ақысын қарызға береді. Бағдарлама іске қосылған алты жыл ішінде мемлекетте бар болғаны үш серіктес банк пайда болды. Олар: Халықтық банк, Тұран Әлембанкі және Альянс банк. Бұлардың әрбіреуінің өз шарттары бар.

«Білім беру несиелері бойынша 2008 жылдан бері жұмыс істей бастадық, - дейді «Альянс Банк» Атырау филиалының жеке тұлғаларды несиелеу секторының меңгерушісі АсылбекДӘУЛЕТОВ. – Бағдарлама халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан шыққан студенттерге, мәселен, ата-анасы мүгедек немесе өзі жетім студенттерге арналған.

Бұл бағдарлама республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Несиелеу мерзімі 17 жылға дейін. Жылдық тиімді мөлшерлеме 9 пайыз.

Несие төлеу бойынша бүкіл оқу мерзіміне (4-5 жыл) жеңілдік кезеңі ұсынылады. Оған қоса жұмыс табу үшін бір жыл уақыт беріледі. Яғни, несиені түлек өзінің алғашқы жалақысынан бастап төлей алады.

Егер талапкердің салатын кепілдігі жоқ болса, онда Қаржы орталығы несиені 100 пайыз кепілдендіре алады».

Несие беру мақұлданған жағдайда ақша студенттің қолына берілмейді. Оның атына оқудың толық құнына несиелік желі ашылады. Онда таңдалған жоғары оқу орнының шот фактурасы бейнеленеді.

Оқу ақысын банк аударады, бірақ толықтай емес. Оны әр семестрдің аяғында бөліп аударады.

Ең маңызды шарт – несиені тек жақсы оқушылар мен үздіктер ғана ала алады. Таңдалған мамандығы маңызды емес. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім беру несиелері халық арасында аса танымал емес. А.Дәулетовтің айтуынша, 2008 жылдан бастап оқуға жеңілдік несиелері бар болғаны 5 студентке берілген. «Біз барлық жоғарғы оқу орындары бойынша бағдарламаны таныстырған едік. Алайда қазір жоғарғы оқу орындарының ректорлары әлеуметтік әлсіз топтардан шыққан талапкерлерге несиелердің әкімдік арқылы берілуіне мүдделі болып отыр. Өйткені, әкімдікте де осындай бағдарлама бар, бірақ ол өтеусіз екен».

Басқа екі банк несиелерді (10 жылға 8-ден 10-15 пайызға дейін) ҰБТ нәтижелері бойынша 50-ден кем емес балл алған барлық студенттерге жеңілдікпен өтеу жүйесімен береді. Оқу мерзімі ішінде және негізгі оқу курсы аяқталғаннан кейін тек сыйақы сомасы ғана төленеді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

21 шілде 2011, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.