Атырау, 26 желтоқсан 13:05
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Күншығыстың» батыры

5 178 просмотра

Өз еңбектерімен ешкімге алақан жаймай бір емес, екі‑үш отбасыны тек малдың арқасында асырап отырғандардың бірі - Темірғалиевтар әулеті. Қазіргі заманның нағыз ерлері дерсің оларды.

 

 

«Күншығанақ» қыстағы Махамбет ауданы «Ақ Жайық» селосына 12 шақыырм қашықтықта орналасқан. Мұнда малмен күнелтіп отырған он отбасы бар. Ал Темірғалиевтар отбасы мал өсірудің хас шебері болып шықты. Шаруасын дүрілдетіп ұстап отыр. Баяғының байшыкештері сияқты.

Кеңестік үкімет кезінде Атырау‑Индер жолының осы қыстақ маңында шұбат, сүт, қаймақ, сүзбе, құрт сататын бір келіншек болушы еді, әп дегеннен соны сұрадым. Бұл жол істен шыққалы ол келіншекті кездестірмеген едім. Оны сұраудағы себебім, маршруттық автобус ылғи соның қасында аялдайтын. Жапа тармағай жұртшылық келіншектің дайындаған өнімін бағасын саудаламай ала беретін.

‑ Ол келіншек мен едім ғой. Ол кезде жол жақсы болды, қатынас керемет еді. Біз совхоздың түйесін бақтық, аздаған сиырымыз болды. Содан мал өнімдерін дайындап сатамын, себебі ағыл‑тегіл жатқан өнімді халыққа ұсынып, бір жағынан жеке пайдамызды көруші едік. Мен өзім оныншы класты бітіргеннен кейін Базарбекке тұрмысқа шықтым. Малды берекелі ұстасаң, өнімі ағыл‑тегіл. Жұлындай жаспын, түйе мен сиырды сауып алғасын, шұбат, қаймақ, сүзбе, құрт, бәрін дайындаймын. Енем жәрдемдесті. Бір үйден артылып қалған өнімді сақтап отыра алмайсың, сосын жолға шығып сататынмын,‑дейді Жамила Мұқашеева.

Оның жолдасы Базарбек Темірғалиев те ақжарқын адам екен. Әкесі Қуан өмір бойы «Ақ Жайық» совхозының түйесін бақты. Одан кейінгі кезек Базарбекке тиді. Жастайынан малды көріп, бағып өскен оған еңбектің еш қиындығы болған жоқ. Сөйтіп жүргенде совхоз тарап, бұлар айдалада қалды. Базарбек басқалар құсап орталыққа көшуді, болмаса қаладан несібе табуды ойлаған жоқ, не болса да қолындағы жекеменшік малына арқа сүйеді. Малсыз қазақтың күні жоқ екенін білетін. Әрі әке‑шешеден көрген тәжірбие бар, басқалар малды тастап жатқанда ол әкесінен қалған «Күншығанақ» қыстағында қалып қойды. Сосын тек түйе емес, төрт түліктің бәрін өсірді, енді оны «малы көп бай» дейді.

‑ Біз тек өзімізге арқа сүйедік, басқалар үкіметке телміргенде оны мен жадымнан шығардым. Тіпті осы кезге дейін шаруа қожалығын құрып, үкіметтен несиеге мал, болмаса техника алуды ойламадым. Сұраудың ақыры берекет болмайды, қарыздан қорқамын. Қазіргі күннің кәсіпкерлері банкке қарыздар болып отырғанын көзіміз көріп отыр. Бір тиын түссе де адал еңбегіңмен өзің тап, ешкімге телмірме деп балаларымды үйреттім. Шүкір, қазір ешкімнен кем емеспін, үйір жылқы, төсте түйе, сиыр, қора‑қора қой өсіріп отырмын. Соны сатамыз, барлық шөп шабатын техникамды түгел жиып алдым, астымда жеңіл көлік. Оның бәрі осы малдың арқасында келді,- дейді Базарбек ТЕМІРҒАЛИЕВ.

Олардың отбасында сегіз ұл‑қыз өсіп келеді. ‡ш баласы үйленіп, қызы тұрмысқа шықты. Жамила 47 жасында‑ақ сегіз баланы дүниеге келтіргені үшін «Алтын алқа» медалін кеудесіне тақты. Немерелер өсіп келеді. Дегенмен Мадиярының қылығы ерен.

Оның Ақ Жайық селосында екінші үйі де бар. Тағы бір бала‑келіні сонда бөлек тұрады.Балалары жұмыс жасайды, болмаса жиылып малға қолғабыс етеді. Сырттан көмекші іздемейді.Қазір өз балаларына қоса үш үйді және тағы бір інісінің отбасын қамқорлап отыр. Осыншама адамның күнкөрісі де, байлығы да мал.

‑ Қазірдің өзінде жеті түйе, он сиырды сауып, өнімін кейде Атырауға, болмаса Махамбет ауданына өткіземін. Той, садақаға сұраныс береді. Жаздай балалар пішен дайындап сатты. Қалай еткенде еңбектің наны тәтті екенін балалар ұғып болды,‑дейді Жамила.

Шаруагер Базарбек мал шаруашылығындағы күрделеніп қалған мәселелерді алға тартты. Мәселен қойдың, түйенің жүнін, сиырдың терісін алушыны шам алып іздеп таппайсың. Сұраныс жоқ. Ал Қытайда, Түркияда жеңіл өнеркәсіп қатты дамыған. Шағын цехтар көше‑көшеде жұмыс жасайды. Қазақстанда бұл жай тұралап қалған. Шаруа Базарбек осыған қатты алаңдаулы. Бұл жайлар тек оны емес, басқа шауаларды да мазасыздандырып жүргені жасырын емес.  

‑ Амал жоқ біздер малдың шикізатын қолмен өртейміз. Себебі тонналаған жүн шіріп, ауаны бүлдіреді. Біздер басқалай не істей аламыз. Неге осы жағына ауыл шаруашылығы Министрлігі бас ауыртпайды? Несие алыңдар деп үгіттегеннен басқа ештеңе жоқ. Мал тұқымын асылдандыру әрбір жеке шаруаның міндеті. Мен осыған қазір қатты көңіл бөлемін. Қалай еткенде малсыз қазақты елестету мүмкін емес.

‑Бұдан басқа да проблема бар шығар?

‑ Неге болмасын, түз тағысы деген бой бермей тұр. Кейде шөпте тұрған ботаны іліп кетеді. Жергілікті әкімшілік әуесқой аңшылардың басын құрап, ауласа, біз де көмектесер едік. Қазір қасқыр құтырып тұр.   

‑ Дегенмен жол қатынасы жоқ, елсізде тұру оңай емес болар?

‑ Үйреніп кеттік, білмеймін қаланың мазасыз тіршілігінен гөрі осы жер тыныш. Әкем осы жерде дүниеден өтті. Біз енді қала тұрмақ, селода да тұра алмайтын болармыз. «Күншығанақтың» жерін басқаға айырбастамаспыз,‑дейді Базарбек Темірғалиев.

Еңбегімен елге танылылған Темірғалиевтер отбасы қыстан қысылмай өтетініне сенімді. Бұл олардың бірінші қыстары емес қой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.