Атырау, 26 желтоқсан 18:42
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жаңаөзенге еуропалық делдалдар аяқ басты

3 828 просмотра

Бірнеше айдан бері «Қаражамбасмұнай» мен «Өзенмұнайгаз» кәсіпорындарының мыңдаған жұмысшылары ереуілге шыққан Маңғыстау облысына Еуропа парламентінің депутаты Пол Мерфи (суретте сол жақтан екінші) бастаған делегация аяқ басты.

«ТАРАПТАР КЕЛІСІМГЕ КЕЛУІ ТИІС»

Еуропарламенттің солшылдар фракциясының депутаты Пол МЕРФИ қазақстандық пролетариаттың құқықтары бұзылғандығы туралы дабылдар түскен соң Ирландия социалистік партиясының тапсырмасымен Қазақстанға делдалдық миссиямен келген екен.

17 шілдеде Пол Мерфи «Жұмысшы интернационалдары үшін комитет» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт ДЖОЙНС, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня НЕМЕЕРМЕН бірге Жаңаөзенге келіп, ереуілге шыққан мұнайшылармен кездесті.

Еуропалық меймандармен бірге жүрген «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы Мұхтар ҮМБЕТОВТІҢ айтуынша, олар Маңғыстау облысындағы ереуілдер туралы әділ әрі толық ақпарат алған.

– Пол Мерфи «Қаражамбасмұнай» және «Өзенмұнай» компаниясының басшылығымен, сондай-ақ ереуілге шыққан мұнайшылармен кездесті. Ол сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, келіссөздер жүргізуді бастауға шақырды. Кездесу барысында Пол Мерфи екі тараптан да ұзаққа созылған еңбек дауына қатысты жеткілікті ақпарат алды. Ол осы мәліметтер негізінде Еуропарламент үшін баяндама дайындамақ. Оның қандай сипатта болатындығы маған белгісіз, - деп хабарлады Мұхтар Үмбетов.

Оның айтуынша, Еуропарламент депутатына ереуіл белсенділерінің қудалануы жөнінде хабарлаған.

–  Наталья СОКОЛОВА мен Ақжанат ӘМИНОВТІҢ қамауға алынғандығы туралы әңгімеленді. Ирландияның социалистік партиясының мүшесі ретінде еңбек жанжалдарын шешуде тәжірибесі мол Пол Мерфи тараптарға бір-бірімен келісімге келіп, жанжалды шиеленістірмеу керектігін атап өтті. Шынымен де, Соколоваға қарсы полицияға берген арызын кері қайтарып алса Янь Му мырзаның («Қаражамбасмұнай» компаниясының қытайлық менеджері) несі кетеді? Ал біз, кәсіподақтар жұмысшылармен және жұмыс берушілермен бірге келіссөз үстеліне отырар едік, - дейді кәсіподақ басшысы Мұхтар Үмбетов.

Еуропалық делегация Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының наразылық акциясы өтіп жатқан жерге барды.

– Меймандар ереуілге шыққан топқа жақындап келді. Біз болған жағдай туралы, еңбек жанжалының туындау себебі туралы толық әңгімеледік. Пол Мерфиге біздің табысымыз жайлы құжаттарды бердік. Олар өндіріс қызметкері мен Астанадағы «Қазмұнайгаз» кеңсесіндегі қызметкердің қанша жалақы алатынын білгенде қатты таң қалды. Қонақтарға биліктің мүлдем басқа ақпаратты ұсынғанын көрсеттік. Еуропалықтар біздің талабымыздың заңды екендігімен келісіп, қазақстандық мұнайшыларға қол ұшын беруге уәде берді. Алайда бүгінге дейін әлі ештеңе өзгерген жоқ, біз бұрынғыша әкімдік алдындағы алаңда талаптарымыздың орындалуын күтудеміз, - деп хабарлады өзінің фамилиясын атамауды өтінген Жандарбек есімді Жаңаөзендегі белсенділердің бірі.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» ЖАУАБЫ

Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» (ҚМГ БӨ) компаниясының басшылығы Жаңаөзенге еуропалық делегацияның келу сапарының барысы туралы өз ақпараттарын таратты.

«Еуропа парламенті өкілдерімен болған кездесуге «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының атынан компанияның қызметкерлерді басқару және әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Тарас ХИТУОВ, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай ЕШМАНОВ және филиал директорының экономика және «Өзенмұнайгаз» директорының экономика мен қаржы жөніндегі орынбасары Марат ОРЫНБАЕВ қатысты. Пол Мерфиге «Өзенмұнайгаздағы» ахуал туралы толық ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу жүйесіне қатысты компания өкілдері 2007-2011 жылдар аралығындағы кезеңде жалақының (жұмыскердің біліктілігі мен мамандығына байланысты) 2-2,5 есеге өскенін дәлелдейтін еңбекақы төлеу жүйесіне жүргізілген зерттеу қорытындыларын ұсынды»,- делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Бұдан басқа, Пол Мерфиді неліктен «Өзенмұнайгаз» кәсіподақ комитетінің төрағасын қайта сайлау жүргізілмеген, не үшін компания басшылығы наразылық акциясына қатысушылармен келіссөз үстеліне отырмады деген сұрақтар қызықтырды.

«Компания өкілдері кәсіподақ төрағасын сайлау – кәсіподақ мүшелерінің ішкі мәселесі екенін және оған жұмыс берушінің араласуға құқы жоғын түсіндірді. Алайда «Өзенмұнайгаз» жұмыскерлері осындай шешім қабылдаса, оған компания тарапынан ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді. Келіссөздерге келер болсақ, компания үнемі заңсыз наразылық акциясына қатысушыларды диалогқа шақырып келеді. Алайда ереуілшілер бүкіл еңбек ұжымының мүддесін білдіретін өкілетті өкілдерді сайлай алмай отырғандықтан, келіссөздер жүргізудің әзірге ешқандай мүмкіндігі болмай тұр» делінген баспасөз хабарламасында.

ҚМГ БӨ компаниясының өкілдері Еуропарламент депутатының наразылық акциясына қатысушыларға қысым көрсету әрекеттері жөніндегі сұрағына да жауап берген.

«Атап айтқанда, акцияның белсенділері Наталья ӘЖІҒАЛИЕВА мен Роза ТӨЛЕТАЕВАҒА қатысты сот талап-арызы олардың сот шешімімен тыйым салынған наразылық акциясын өткізіп, заңды бұзғанына қатысты болып отыр және сол үшін олар жауапкершілікке тартылуда. «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру компаниясының өкілдері «Өзенмұнайгаздың» жұмысқа шығып жүрген қызметкерлерінің әлсін әлі заңсыз наразылық акциясына қатысушылардың үйлеріне баратынын растайды. Алайда ондағы мақсат оларды қорқыту емес, керісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады» деп айтылған ҚМГ БӨ баспасөз хабарламасында. 

Пол Мерфидің жұмысқа шықпағандықтан жұмыстан босатылған наразылық акциясына қатысушыларды қайтадан жұмысқа алу жөніндегі сұрағына, ҚМГ БӨ өкілдері «Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ бастамасымен заңсыз наразылық акциясы толығымен тоқтатылып, оның қатысушылары түгелдей жұмысқа шыққаннан кейін ғана жұмыстан шығарылғандарды қайтадан жұмысқа қабылдау мәселесін қарайтын арнайы жұмыс тобы құрылды» деп жауап берген.

Алайда облыс әкімі Көшербаевтың игі бастамасы Жаңөзеннің наразы болған халқының ерекше қуанышы мен сенімін тудырмады, деп растайды ереуілші-лердің өздері.

– Бізге осы жұмыс тобының өкілдері келіп, жұмыстан босатылғандарға ереуілден бас тартқан жағдайда жұмысқа шығуды ұсынды. Халық олардың сөздерін аяғына дейін тыңдамай, қуып жіберді. Біз биліктің осындай саудасына сене алмаймыз, - дейді наразылық білдіруші мұнайшылар.

Азамат МАЙТАНОВ

Сурет С. Тойкендікі

21 шілде 2011, 01:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.