Атырау, 26 желтоқсан 06:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Сәнді әрі шариғатқа сай стиль

12 052 просмотра

Бәрі де тележарнамадағыдай: «Денеге жабысып тұрмау керек, ақ түсті болмау керек, билемеу керек»... Ешқандай селдір матадан тігілген және «уни» стилінде болмауы қажет. Киім  ашық әрі ұстамды болуы тиіс. Сәнді  және ұлттық нақышпен тігілген болуы керек. Ешқандай түріктің және арабтың ағымында емес, бәрі қазақи болғаны жөн.  Ал ендеше іске сәт! Бірінші республикалық «Мұсылмандық коллекция: ұлттық стиль» конкурсының ұйымдастырушылары еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақстандық он екі модельерге міне осындай қатаң талаптар қойған еді.

Астанадағы осы конкурсқа қатысқан жерлесіміз Жұмагүл ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА (суретте) атақты қазақстандық кутьюрелерді басып озып, бірінші орынға ие болды. Оның дизайнерлік білімі де жоқ. Мамандығы - музыкант, домбырашы. Осы конкурс туралы екі ай бұрын білген басқа модельерлерден айырмашылығы, Жұмагүл сайысқа он күн қалғанда дайындықты бастапты. «Осы он күн, он түн ішінде көмекшілерім, тігіншілер Жанар Сисенова мен Күләш апаймен бірге мата таңдап, пішіндерін ойластырып, тігіп, әшекейлеп, тер төгіп жұмыс жасадық. Тіпті біздің коллекциямызды ең үздік деп таниды деп ойлаған да емеспіз».

– Жалпы осы конкурстың мәнісі неде?

– Қазір мұсылман әйелдер түріктің, арабтың стильдерін өз киімдерінде пайдаланады. Күңгірт және солғын түсті киімдер – қазақ стилі емес. Қазақ әйелінің киімі керісінше түрленген, түрлі-түсті реңді болады. Конкурстың мақсаты - киімді ұлттық стильде жасап шығару.

– Сән – өз ойын білдіретін, өзіне назар аудартатын, әйелдің нәзіктігін білдіретін әдіс қой. Ислам діні әйел жанының осынау ұмтылысын теріске шығармай ма? Мұсылман әйелінің киімі қарапайым, көзге түспейтін, қол жетпестікті аңғартатын болуы керек дегендей...

– Әр әйел белсенді болуы, қоғамда өз орнын алуы тиіс деп ойлаймын. Иә, отбасы мен балалар бірінші орында тұрады, бірақ басқа да өмір бар ғой. Жұмысың, достарың, туысқандарың бар дегендей. Мұсылман әйел өкшесі бар аяқ киім киіп, ұлттық нақышпен әрі шариғаттың талаптарына сай (басы, мойны, іші мен бөксесі жабық болып), заманауи әдемі де сәнді киінсе, несі бар? Мұсылман әйелдердің көпшілігі әдемі киінгісі келеді, бірақ базар мен бутиктегі киімдер Түркиядан әкелінеді. Олардың түсі жабырқаңқы, көңілсіз, күңгірт түстер боп келеді... Бұл бізге лайықты емес.

- Ал мұсылман әйелдеріне өкшелі аяқ киім киюге бола ма?

– Егер өте биік болмаса, төрт сантиметрден аспайтын болса, неге болмасқа? Бірақ өкшелері жүрген кезде тықылдамауы тиіс. Сондай-ақ, көптеген әшекей бұйымдар – сырғалар, жүзіктер, білезіктер әйел жүріп бара жатқан кезде сылдырламауы тиіс. Мұның бәрі таза қазаққа тән нәрсе ғой. Оның үстіне мұнда терең мағына жатыр. Аққу секілді ырғақпен байсалды жүріп, білезіктерін сылдырлатпай жүрудің өзі тұнып тұрған өнер. Оның үстіне бұл әшекейлердің мақсаты басқаша болған. Оны жылап жатқан баланы алдарқату үшін сылдырмақ ретінде пайдаланған. Менің әжемнен қалған жүзігім бар. Ол жүзіктің ішкі жағында кішкентай шарик жасырылған. Оны сілкіген кезде нағыз сылдырмақ секілді сылдырлай жөнеледі.

– Басқа модельерлердің жұмыстарын қалай бағалайсыз?

– Әйелдерге арналған рухани-танымдық «SalNur» журналы ұйымдастырып отырған бұл конкурста тойға арналған, кешкі, кеңселік, күнделікті және үй ішіне арналған киімдердің үлгісін көрсету жөнінде шарт қойылды. Өз модельдерімнің шыққанын ақыры көре алмадым. Өйткені бір модельердің жұмысын көрсету санаулы минуттай уақыт алады. Бірақ мен басқа дизайнерлердің жұмыстарын көрдім. Қарадым да, әдемі екен, бірақ мұны кім киеді деген ойға қалдым. Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ кейбір модельерлердің көйлектері таза конкурсқа ғана арналып тігілгендей көрінді. Менің  сахна төріндегі тәжірибем  бұл киімдердің  күнделікті өмірге емес, тек сахнаға ғана арналғанын түсінуге жеткілікті. Ал басқа әріптестер ұсынған киімдерді сахнада көрсетеді де, шкафқа салып тастайды. Ал мен адамдар киюге арналған көйлектерді ойлап шығаруға тырыстым.

Мәселен, қазір үстіме киіп отырғаным кеңсе киімі. Мен оны кие де аламын, өзімді қолайлы сезіне де алам. Ешкім маған таң қалған көзқараспен қарамайды. Стильмен, сәнді, әдемі әрі шариғаттың талабына қайшы келмей киініп отырмын. Мені нағыз мұсылман емес деп кім айта алады? Айтпақшы, бірер тамшы иіс су туралы айтуды ұмытып кетіппін. Бірақ тек мұсылманның миск әтірін жағуға ғана рұқсат етіледі. Қас пен қабаққа азғана сүрме бояу жағуға болады деп есептеймін.

– Атыраулық модельер өз көйлектерінің көрсетіліміне шығармашылық тұрғыда қарапты деп айтып жатыр. Сіздің жұмысыңыздың басқалардан ерекшелігі неде?

– Мен өз коллекциямды «Келіншек» деп атадым. Оны он бес жастағы жасөспірім қыз бала ашып, егде тартқан әжей аяқтады. Бұл жерден ерекше ойды, сабақтастықты және қазақ дәстүрін көрдім. Модельдердің шығуына арналған сазды да бірлесе таңдадық. Азия тобының «Қазақ аруы» деген әніне тоқталдық. Бәрі үйлесімді, ұнамды шықты. Бәлкім, сондықтан да бізді үздік деп таныған шығар. Әрі қарай да біздің әйелдеріміз үшін мұсылман әйелдердің киімдеріне қатысты жұтаң ахуалды өзгертсем деймін. Әдемі киім тігумен айналыссам деген жоспарым бар. Оны киіп жүрген әйел Түркиядан немесе Әмірліктен келген әйел емес, қазақтың әйелі екені көрініп тұрса деймін. Мені әдемі әрі қолайлы киім кигілері келетін қыздар мен әйелдер қауымы қолдайтынына сенімдімін. Мен өз киімдерімде мұсылмандық стиль мен ұлттық нақыштарды сабақтастыруға уәде беремін. Мұның бәрі сәнді, жеңіл әрі қарапайым болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

7 шілде 2011, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.