20 шілдеде Халықаралық шахмат күні аталып өтеді. Бұл спорт түрі Атырауда қалай дамып жатыр? Біз 1-БЖСМ аға жаттықтырушысы, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай ГАЙСИНМЕН (суретте) сұхбаттастық.
- Осы шахмат мерекесінің тарихы туралы айтыңызшы.
- 1924 жылғы 20 шілдеде Парижде Бүкіләлемдік шахмат федерациясы – ФИДЕ құрылды. Содан бері бұл күн мереке ретінде аталып өтеді. Қазір ФИДЕ 183 мемлекетті біріктіреді. Бүкіл әлемде үш жүз миллионнан астам адам осы ойынды ойнайды.
- Қазақстандық шахматшылар халықаралық аренада қалай өнер көрсетіп жүр?
- Жетістіктер баршылық, әсіресе, соңғы жылдары. Мәселен, жас талант Жансая Әбдімәлік - өз жас ерекшелік тобында әлемнің көп дүркін чемпионы. Жақында өткен ерлер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан командалық есепте бірінші орын алды. Атыраулықтар да жетістікке жетуде. Салауат Ізмұхамбетов АҚШ пен Еуропада өткен турнирлерде сәтті өнер көрсеткеннен кейін гроссмейстер атағын алды, ал, Жәнібек Аманов жастар арасында Азия чемпионатында екінші орын алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ал, егер тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ ССР чемпионатының финалына жергілікті шахматшылардың ішінен алғаш болып 1949 жылы Өтәлі Балғымбаев шықты. Қазір ақсақал 92 жаста. Ол Атырауда тұрады және жергілікті шахмат турнирлеріне жиі келіп, жастармен өзінің соғыстан кейінгі кездері ойнаған шахмат додалары туралы естеліктерімен бөлісіп отырады.
1962 жылы қаламыздың тарихында бірінші рет Геннадий Мовшович Қазақ ССР чемпионы атанды. Спорт шеберлігіне кандидат Г. Мовшович Грозный мұнай институтын бітіргеннен кейін жолдамамен қаламызда жұмыс жасады және жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүрді. 1972 жылғы «Қайрат» республикалық ауыл қоғамы чемпионатына қатысқан құрама командамызды да атап өткен жөн. Олар да командалық есепте бірінші орын алды. Бұл құраманың сапында Ағаша Бөкенбай, Мұқамғали Сейітов, Юрий Гучин және Балтабай Жиенғалиев өнер көрсетті. 90-жылдардан бүгінгі күнге дейін бір қатар атыраулық шахматшы жас Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Араларында Қайрат Тәжиев, Серік Кенжеев, Бейбарыс Өтепов, Ақсана Ерланқызы, ағайынды Нұрлан мен Нұрбол Ғалымжановтар сияқты спортшылар бар. Нұрбол өз жас санатында үш рет чемпиондығын қорғады. Барлық аталған шахматшылар 1-БЖСМ шәкірттері.
- Қазір Атырауда шахмат қалай дамуда?
- Бізде қабілетті шахматшылар өте көп. Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының, Ғабдрахман Айдаралиев атындағы облыстық шахмат федерациясы және қалалық спорт бөлімінің қолдауымен қаламызда жыл сайын он шақты түрлі деңгейдегі шахмат турнирлері өткізіледі. Оған 8-ден 70 жасқа дейін жүзден астам спортшылар қатысады. Шахматсүйер қауымның қуанышына орай, «Теңізшевройл» ірі сыйлық қоры бар турнирлер өткізе бастады. Халел Досмұхамедов атындағы университет соғыс ардагері, шахмат жанашыры, профессор Ғабдрахман Айдаралиевті еске алуға арналған дәстүрлі республикалық шахмат фестивалін өткізіп отырады.
Біздің ең басты мәселеміз – шахмат клубының жоқтығы. Атырау - Қазақстандағы мұндай клубы жоқ жалғыз қала. Біз жергілікті биліктен сәйкесінше орынжай беруді бірнеше рет сұрағанбыз, еш нәтиже жоқ.
Облыстық шахмат федерация-сының атынан барлық ойыншыларды, төрешілерді, шахмат жанашырларын төл мерекелерімен құттықтаймын. Ардақты ардагерлеріміз Ағаш Бөкенбайға, Сейран Мазлумянға, Ерсайын Ықсановқа, Амангелді Сақтағановқа үлкен алғыс айтамын. Сонымен қатар қазір арамызда жоқ Ғ.Айдаралиев, Қожахмет Шәмбілов, Мубин Жәменов, Константин Тен, Әбдеш Күзбаев сияқты шахматшыларды еске алғым келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ