Атырау, 5 қазан 02:29
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Николай ФОМИН: «Бюджет қураған көшеттерден зиян шеккен жоқ»

3 454 просмотра

Бейбарыс (Әлиев-Сатыбалдиев) даңғылындағы көшеттердің шықпай қалуының  басты себебі неде? Көгалдандыру компаниясы жұмысқа жергілікті  тәжірибелі агрономдарды көзге ілместен, неге  алматылықтар мен кәрістерді тартып отыр? Біздің  «МұнайқұрылысСервис LTD» ЖШС директорының міндетін атқарушы Николай ФОМИНМЕН  (суретте) болған сұхбатымыз осы және басқа да сауалдар төңірегінде өрбіді. 

- 16 маусымда «МұнайҚұрылысСервис» және ТКШ қызметкерлері көшеттердің қурап қалуына тұзды жер асты сулары себеп болды деген болжамдарын айтты. Зертханалық сараптамалардың қорытындысы қандай?

- Көшеттерәсте тұздан емес, лас сулардан өлген. Осы даңғылға қарап көріңіздер, ылдида орналасқан. Осы көшеге жақын маңдағы жеке үйлердің көпшілігі септиктермен жабдықталған. Сол сулар  жер асты суларымен араласады. Содан отырғызылған ағаштардың тамыры шіріп кеткен. Шынымды айтсам, осы көшеде көшеттер өсіп кетеді дегенге сенгенім де жоқ.  Мұны экперименттік сынақ деп түсінуге болады: өсіп кетіп жатса, құба-құп, өліп қалса... Онда қайтадан отырғызамыз. Ойымыз күткендей болды, біз сол шұңқырларға арзан қарағаш отырғыздық.

Арзан болсын, мейлі қымбат болсын, бәрібір бюджеттің ақшасы ғой.

Барлық шығынды алматылық компания өз мойынына алды. Бұл тәуекелге барған да солар. Ақшасын жоғалтқан да біз емес, солар. Соңғы уақытта жұрттың бәрі  бюджеттің қалтасынан қанша ақша кетті деп айтудан жалыққан емес. Бір тиын да   ақшасы шыққан жоқ! Олар көшеттерді өз тәлімбақтарынан әкеліп отырғызуда, егер көшеттер өліп қалып жатса, қала оларға ештеңе де төлемейді. Олар тек өздеріне қажетті, егер «МұнайҚұрылысСервис LTD» ЖШС жазып беретін болған жағдайда ғана жұмыстың орындалу актісін алады. Ал, қолды біз тек жайқалып өсіп тұрған көшеттерді көрсек қана қоятын боламыз. Өйткені, біздің өзімізге тапсырыс берушінің алдында жауап беруге тура келеді. Сондықтан да алматылықтар нақты бір нәтижеге қол жеткізгенге дейін ағаштарды өз есептерінен отырғызатын болады.

Осы даңғыл бойында келесі отырғызылатын көшеттердің тағы да қурап қалмауы үшін біз бірнеше жоспар жасақтадық. Олардың бірі- реагенттерді қолдану, олар ағаштың тамыры үшін зиянды ортаны залалсыздандырады. Алайда, ондағы жер асты суларының қозғалысы күшті, сондықтан да біз оны қолдана алмаймыз. Сол себепті даңғылды дренаждың көмегімен аздап болса да «көтеру» керек деп шештік. Ал, ағаштарды келесі жылы өте тереңге отырғызбаймыз.

Ал, суару жүйесі қалай?

Бұл жерлерге суару жүйесін жүргізген адамдар мұнда ағаштар емес газон болады деп есептеген болуы керек. Содан да болар тұрбаларды жердің астында көміп, тек спринклерді қалдырып кеткен.  Мұның ешқандай ерекшелігі жоқ, газон отырғызылған жағдайда бұл тәжірибеде жиі кездеседі. Бұл жерлерге кеспек тас орнатылған кезде тұрбаларды не істейміз деген сауал туындаған еді. Біз оларды  жөндеп, спринклердің орнына ағаштарды суаруға барынша қолайлы шүмектерді орнаттық. Қазір суару жүйесі қалыпты күйде. Мәселе басқада болып тұр: оның әзірге қажеттілігі жоқ, су онсыз да жеткілікті. 

- Көп жылғы еңбек өтілі бар агроном Бекбол ҚАРАҒҰЛОВ «АЖ» газетінің өткен санында сіздің мекеменің жергілікті тәжірибелі агрономдарды елемей, осы жердің климатын және топырағының ерекшеліктері туралы  тек естіп –біліп қана отырған алматылықтар мен кәрістерге (қазіргі көгалдандырумен айналысып жатқан) мүмкіндік берілгендігі туралы өз өкпесін айтқан болатын.

Мен мұндай мәлімдемелерге принцип тұрғысынан қараймын. Және менде бұған барлық негіз бар. Көгалдандыру бағдарламасының пайда болғаны бірінші жыл емес. Көшеттер тонналап сатып алынып, ретсіз отырғызылып, артынан қурап қалғанда барлық агрономдар мен олардың көп жылғы жиған тәжірибелері қайда болды? Менің өзім Атыраудың байырғы тұрғынымын, осынау келеңсіздікті көрген кезде менің де жаным ауырды. Тендер ұтқан біз көгалдандыру бағдарламасына басқа бір қырынан келуді ойладық. Кәсіби мамандарды шақырдық, олардың бағдарламаларымен таныстық, ішінен ең таңдаулы дегенін таңдап алдық, енді оны жүзеге асырып көрмекпіз. Мейлі біз қателіктеріміз бен кемшіліктеріміз үшін таяқ жесек те, үйренуден, алға ұмтылудан жалықпаймыз, сондықтан да бізге ешқандай құлшыныс жоқ деп ешкім де кінә арта алмайтын болады. Мен жергілікті агрономдардың пікіріне құлақ асу керек деп есептемеймін.

Мен бір ғана нәрсені анық білемін. Атырауға көгалдандыру үшін шақырылған адамдардың барлығы өз істерін біледі, өз істеріне берілген және шын ниеттерімен көмектескілері келеді. Бейбарыс даңғылының сабақтарын біз қатерге алдық. Егер біз биылғы жылы көшеттерді оңтүстіктен бастап отырғызсақ, келесі жылы солтүстіктен бастап отырғызып көреміз. Біз оларды біздің климатымыз бен топырағымызға төзімді болады деп болжап отырмыз. Сонымен, жоғарыда айтып өткенімдей, дренаж жасайтын боламыз.

- Атыраудың жергілікті жағдайға бейімделіп өсірілген көшеттері мен бұтақтары жайқалған өз жекеменшік тәлімбағы бар. Сіз оны да елең қылмай отырсыз ба?

- Оныңыз қалай, тіптен де олай емес. Біз олардың көшеттерін, егер олар кішкентай болмағанда  биылдың өзінде-ақ отырғыза берер едік. Мені екі метрлік көшеттер қызықтырды. Ал, олар өкінішке қарай, жоқ болып шықты. Дегенмен, біз осы күзде олармен бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.

Жергілікті агрономдар ағаштарды кесудің жаңа әдісін дұрыс емес деп отыр. Жоғарыға қарай  өсетін ағаштарды кесу олардың қурап қалуына жол береді деп айтады.

-Өткен жылдары көгалдандырумен басқа мекеме айналысты.. Ағаштарды кімнің кескені белгісіз еді. Мен бұл іске Ақтөбелік мамандарды тарттым. Мұндай әдіс олардың өз қалаларында қолданылып келеді, алайда, оны дұрыс кесу керек, қай бұтақты кесу керектігін, қайсысын кеспеу керек екендігін айыра білетін білікті маман қажет. Алайда, біз басқа бір әдісті  таңдап алдық, ол әдіс бойынша ағаштың қураған ұшар бастары кесіліп тасталады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл әдістің мәнісі сол, үлкен көшеттерге жоғары қарай өсе беруге мүмкіндік береді. Ағаштың діңгегіне тиіспейміз, қураған және кейбір жасыл бұтақтарды да кесіп, оларға арнаулы бояу жағып тастаймыз. Осылайша, ағашта енімен емес, жоғары қарай өсетін күш пайда болады.  

Биология ғылымдарының кандидаты Ерік ШОРАБАЕВТЫҢ пікірі бойынша Атырауда секвойяны жаппай отырғызу үлкен қателік екен. Олар суды көп мөлшерде керек етеді және тамшылатып суару әдісі оларға арналмаған.

Иә, секвойяға су көп керек, бірақ біз оны Атырауда отырғызғанымыз жоқ. Біз метасеквойяны отырғыздық. Олар бір тұқымдас болғанымен екеуі екі түрлі өсімдік. Және ол суды әдеттегідей мөлшерде қажет етеді.  

Ал, «Евростандарт GmbH» Қазақстан-Австрия сервистік агенттігінің  методолог-маманы Александр ШОХОВ   ағаштар отырғызылып жатқан кішкентай шұңқырлар  олардың ақыр соңында өлуіне немесе «ұйқыға» кетуіне жол беруі  мүмкін дейді.

Осы жағдайға орай бізде алматылықтармен  арада дау туындады, алайда біз бұл керісінше, ағашқа ылғалдылықты өз бойында сақтауына көмектеседі деген қорытындыға келдік. Егер біз сол шұңқырларды жалаңаштайтын болсақ, онда топырақ тез құрғайды да суаруға тағы да артық шығындар жұмсалатын болады. Берілген судан ағаш тек 10 пайыз ғана суды «алады». Қалған ылғалдылық буланады да жерге сіңіп кетеді. Оның үстіне кеспек тастар «дем ала алады». Егер ағаштар монолитті асфальт үстінде болса және шұңқырлар үлкен болса, ағаштың тамырларына да оттегі керек болады. Ағаштың діңгегі жуандаған сайын біз шұңқырдың көлемін арттыратын боламыз. Әзірге стандарт – 60х60 сантиметр.

– Кейбір жерлерде біраз өсіп қалған көшеттер отырғызылуда.  Ондай ағаштардың өсіп кету мүмкіндігінің  төмен екендігі белгілі ғой. Сондықтан да көктеп  кетуге  мүмкіндігі көп  кішкентай көшеттерді неге отырғызбасқа?

-Біз кішкентай көшеттердің жетіліп кететіндігін білеміз, дегенмен, оны біле тұра үлкен көшеттерді де отырғызып келеміз. Әрине, бұл тәуекелшілдік, егер ісіміз оңға басса, онда 2013 жылы біз әдемі көшеттері бар дайын саяжолдардың тұсаукесер рәсімін жасайтын боламыз.

– Бюджеттен 2011-2013 жылдарға көгалдандыру бағдарламасы үшін барлығы қанша ақша бөлінді?

Бұл коммерциялық құпия, оны жариялауға менің құқығым жоқ. Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген  автор

7 шілде 2011, 00:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.