Атырау, 26 желтоқсан 18:32
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жаңа кадрларға - жаңа баспана

3 899 просмотра

Таяуда Алмагүл ықшам ауданындағы жаңа №7 емхана жас мамандармен толықты. Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерін бітірген 23 түлек бірден жұмысқа кірісті. Құрамына балалар емханасы да кіретін №7 емханалық кешен бір ауысымға 500 адам, яғни – 150 бала мен 350 ересектерді қабылдауға есептелген.

«Негізгі мамандармен азды-көпті қамтылған едік. Ал 10 учаскеде бар болғаны 4 терапевт болатын. Жас мамандардың келуімен жағдайымыз жақсарып қалды. Алайда емханада ревматолог, эндоскопист, реабилитолог, кардиолог әлі де жетіспейді. Олардың міндеттерін жарты күнге шақырылған мамандар атқарып жүр. Рентгенолог біреу, лаборант та біреу. Алайда штаттық кесте бойынша екі маман қарастырылған», - дейді емхананың бас дәрігері Ғазиз ЕСҚАЛИ.

Енді емханада жаңадан 4 терапевт, 1 травматолог, 1 білікті фармацевт пен орта медициналық буындағы 17 қызметкер жұмыс істейді. Әсіресе, олардың бәрінің де өзіміздің жерлестеріміз екендігі қуантады. Дәрігерлер Ақтөбеде, медбикелер Атырау медицина колледжінде оқығандар. Бұдан басқа, басқа аймақтардан тағы екі маман келуге ниет білдірді. Олар тәжірибелі, 1-санатты біліктіліктері бар кардиолог пен ревматолог.

– Облыс басшылығы қазір емханалар мен ауруханаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін көп жұмыс атқаруда. Соның ішінде жастарға және бізге шақырту бойынша келген мамандарға баспаналар бөлуде. Бұл олардың ынталанып жұмыс істеуіне жақсы жағдай болып отыр. Кадрларымыздың толығуына келер болсақ, кейбір дәрігерлер Махамбет, Жылыой аудандарынан, Теңдіктен келді. Бастапқы жылда олар жатақханаларда тұрады, содан кейін пәтер алуға мүмкіндік ала алады, - деп қосып қойды Ғазиз Есқали.

– Өзіміздің кейбір тәжірибелі дәрігерлер пәтерлердің облысымызда 20 жыл жұмыс жасап, одан кейін де осындай уақыт жұмыс жасауға дайын жандарға емес, өте жас әрі басқа жақтан келген мамандарға беріліп жатқанына ренішті...

– Бұл реніш орынсыз деп ойлаймын. Өткен жылы дәрігерлердің көпшілігіне – облысымызға жұмыс жасауға шақырылғандарға да, өзіміздің дәрігерлерге де жаңа баспана берілген болатын. Өзіміздің кейбір дәрігерлер баспанаға емес, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж. Бастысы, адам бюджет қызметкері ретінде кезекке тұруы керек.

– Ал баспанаға үміткерлер тізімін жасау кімнің құзырында?

– Емдеу мекемелерінің басшылары үміткерлерді ұсынады, ал денсаулық сақтау басқармасындағылар қолдаухат дайындайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Түркіменбай НҰРЖІГІТОВТІҢайтуынша, №7 емхана қызметкерлері – алғашқы қарлығаштар екен.

– Үш жылдан бері Ақтөбе, Алматы, Астана және Қарағандының медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің жәрмеңкесіне барып тұрамыз. Бізде барлық мамандықтар бойынша кадрлар, әсіресе, алғашқы медициналық көмек көрсететін – учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практикадағы дәрігерлер, ревматологтар, невропатологтар тапшы. Әсіресе, балалар бөлімшесінде дәрігерлердің тапшылығы сезіле-ді. Қазір мамандар салмағы 500 грамм болатын жаңа туылған сәбилерді қарап, күтім жасауда. Бұл өте күрделі де жауапты іс. Бүкіл ауруханадағы ревматолог дәрігерлер тәулік бойына кезекшілік етеді. Олар жетіспейді. Акушер-гинекологтар, фтизиатрлар керек. Бұдан басқа, жаңа ереже бойынша, терапевтер мен педиатрларға қабылдау жүргізуге екі медбике, ал жалпы практикадағы дәрігерлерге үш орта медициналық буын қызметкерлері көмектесулері тиіс, - деп хабарлады Т.Нұржігітов.

– Жергілікті медиктерді баспананы бөлу мәселесі қатты алаңдатып отыр. Олар жаңа мамандар келсе, тұрғын үй бағдарламасынан тысқары қалып қоямыз деп қорқады.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы пәтерлерді бөлумен айналыспайды. Біз тек кезекте тұрғандар шынымен де облыстың медицина мекемелерінде жұмыс істейтіндігі туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне растап, ақпарат береміз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 шілде 2011, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.