Атырау, 7 қараша 13:37
 қар жаууы ықтималВ Атырау +3
$ 492.14
€ 528.85
₽ 5.01

Балауыздан жасалған мүсіндер көрмесі

16 422 просмотра

Қарашаның 9-ы күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ресей елінің Санкт-Петербург қаласынан келген балауыз мүсіндер музейінің көрмесі ашылды. Көрмеге Гиннес рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі тұлғалар мен «Шрек», «Жұлдызды жауынгерлер» («Звездные воины»), «Сәттілік серілері» («Джентльмены удачи») фильмдері кейіпкерлерінің елу мүсіні қойылды. Петербургтың балауыз мүсіндер көрмесі Атырауда бірінші рет өткізіліп отыр. Мұнда кейбір мүсіндер тірі адамды еске түсіріп, қасына жақындап қалсаң, қазір-ақ сенімен сөйлесіп кететіндей ерекше әсер қалдырады.

ЛУКАШЕНКОҒА ЕКІ ЖЫЛ КЕТКЕН

Жаратылысы мен болмыс-бітімі елден ерек, қасиеті мен қабілет-қарымы таңданыс туғызған жандардың балауыз мүсінін жасап шығару шеберлерге оңайға соққан жоқ. Музей менеджері Юлия ОФСИЕНКОНЫҢ айтуынша, кімнің мүсінін жасау қажеттігін әуелі шығармашылық кеңес шешіп алады. Кейін мүсін таңдалғанда оның жандүниесі мен кейпін, кескін-келбетін зерттеу жұмысы жүреді. Шебер өзінің кейіпкері жайлы бүкіл мәліметті ақтарады. Суретін жинайды, кітапханаға барып ол туралы жазылған кітаптарды оқиды. Егер ол тарихи тұлға болса, онда сол туралы түсірілген киноларды көреді. Осыдан соң шебер мүсін бейнесі көз алдына анық айқындалғанда барып, іске кіріседі. Нақты тұлғалардың мүсінін жасап шығару үшін оның бойын, денесін, басын, мойнын, құлағын, қол-аяғын, бет пішінін, әжімін айнытпай салып, дәл келтіруге тиіс. Бір айтып өтерлігі, мүсіндердегі көз бен тіс адамдарға қолданатын кәдуілгі протездер болса, ал шаш пен қас, сақал-түктер шынайы, яғни қарапайым адамдардыкі. Мүсіндер үстіндегі киімдер де музейдегі шеберханада тігіледі. Балауыз бейнесін дүниеге келтірудегі мүсіншінің мақсаты – туындысын ескерткіш түрінде емес, оны тірі секілді етіп көрсету.

Балауыз үшін салқын жер қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Мұражайда екі түрлі балауыздан жасалған мүсіндер қойылған. Олар кәдімгі балауыздан және қымбат тұратын силикон қосылған ақ түсті, қатты балауыздан жасалған. Жалпы, балауыз мүсінін жасауға мүсіншілер әдетте жарты жыл уақытын кетіреді екен. Ал асықтырып жатса үш ай да жетеді. Кейде бұл жұмыс екі жылға созылады. Мәселен, Белоруссия президенті Виктор Лукашенконың мүсінін жасауға осыншама уақыт кеткен.

ӨЗ МҮСІНІҢІЗДІ ЖАСАТУҒА ДА ТАПСЫРЫС БЕРЕ АЛАСЫЗ

Англиядағы Мадам Тюссо мұражайынан кейін екінші орын алатын Санкт-Петербургтағы балауыз мүсіндер музейі жекеменшік болғандықтан, тамашалауға келгендер тарапынан өзіне ұнаған мүсінді сатып алуға ниет танытса, жол ашық. Петербургте соңғы кезде өз мүсінін жасатуға ұсыныс беретіндер де кездеседі екен. Тіпті бір кездері Италиядан да сұраныс түсіпті. Қажырлы еңбекті талап ететін өнер туындылары да арзан тұрмайды. Олардың біреуінің  бағасы шамамен 10 мың еуро тұрады. Нарықтық баға да қанша балауыз мөлшері кеткендігімен және мүсінді әрлеуге кеткен шығындарға байланысты қойылады.

Ал аталмыш көрмедегі мүсіндер жоғарда келтіріп өткендей, тамашалаушылардың таңдайын қақтырды. Ежелгі заманда болған және қазіргі кезеңде өмір сүріп жатқан кейіпкерлер жайлы менеджер Юлия Васильевна ең ұзын табанды, ең ұзын мойынды, ең ұзын құлақты және ең ұзын саусақты адамдардың халық алдында қалай ақша тапқандарын қызықты әңгімелеп берді.

ТӨРТ АЯҚТЫ ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ЕКІ БАСТЫ БОЙЖЕТКЕН

НЕМЕСЕ РЕКОРД ОРНАТҚАН ТҰЛҒАЛАР

Ағайынды ең ұзын егіздер мен ең қысқа егіздердің отбасында олардай құбылыс отбасындағы басқа балалардан байқалмаған. Рекордтар кітабына енген енді бір тұлға – 20 ғасырда өмір сүрген Бар Борсет есімді екі қолы жоқ садақшы. Ол бір сағаттың ішінде екі аяғымен 82 құсты атып түсірген. Cондай-ақ, көрмеде дүниежүзіне танымал сиқыршы Дэвид Копперфильд пен бүкіл әлемге көлікті тісімен сүйреуді алғаш көрсетіп бастап берген Дмитрий Кикладзенің мүсіні де орын алыпты. Ал басын 180 градусқа бұра алатын қасиеті бар «бұранда адам» (человек-штопор) жер шарындағы өзінің арқасын көрген жалғыз жан. Басы қозғалғанда қолдарының орындары да ауысып тұратын. Ол ақылды болып қана қоймай, қыз-қырқынға көз салғыштығымен де ерекшеленген. Келесі ерекше атап өтуге болатын мүсін – Миф Горбин есімді төрт аяқты әйел. Екі аяғының ортасынан өскен тағы бір екі аяғы дамымай қалған, бірақ ол екеуін сезініп, қозғалта білген. Олармен жүре алмағанымен пластикалық операция жасатып алып тастаудан бас тартқан. Керісінше, сонысымен цирктерде көп ақша тауып күнелткен. Бес бала туған. Кейін қосымша екі аяғымен қоса Миф Горбиннің ағзасында екі жыныс мүшесінің жүйесі болғаны мәлім болды. Тағы бір тұлға – үш сүт безімен туылған голливудтық актриса Кимберли Андерсен. Естеріңізде болса, ол актер Арнольд Шварценеггер түскен «Бәрін еске түсіру» («Вспомнить все») фильмінде марсиандық болып эпизодтық рөлде ойнайды. Күйеуге шыққанда үшінші сүт безін алып тастау үшін пластикалық операция жасатқысы келген болатын. Бірақ жолдасы оған қарсы болған. Қазір ол осы қалпында өмір сүріп жатқан көрінеді.

Одан бөлек, көрермендерді келесі кейіпкерлер - екі басты қытай қызы мен бейнетаспаны ауыз ұртына сыйдырған американдық Билл Хэнкстің оқиғалары да аса қызықтырды. Әсіресе, керемет дауысты қытай қызының екі басы екі түрлі әңгіме айтып, бір-бірімен келіспей ұрысып жататыны және кейде достасып барып ән салып, би билеп, әр түрлі әзіл әңгіме айтып, көпшіліктің көңілін көтере білгендігі мен адамдардың тілін тез тапқыштығы елең еткізбей қоймады. Соның арқасында патшаның қалауымен сарайда тұрып, өнерін көрсеткен. Ал Билл байғұс болса, әлемге атын паш ету үшін тіс дәрігеріне барып, 32 тісін суыртып барып, бейнекассетаны аузына сыйдырған. Осылайша рекорд орнатып, есімі мәшһүр болған соң, дегеніне жеткен соң, тіс дәрігеріне қайта барып, протез салдыртқан. «Атың шықпаса, жер өрте» деген осы-ау.

Көрмедегі бір көзді мүсін - «циклоп адам» ғана өзінің табиғат сыйлаған құбылысы арқасында табыс табуға қарсы болған екен. Осы мүсінді әйелдер жағы тамашалауға ынтық көрінеді.

Көрме қарашаның 16-на дейін тұрады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген В.Истомин

16 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.