Қалада жабайы да ызалы, ірі-ірі масалардың көптігі бүгінгі күннің басты тақырыбына айналды. Осынау қан сорғыш мақұлықтың ұзақ жауған жауыннан кейінгі пайда болған жылы және лас су қоймалары мен көлшіктерде миллиардтап көбейетіндігі белгілі. Ал, сол көлшіктерді кептірмейтін болсақ, онда бізді ешқандай да «Дезинфекция» құтқара алмайды.
Масалар қайдан шығады? Бұл сауалға жауапты Атырау облысының аумағында лас су қоймаларының бар-жоғына бірлесе тексеру жүргізген облыстық санитарлық-эпидемиялогиялық станса мен «Дезинфекция» АҚ-ның тексеру актісінен табуға болады.
«Масалардың көбеюіне байланысты қала аумағында су қоймалары мен көлшіктерге энтомологиялық тексеру жүргізілді, - делінеді тексеру актісінде. Привокзальный, Жилгородок, Авангард, Алмагүл, ескі әуежай, Химпоселок, Сатбаев көшесі, Владимирский, Лесхоз және басқа да қаланың елдімекендеріне жүргізілді. Тексеру барысында жаңбырдан кейін пайда болған көптеген көлшіктер анықталып, есепке алынды. Бұл көлшіктер масаның көбеюіне жағдай туғызады. Бұдан басқа, тексеру барысында жертөлелері суға толған 286 көпқабатты үй анықталды».
- 1 шілдеде осындай 110 су қоймасы бары белгілі болды. «Іс жүзінде олардың саны көп,-дейді «Дезинфекция» АҚ президенті Бауыржан ҚОЩАНОВ. –Бұл су қоймалары жаңбырлы жазда пайда болып, масалар үшін инкубаторға айналған. Бұл жерлерде масалардың миллиардтаған дернәсілдері бар. Ал, олардың өмір сүру циклі жұмыртқа тастағаннан бастап, масаға айналғанға дейін бар-жоғы 7 күн. Маса 300-ге дейін балалайды. Міне, сондықтан да әрбір су қоймасынан миллиардатаған масалар ұшып шығады. Ал, егер қазір біз құрғату жұмыстарын жүргізбейтін болсақ, бізге масадан құтылу мүмкіндігі жоқ».Қощановтың айтуынша,кептірілмеген су қоймаларын улау жұмысы оңай емес көрінеді. «Ол үшін тонналаған дәрі-дәрмектер мен үлкен қаржы керек. Бір ғана ірі су қоймасындағы масаны жою үшін 25 млн. теңге қажет».
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық стансаның тексеру мәліметтері бойынша лас су қоймалары қаланың орталық аудандарында да бар екен: Азаттық даңғылы, Владимирский, Сәтбаев, Әлиев – Сатыбалдиев, Абай, драмтеатр ауданы. Әсіресе, жолдың екі жағындағы ағын сулар жиналатын жерлерде көп болады. «Олар суға толып тұр, онда масаның миллиондаған дернәсілдері бар, -дейді «Дезинфекция» АҚ президенті. – Біз ОблСЭС-мен бірлесе отырып, ТКШ бөліміне оларды кептіру керектігін айтып жүрміз. Алмагүл мөлтек ауданында, мәселен, 10 су қоймасы бар, Әлиев-Баймұханов көшелеріндегі жеке секторда шамамен 50, Химзавод ауданында түгелдей деп айтуға болады. Еркінқала селосының шетіндегі қамыс арасында маса буып тұр, тұман тұрғандай деуге болады, олар бізге жел арқылы келеді. Масаның ұшып келуі 5 шақырымды құрайды. Бір көлшіктің өзі 3-5 шақырым қашықтықтағы үйді толтырады деген сөз. ТКШ жұмыс жасаймыз деп отыр, алайда уақыт күтетін емес. Егер біз уақытты жоғалтатын болсақ, онда біз сонау 70-ші жылдардағы Гурьевке ораламыз».
Бюджет жүздеген су қоймаларын кептіруге қаржы бөле ме, ол әзірге белгісіз. Алайда, «Дезинфекция» АҚ президентінің айтуынша, оларға сәуір-мамыр айларындағы жұмыстары үшін әлі төлемеген көрінеді: «Оған бюджетте ақша жоқ дейді. Бұрын бұлай болып көрген емес, егер ТКШ бөлімі су қоймаларын кептіріп берсе, біз 10 күннің ішінде қаланы масадан тазартамыз».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА