Атырау, 26 қараша 22:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Кеңес заманына кері оралдық па?..

4 143 просмотра

30 маусымда Котяевкадағы «Құрманғазы» кедендік бекетінің аумағында кедендік шекараның ашылу рәсімі мен ҚР кедендік органдарының туын алып тастау салтанаты болып өтті.

Құрманғазы ауданындағы ресейлік-қазақстандық шекарада екі кедендік бекет бар болатын. 1993 жылдан бері қызмет істеп келетін «Құрманғазы» бекеті мен «Ақкөл» теміржол көлігіндегі кедендік бекет. 1 шілдеден бастап екеуі де таратылып, енді «Құрманғазы» және «Ганюшкино» өткізу бекеттері деп аталатын болады. Оның үстіне, осы күннен бастап кедендік бақылаудың толықтай жойылуына байланысты формалы кеденшілерге тіпті қазақстандық-ресейлік шекарадағы таратылған өткізу бекеттерінде болуға тыйым салынған. Кедендік бекеттердің 60 шақты қызметкерлері еліміз бен облысымыздың басқа бөлімшелеріне – Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарына ауыстырылады. Қызметкерлердің көпшілігі – шамамен 80 пайызы Атырау облысында – Теңіз кенішінде, «Әуежай Атырау» әуе тасымалындағы кедендік бекетте, «Ақ Жайық» кедендік рәсімдеу орталығында, «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында қалады. Бұл қызметкерлер кедендік бақылауды жүзеге асырып, жобаға түскен тауарлар мен көлік құралдарына кедендік рәсімдеу жүргізеді. «Таратылған бекеттердің бұрынғы қызметкерлері жаңа жерлерде бұрынғы қызметтік лауазымдары бойынша, кейбіреуі қызметі жоғарылап жұмыс істейтін болады», - деп хабарладыАтырау облыстық кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айсұлу ТӨЛЕУІШЕВА.

Ал бұрын «Құрманғазы» кедендік бекеті орналасқан ғимарат ҚР ҰҚК шекаралық қызметіне салтанатты түрде берілді. Қызметтің осылайша дамуын алдын ала білген болатын. Үш елдің бірыңғай кедендік аумағында Кедендік одақ құрудың бірінші кезеңі 2010 жылдың 1 қаңтарында басталған еді. Осы уақытқа дайындық жұмыстары жүргізілді: халқы 167,8 млн. адам болатын бірыңғай кедендік аумағы құрылды, оның дұрыс жұмыс жасауы үшін қажетті құқықтық жағдайлар - бірыңғай тарифтік және тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі, кедендік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылаудың жүйеленген нормалары жасалды.

«Бұл күнді тарихи оқиға деп атауға болады: «Еуроазиялық экономикалық қауымдастықтың кедендік одағы комиссиясының шешімімен 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап ресейлік-қазақстандық шекарадағы кедендік бақылау жойылды. Кедендік бақылау мен рәсімдеу Кедендік одақтың сыртқы шекарасына ауыстырылды. Бұл үш ел бизнесінің дамуына маңызды түрткі боп отыр. Ол ұлттық экономикаларды анағұрлым күшті етіп, қатысушыларға халықаралық қарым-қатынаста бірыңғай ықпалдасқан экономикалық және саяси блокпен шығуға мүмкіндік береді. Кедендік одақты құрудың басты артықшылығы – тауарлардың, көліктер қозғалысының, үш мемлекет азаматтарының еркін қозғалысы үшін, инвестициялық ынтымақтастықтың жандануына және біріккен жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау болды», - дейді Атырау облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Саламат БЕКМҰХАНОВ.

Кедендік органдардың жұмыстары туралы айтар болсақ, кеден одағын құру декларацияны беру мерзімін 4 айға дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Бұл өткізудің жаңа нарығына шығатын бизнес үшін қосымша мерзімді ұзарту боп табылады. Бұрын бұл мерзім бар болғаны 15 күн құрайтын. Бұдан басқа, тауарларды еркін айналысқа шығарудың нормативтік мерзімі қысқарды, кедендік одақ ішінде  бұрынғы кедендік кедергілер ғайып болды, соған орай кәсіпкерлердің брокерлер мен экспорттық декларацияларды рәсімдеуге кететін шығындары азаяды. Сондай-ақ, кедендік одақ аясында қатысушы ел өкілдері үшін енді тарифтік емес реттеу шаралары: лицензияны, рұқсатты талап ету, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға квотаны сақтау шаралары қолданылмайды. Кедендік одаққа мүше елдер арасындағы бірыңғай кедендік аумақта өздері шығарған тауарды да, шетелдік тауарларды да, кедендік одаққа қатысушы елдердің бірінен барлық кедендік процедуралардан өткен деген тиісті құжаттар болғанда баж салығынсыз алып жүруге болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 шілде 2011, 00:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.