Жилгородоктағы табиғи тірі бұтадан жасалатын жасыл лабиринт келесі көктемде-ақ бой көтеруі керек.
«Тірі» лабиринттер - бақша архитектурасының әлемде кең тараған элементтерінің бірі. Балалар мұндай аттракциондарда тығылыспақ, қуыспақ сияқты ойындарды ойнап, ойынмен бірге тұрған жерін бағдарлау дағдыларын дамыта алады және бұлардың барлығы экологиялық таза ортада жүзеге асады.
Осы бір керемет идея екі құрбы Анар ҚҰРМАНБЕКОВА мен Қарлығаш ЗЕРИЛОВАҒА тиесілі. Қыздар бірде өз күштерімен балалар үшін, қала үшін пайдалы нәрсе жасауды шешеді. Бірінші кезең еңсерілді – олар өз жобаларына қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен қалалық ТКШ бөлімінің келісімін алды. Қалалық сәулет бөлімінің қызметкері Төлеген ҚАТАЙ Жилгородок саябағы аумағындағы ауданы 40х20 метр жер учаскесінде орналасатын лабиринттің алдын ала 3D жоспар-сызбасын әзірлеуге көмектесті. Қыздар, сондай-ақ, көгалдандырушылардың да кеңесін алды.
- Жер өңдейтін уақыт келді: учаскені тазалау, жерді тегістеу, тыңайтқыш себу сияқты жұмыстарды жүргізу керек. Учаскеде қазір өсіп жатқан өсімдіктерді жұлмаймыз, оларды болашақ лабиринт сызбасына қосуға тырысамыз, - дейді Анар Құрманбекова.
- Лабиринт «қабырғаларының» биіктігі қандай болу керек?
- Осындай істен тәжірибесі бар адамдар көшеттердің биіктігі 80 см, ені 50 см, жолдардың ені 1,2 м болғаны дұрыс деп кеңес берді. Егер біз шыбықтарды осы күзде отырғыза алсақ, дұрыс күтіп, суарып тұрсақ, келесі жылдың күзіне дейін лабиринттің сұлбасын көре аламыз деп үміттенеміз.
- Ең басты мәселе: көшеттерді кім күтіп, кім суарады?
- Біз осы аумақ балансында тұрған ТКШ-мен келісімге келдік, яғни, суаруды кәсіпорын өз мойнына алады, ал, кесуді өзіміз жүзеге асырамыз, - дейді Қарлығаш. – Бұл ең қиыны: көшеттер көлденең, жайқалып өсіп, түп жағы ашық қалмас үшін жоғарыдан төмен қарай үнемі кесіп отыру қажет.
Қыздарға өңірімізде жақсы өсетін қарағаш отырғызуды ұсыныпты, алайда, олар қандай өсімдік егетіндерін әлі нақты шеше қойған жоқ. Бүгінгі ең басты міндет – учаскені дайындау үшін көмекшілер табу. Олар пошта арқылы хабарламалар жіберді, әлеуметтік желілерде акция жариялады, достарын, таныстарын және танымайтын адамдарды да тартты.
- Бұл жоба қымбат емес, алайда біз қаламыздың барлық тұрғындарын сенбілікке шақырамыз. Түсініңіздер, бұл - қоршаған ортаны жақсартуға әр адам өз үлесін қоса алатын, осы жоба мен қаланың бір бөлігі болуға мүмкіндік беретін керемет шара. Ол үшін, ең болмаса, 500 теңге ақша салып немесе сенбілікке келу керек. Біз билік еш әрекет етпейді деп шағымданамыз, алайда өзіміз де қозғалмаймыз. Біз барлығы өз қолымызда екенін дәлелдегіміз келеді. Бізге Астана, әсіресе, Алматы сияқты қалалардың өнегесі шабыт береді, өйткені, олардың тұрғындары өз беттерінше азаматтық, әлеуметтік жобаларды жиі ұсынады, - дейді Анар. – Инвесторлар да қажет, алайда біз әзірге қара жұмыс жасау кезеңіндеміз – қазан айында демалдыру үшін қыркүйекті пайдаланып, бәрін дайындау қажет, жерді қопарып, тыңайтқыш себеміз, ал, қазанның аяғында көшет отырғызуға кірісеміз.
Осы қайырымдық акциясына қатысқысы келетіндер қыздармен келесі телефондар бойынша хабарласа алады: +7 701 9300234 (Қарлығаш), +7 702 4318971 (Анар). Қарлығаштың Фейсбуктағы аккаунты «Карлыгаш Зерилова» және Инстаграмда «Karlazzzzz».
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА