Атырау, 23 желтоқсан 23:18
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Есептегішті ауыстыруға ерінбеңіз

3 448 просмотра

Жарамсыз ыстық су есептегіш аспабын ауыстырудан немесе қызмет көрсетудің төлқұжаттық мерзімі яки тексеру аралығының мерзімі аяқталған есептегіштерге тексеру жүргізуден бас тартып отырған тұтынушыларға, Атырау ЖЭО ыстық су үшін төлемақыны есептегіш көрсеткіші бойынша емес, тариф бойынша есептейміз деп сес көрсетіп отыр.

Өткен айда қаланың әр жеріндегі АЖЭО-ның кейбір абоненттері бақылаушылардан оларға ыстық су есептегіш аспабын ауыстыру қажеттігі немесе тексеруден өту керектігі туралы хабарлама алған. «Мен 1997 жылы пәтер сатып алғанмын. Ыстық және салқын су есептегіш аспаптары бұрынғы қожайынның кезінде орнатылған. ЖЭО бақылаушылары ыстық су есептегішін ауыстыруды талап етіп отыр, мен осы процедураны «Атырау су арнасына» мақұлдатуым керек пе?» - деп сұрайды Владислав КИМ. «24 маусымда бақылаушы пәтерімде орнатылған су өлшегіштің пайдалану мерзімі аяқталғаны, соған байланысты оны ауыстыруға тиіс екендігім туралы акт жасап кетті. Егер есептегіш дұрыс жұмыс жасап тұрған болса, көрсеткіштері анық көрініп тұрса не үшін ауыстыруға тиіспін? Есептегішті ауыстыру тұтынушыларға оңай емес. Ескі есептегішті бұздырғаны үшін ақы төлейді, содан соң жаңасын сатып алады, орнату үшін тағы ақы төлейді. Тексергенде де солай. Бір айырмашылығы жаңа аспап үшін емес, тексеру процедурасы үшін төлеуге тура келеді. Мұндағы мерзімдер қатаң белгіленген. Акт 24 маусымда жасалған, ал есептегіш аспапты 1 шілдеге дейін ауыстыруға тиіспін. Яғни, бір апта ішінде. Ал егер екі демалыс күнін шегеріп тастаса, бұл мерзім ақылға қонымсыз ғой», - деп әңгімелейді Орталық ықшамауданда тұратын Валентина Григорьевна. Привокзальныйда тұратын Гүлжан ҚАДЫРОВАНЫҢ есептегіші 2005 жылы дайындалыпты. Дегенмен де, ЖЭО бақылаушылары оны ауыстыруды талап етіп отыр. «Жақында тұрбаны ауыстырғанда 22 мың теңге ақша жұмсалды, енді тағы шығындалуым керек. Мен неге олай етуге тиіспін?» - дейді Гүлжан. Түсінік алу үшін Атырау ЖЭО жылу энергиясын сату қызметінің бастығы Светлана ПАКҚА хабарластық.

«Біз Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрінің 2005 жылғы 24 қаңтардағы №10 бұйрығымен бекітілген жылу энергиясын пайдалану ережесінің негізінде әрекет етеміз. Әрбір бақылаушының қолында тұтынушыдан талап ететін ережелердің тармақтары көрсетілген жадынама болады. Соған сәйкес, олар аспаптардың лайықты күйде болуын талап етеді. Біздің кейбір тұтынушыларымызда есептегіштердің төлқұжат мәліметтерінде көрсетілген есептеу аспабының пайдалану мерзімі немесе тексеру аралық мерзімі аяқталған. Осы тұтынушылардан есептегіштерді тексеру процедурасынан өтуді сұраймыз. Жекелеген жағдайларда мерзімдері өтпегенмен, есептегіш аспаптары жарамсыз күйде - әйнектері күңгірт тартқан, қандай көрсеткіш көрсетіп тұрғаны көрінбейді. Біз жарамсыз аспаптарды ауыстыруды талап етуге мәжбүрміз. Әр типтегі аспаптың өзінің пайдалану мерзімі бар, ол міндетті түрде төлқұжатта белгіленген. Олай болмаған жағдайда тұтынушылар бұл туралы бізден сұрастыра алады. Біз осы мәліметтердің барлығын білеміз. Өйткені есептеу үшін өлшемдер бірлігін қамтамасыз ететін Мемлекеттік тізілімге енгізілген аспаптар типі пайдаланылады. Оларда бұған құқылы мекемелердің бастапқы немесе мерзімдік тексеру жасағандығы туралы белгісі болуы тиіс. Есептегіштің дайындалу мерзімі әйнегінде көрсетіледі. Ыстық су есептегіштің орташа қызмет ету мерзімі – 11-12 жыл, тексеру аралығының мерзімі – 4 жыл», - деп әңгімелейді Светлана Пак. Оның айтуынша, бақылаушылар бұл туралы тұтынушыларға әлденеше рет ескерткен. Ал маусым айында кәсіпорындағылар ауызша өтініштер жүзеге аспаған деген тұжырымға келді. Енді шілдеде есептегіштерді тексеру және ауыстыру процедурасы жүргізілуі тиіс. Ауыстырмаған абоненттер үшін ыстық су төлемақысы тариф бойынша есептелетін болады. Есептегіштерге «Атырау су арнасы» метрологиялық қызметінен немесе ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының Атырау филиалынан тексеру жүргізуге болады. Есептегіштерді бұзу кезінде мүдделі қызметтерге құлағдар ету қажет. Ыстық су «Атырау су арнасы» мен ЖЭО-ның ортақ өнімі боп табылады. Жаңа немесе тексеруден өткен есептегішті орнатқанда да ЖЭО мен «Атырау су арнасы» кеңселеріне өтініш жазып, хабардар ету керек. Есептегіштерді ауыстыруға және тексеруге ЖЭО 10 күн бөледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 шілде 2011, 22:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.