Атырау, 27 қараша 00:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Талым өссін десең Сарыөзектің көшетін отырғыз»

3 412 просмотра

Осыдан бір жыл бұрын ғана биліктегілер бүкіл қаланы брусчаткіге киіндіруге белсене кіріскен еді. Облыс әкімі  бұны  газондарды баптап-сақтаудың тым қымбатқа түсетіндігімен түсіндірген болатын. Бірақ не әсер еткенін кім білсін, әйтеуір әзірге “жасылдардың” айы оңынан туып жатыр. Солардың бірі – «Эко Строй Стандарт» ЖШС. 

«ТҰҚЫМ ӨЗ АҒАШТАРЫМЫЗДАН АЛЫНУЫ КЕРЕК»

Сарыөзектегі тәлімбаққа келгенде күн тас төбеге жеткен тұс еді. Осы жердегі  агроном Мәди ЕСҚАЛИЕВ жердің ебін де, демін де  біледі. Жүре- бара үйренген емес, арнайы оқуын оқып тауысқан, жоғары  білімді, дипломды маман. Көрші Орал облысынан келіп осы бақты  ұйымдастырып, әу басынан қасында.

- Бізде былтырдан бері 360 мың көшет отырғызуға арналған материалдар бар. Олардың арасында  бальзам терегі, пирамидалық терек, үйеңкі, шегіршін, жыңғыл, ұсақ жапырақты жиде, акация, ұсақ жапырақты сары қараағаш, жылауық ива деп санай беруге болады. Итмұрын мен қарақат түптерін де отырғызып отырмыз,-дейді Мәди Есқалиев.

Оның айтуынша,  ағаштарды егудің өзіндік сатылы процесі жүзеге асқан. Яғни алдымен  топырақ алынып, оның құрамы арнаулы зертханадан өткен. Тек ғылыми шешім қабылданған соң ғана тұқымдар мен көшеттер отырғызылған.  Тұқымдардың көбі Жилгородоктан алыныпты.

- Тәсілімізді жасырмаймыз. Мақсат - жергілікті жердің тұзды агрессивті топырағына бейім-делген ағаштарды өсіру. Жергілікті  ағаштардан қаламшалар алып отрығызып, соны елге ұсынамыз. Бірақ атыраулықтардың психологиясы қызық. Сырттан келсе жақсы, сапалы деген ұғым қалыптасқан.  Былтырғы жылы көктемде базарға сертификатымызбен  бірге сатуға  апарғанбыз. Бірақ  жұртшылық сенімсіз-дікпен қарап, Өзбекстаннан келген ағаштарға жүгірумен болды. Ал олардың  сертифкатының бар-жоғы, оның  зақымдалмаған болуы тәрізді  талаптарына көңіл аударған ешкім болған жоқ,- дейді Мәди Есқалиев.

Әрине ең бастысы егілген ағаштардың жерсініп кетуі. Сырттан әкеліп егілгендердің өспеу себебі  - ұзақ жолдан Атырауға жеткенше  тамырлары зақымдалып, қурап қалады.

- Кем дегенде 50 см дейін тамыры болуы керек. Ағаштар гүл атпай тұрып, 1 жаста егілгені жақсы,- деп түсіндіреді агроном.

Агрономды тыңдасақ тіпті кәдімгі сексеуілді  әсемдік үшін пайдалануға болатын көрінеді. Бірақ оны көбі менсінбейді, әдемілеп формасын келтірсе ол  жағдай таңдамайды деп түсіндіреді ол. 

 

ПАРИЖДЕГІ АҒАШТАРДЫ  ЧИП АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАЙДЫ

Бұл шаруашылықтардың қожасы «ЭкоСтройСтандарт» ЖШС төрағасы Берікбай ӨМІРОВТЫҢ көп жылдық тәжірибесі жасылдандыру идеясының соңғы нүктесінің қалай қойылатына болжам жасауға жетерлік.  Өз ісіне мығым жігіт ағасы маңызды мәселенің басын қайырды. Оның  ойынша, барлық егілген ағаштар балансқа алынуы қажет, сосын оларды күтіп-баптауға кеткен  аммортизациялық шығыны есептеледі. Яғни, түптеп келгенде жұмсалған қаржының өтеуі болуына  мән берілгені жөн.

Одан да маңыздысы - қанша ағаш отырғызылды, қаншасы шықты деген инвентаризация жасалуы керек. 

Дұрыс ой деп шештім іштей. Парижде тіпті  ағаштарға чип қойылады екен. Сөйтіп жасылдандыру  жөніндегі маман Елисей алаңында ноутбугымен  жүріп әр ағаштың жағдайы  туралы  ақпараттармен танысады. Бізге чип түгілі,  тым құрымағанда Атыраудағы  ағаш санын білсек те жарар. Қалада қанша жасылданған жерлер бар? Жаңа көшеттерге бөлінген ақша қалай жұмсалды?  Және  не себепті  егілген көшеттер жерсінбейді?  Міне, мониторинг осы  сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.

Сонда жыл сайынғы бөлінетін миллиондардың  қалайша желге ұшып кетіп жатқанына көз жеткізуге болады.

Сәния ТОЙКЕН

Суреттер автордікі 

21 шілде 2011, 01:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.