Атырау, 26 желтоқсан 18:34
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Құрсай мен Қамыскөлді арашалар жан бар ма?

10 333 просмотра

Қамыскөлдің қазіргі халі осы

Жем өзеніне тәуелді Қамыскөл көлі мен Құрсай өзегі иесіздікті бастан кешіріп жатыр.

КІМ КІНӘЛІ?

Өр суы Ақтөбе облысы Мұғалжар тауының басынан өрбіп, Ойыл арқылы Жем өзеніне келіп құяды. Одан Құрсай өзегімен Қамыскөл көлін толтырып алуға мүмкіндік бар, онда да Бақашы бөгетін бөгеу арқылы ғана. Бірнеше жылдан жоғарыдан су келмей, Жемнің бойы қақсып барып, тек соңғы екі жылда «көзі ашылғандай» болып еді. Есесіне бар суды тиімді пайдаланып қалуда билік басындағылар анық дәрменсіздік танытты. Бақашыны бөгей алмады. Қарайған техника, адамдар жұмылдырылғанымен, төрт айғы еңбектің бәрі зая кетті. Әкімдіктен білгеніміздей, бөгеу жұмысына бюджеттен бір тиын бөлінбеген, барлығы демеушілік көмек арқылы іске асқан. Қанша техника қатыстырылды, қанша жұмыс жасалды, мұны әкімдіктегілер-дің өзі айта алмады. Бірақ «судың да сұрауы бар» демекші, жасалған жұмыстардың нәтижесіз аяқталуына кім кінәлі еді? Төрт айдан бергі жүріп жатқан бөгеу жұмысының берекетсіздігіне кім жауап береді?

Бұдан бір жұма бұрын топырақтан бөгет салынғанымен, екі күннен кейін қаскөйлер оны бұзып тастаған. Суға шөліркеу салдарынан Құрсай өзегі аянышты күйге түскен. Өзек бойын қаптаған қамыс пен балдыр басып кетіпті. Әсіресе, қамыстар ретсіз қаулап, адам бойынан асып кетердей биікте. Су әр жерден жылтылдап көрі-неді, оның өзі жаяу жүргінші көпірлерінің тұсында. Иістеніп, көгеріп кеткен суларға жақындау мүмкін емес. Құрсайдың кей жерінде су да жоқ, ақ тақыры шыққан. Өзек анық жетімсіреп жатыр және Құлсары қаласының өн бойында орналасқанымен, оның сорлы қалін ешкімнің көрмеуі қалай деп ойлайсың.

 - Қаланы көркейтуге қаржылар жұмсалып жатыр ғой, ол қуантады. Бірақ Құрсай мен Қамыскөлдің қазіргі кейпі адам шошытарлық жағдайға жеткен. Қамыскөлдің жағасын тазарту жүргенімен оған түпкілікті назар аударатын кез келді деп ойлаймын. Су болмаса онсыз да экологиясы нашар аудан одан әрі құритыны сөзсіз, Жем өзені суын бірнеше шаруашылықтар пайдалануда. Әркім білгенін жасап, тоғандарға су құйып алып жатыр ма, жоқ қасқалдақтың қанындай болып келген су далаға босқа кетіп жатыр ма, белгісіз, - дейді қала тұрғыны МАРАТ.

Қамыскөл де оңып тұрғаны шамалы, қамыстар қаулап, су көгере бастаған. Бұдан екі жыл бұрын санитарлық дәрігерлер Қамыскөлге шомылуға тиым салған болатын. Биыл да сондай қауіпте, Жылыой аудандық МСЭҚБ бастығының міндетін атқарушы Д. ЖАРЫЛҒАСЫНОВА қала әкіміне 20 мамырда хабарлама түсіргенімен шарасы алынбаған. Көлдің су сапасын санитарлық химиялық зертханамен тексерген уақытта хлорид көрсет-кіштері 2,5 есеге өсіп кеткен. Яғни, көл суы ащы, тұзды деген сөз. Қалыпты сапаға жеткізу үшін Қамыскөл суын жаңарту жөнін-дегі ұсынысты санитарлар бұдан екі ай бұрын ескерткенімен бәз баяғы қалыпта.

Құрсайды жануар да аңсайды

 

БАҚАШЫҒА БӨГЕТ ҚАЖЕТ

Жоғарыда айтып өткендей Қамыскөл мен Құрсай өзегін сақтап қалудың бір ғана жолы бар, ол Бақашыға бөгет салу. Бұдан екі жыл бұрын мұнайшылардың демеушілігімен 150 млн. теңгеге деп бағаланып, салынған бөгет сол жылы істен шықты. Қазір оның бәрін су шайып кеткен, бөгеттің елесі де жоқ. Қала әкімшілігінің қамыстан құтқарады деп Астраханнан әкелген екі миллион ақ амур шабағы қаншалықты өсіп жетілгені белгісіз. Бұлардың бәрі демеушілікпен іске асырылғандықтан құқық қорғау органдары тым тырыс. Жем өзенінің арыны қатты болғанымен су әлі жүріп жатыр, тек соны тиімді пайдалана алмай отырғандары болмаса. Жылына бір келетін табиғи судан басқа бұл өңірден ылғал таппайсың. Бақашыға шлюз салу жайы бұдан бірнеше жылдан бері әңгіме болып келе жатыр, бірақ бәрі қағаз жүзінде. Шлюзге бірнеше милиардтаған қаржы керек-мыс. Кезінде ТШО-ға иек артқанымен одан да ештеңе шықпады. Құрсай мен Қамыскөлді берекетсіз қамыстан арылтып, қазып тазарту, жағаларын көтеру мен бетондау қашан іске асатыны белгісіз. Жетпіс мыңға жуық халық тұратын аудандағы мал мен егін шаруашылығын дамыту Жемге байланысты. Жем өзенінің біразы табиғи су жүйелі келмегендіктен арналары бітеліп қалған.

 

ӘКІМДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Жоғарыдағы жайлардың қашан шешілетінін білмек болып аудан әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВҚА, Құлсары қаласы әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ қызметтік және ұяы телефондарына бірнеше рет қоңырау шалдық. Жауап бермеді, тұтқаны да көтермеді. Хатшы қыз аудан әкімі орынбасарының телефонын берді.

 - Шындығында мен әлеуметтік мәселелермен айналысамын, сондықтан ештеңе айта алмаймын. Оған жауапты әкім орынбасары еңбек демалысында, негізі қала әкімі Кейкинге тапсырма берілген. Сізге көмегім, телефоныңызға соқсын, қала әкіміне айтайын, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Ермек ДАЛАБАЕВ.

Бұдан кейін де біз қала әкімі Ш.Кейкинге үздіксіз телефон соқтық, бірақ ол тұтқаны көтермеді.

Ал аудан жұртшылығы Қамыскөл мен Құрсайдың басындағы қара бұлттың қашан сейілетініне алаңдаулы. Сусыз тіршілік ету мүмкін емес қой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

21 шілде 2011, 01:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.