Атырау, 10 қараша 21:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Қадыржан ата әкесінің моласын қалай тапты

3 792 просмотра

Қадыржан Имашев  (суретте) соғыста қаза болған әкесін жарты ғасырға жуық уақыт бойы  іздеуден танбады. Хабарсыз кетті  деген атыраулық солдаттың қабірі былтыр Белоруссиядан табылды.

1942 жылы  Жексен Имашев соғысқа аттанғанда  ұлы Қадыржан 3 айлық қана бала еді. Сондықтан әкесі жайлы бар білетіні мұрағаттағы бір-екі сурет пен анасының әңгімесі ғана.

- Әкем соғысқа аттанған соң  3 рет хат келіпті. Оның екеуінде  «екі үлкен соғыстан өттік, енді үшіншісіне дайындық үстіндеміз» делінген екен. Ал үшіншісі... қара қағаз еді,-дейді Қадыржан ақсақал.

Қария әкесін айтқанда  көзіне жас үйіріліп, иегі кемсеңдеп қалады.

-   Кіші сержант, танкист Жексен Имашев 1944 жылы  Белорусь ССР-і Могилев ауданы  Руденск деревнясында жерленгені айтылған екен сол қара  қағазда. Содан 1966 жылдан бері іздеумен болдым. «Жди меня» тәрізді  түрлі  іздеу хабарларына жаздым, интернеттен қарадым,-дейді  Қадыржан Имашев. 

Сөйтсе, жер атауы өзгеріп кеткен екен. Ресей Федерациясының орталық мұрағатына,  Белоруссия президентінің атына, Минск әскери комиссариатына, Белоруссияның Қазақстандағы елшілігіне жолданған сандаған  хаттары жауапсыз қалмады.  Соғыста құрбан болған әкенің қабірі Минск облысының  Стародорожский  ауданындағы Горки деревнясындағы  бауырластар зиратынан табылды.  Мұндағы  жалғыз қорымда  76 мүрде жатыр. Оның  алтауының ғана тегі  анықталған.

- Барғанымда не басында жазуы жоқ, кім жатқаны белгісіз еді. Тек «Белгісіз құрбан болған солдаттың даңқы арта берсін» деген ескерткіш тақта ғана тұрды.  Мен  сол жердегі әскери комиссариаттың бастығы подполковник  Юрий Васильевич Косягинге ренішке толы өтінішімді айтып, есімдерін жазуды сұрап  кеткен едім. Биыл соның  орнатылу рәсіміне қатысып қайттым,-дейді Қадыржан ақсақал.

Мамыр айындағы Жеңіс күнінде сол ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды. Атыраулық қария  Белорусь жерінде жатқан әке қабіріне тағы тағзым етіп, Стародорожский  ауданына барып келді. Өзін ауданның атқару комитеті төрағасы С.Чечуханың  құрметтеп қарсы алып, әскери шеруге де қатысқанын айтады. Белорусь газеті журналистеріне әкесінің бейітін қалай тапқанын да әңгімелеп беріпті. 

Бүгінде Қадыржан Имашевтің  жиырма шақты немересі бар. Ол ең бастысы анасы Ибаттың көзі жұмылғанша айтып кеткен арманын орындадым, - дейді.

- Анамның уыс топырағын Белоруссияға апарып әкемнің моласына, одан алынған топырақты әкеліп анамның қабіріне салдым. Перзенттік парызымды өтедім,-деп  көзінің жасын орамалымен сүртті қария.

Былтыр қаражатын жиып, өзі барып келсе, биылғы жол ақысына облыс әкімдігінің жәрдемдескеніне ақсақал разы.

Сәния ТОЙКЕН

14 шілде 2011, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.