Кәсіпорындар үшін ИСО сертификатын алу 500 мың теңгеге, кейде одан да қымбатқа шығады. Алайда, мұндай шығындарсыз да жүйеге қосылуға болады: қолданыстағы бизнеске сервистік қолдау көрсету бағдарламасы аясында ИСО (менеджмент сапасының жүйесі) енгізу рәсіміне құжаттар дайындау тегін жүргізіледі. Осы және басқа да жаңалықтар туралы «Даму» қоры ғимаратында болған баспасөз конференциясында «Консул» ЖШС директоры Жұмажан ҮМБЕТЖАНОВ хабарлады.
«МОРАТОРИЙ МӘҢГІЛІК ЕМЕС»
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында сервистік қолдау көрсету төрт жылдан бері жүргізіліп келеaнгтік, заңгерлік қызметтерді және түрлі салада кеңес берулерді қосады. Жергілікті деңгейде үйлестірушісі кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы болса, 2014 жылдан бері операторы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы болып табылады. Ал, «Даму» өңірлік қоры бұл жұмыстарға мониторинг жүргізеді. Қызметтер көрсету тендерлерін «Облыс кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағы» ҚБ және «Консул» ЖШС ұтып алды.
Кеңес берулер «Даму» қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі, яғни, барлық кеңесшілер бір жерде отырады. Жеке кеңестерді, сондай-ақ, Кәсіпкерлер одағы кеңсесінен алуға болады.
Сервистік компаниялар өкілдері айтқандай, ең алдымен, заңдық кеңестерге сұраныс көп, содан кейін маркетинг мәселелері бойынша қызметтер (негізінен, бизнес жоспарын жасау және нарықты зерделеу) мен бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу мәселелері бойынша келеді.
- Жыл соңына дейін мораторий енгізілді, кәсіпкерлер тексерулерден босатылды. Міне, осы уақыттарды өз істеріңізді тәртіпке келтіруге жұмсауларыңыз керек, - дейді Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА. – Бізде бухгалтерлік есепті қалпына келтіру деген қызмет бар. Бізге жеке кәсіпкерлер келгенде мамандар олардың бухгалтерлік құжаттарын қарап шығады және көп жағдайларда қағаздарының қалай болса, солай жасалғанына куә болады. Біз өткен жылдың, одан арғы жылдың құжаттарын қарап шығамыз, өйткені, мұндай істер бойынша талап қою мерзімі бес жыл ғой. Мұның барлығы ұсақ, әсіресе, жаңа бастаған ЖК-лердің өз штаттарында заңгер, маркетолог, тіпті, есепші ұстауға мүмкіндіктері жоқтығынан орын алады. Олар түрлі есепшілерді есеп-қисап тапсыру, салық төлеу, жалақы беру кезінде ғана уақытша жалдайды. Бір есепші толық жасамай кетсе, екіншісі есеп беруге үлгермеген, ал, үшіншісі қате жіберген. Нәтижесінде бұл «олқылықтар» көбейе береді. Егер келесі жылы тексерулер қайта басталса, мұндай ЖК-лерге қиын болады.
ШЕКАРАДАҒЫ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР
Кедендік рәсімдер жөнінде кәсіпкерлер көп хабарласа бермейді, алайда, өте күрделі мәселелермен келетіндері бар. Белгілі бір елден әкелінетін жүкке құжат жасауымызды, кедендік декларация толтырып беруімізді өтінеді. Айтпақшы, кәсіпкерлер осы кедендік декларацияны жеңілдету қажеттігі жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Олардың қиындығы сондай, бизнесмендер брокерлердің қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бір жерге, мәселен, Қытайға затқа бару үшін сервистік компаниядан кеңес алып кеткеніңіз жөн. Көбіне кәсіпкерлер түрлі тауарларды баж салығы қандай екенін білместен сатып алады. Әр түрлі тауарларды ұсақ-түйектеп алып, әр тауардың кодының әр түрлі екеніне мән бермей, бәрін «КамАЗға» тиейді. Мысалы, екі құмыра - бір тауар коды болса, құтының коды бөлек. Ал, кеденшілер барлық салықтар мен алымдардың тізімін көрсеткенде бастарын ұстайды. Өз қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс есептемей, тауарларын шекарада тастап кеткен оқиғалар да болған. Бұл жағдайлардың барлығын Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жасайтын брокер түсіндіреді.
Бизнесмендер интернет-ресурстардың да қолдауын ала алды. Бүгінде көп сұралатын қызмет – түрлі бағдарламаларды орнату және оны жүргізіп отыру, электронды 1С есеп-қисап тапсыру, сондай-ақ, ИСО енгізу бойынша қызметтер.
- Кәсіпкерлер ИСО енгізуге көп хабарласады, өйткені, бұл жүйе пайдалы қазбаларды пайдаланушылар мен «Самұрық-Қазына» еншілес кәсіпорындарының тендерлері мен байқауларына қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды мемлекеттік сатып алу жүйесімен жұмыс жасауға көмектесуді өтінушілер де көп келетінін атап өткім келеді. Біреулері тіркеліп, электронды кілт алғысы келсе, бірі пайдалы қазбаларды пайдаланушылардың сайттарына кіру туралы мәліметтер алғысы келеді, - дейді Жұмажан Үмбетжанов. – Жалпы мемлекеттік сатып алу бойынша консалтингтік қызметтер қымбатқа шығады. Мәселен, бір мәмілені жүргізу 180 мың теңгеден басталады, бағаның қалыптасуына мәміленің сомасы да әсер етеді. Біздің қызметтерімізді пайдаланған кәсіпкерлер көп үнемдейді, өйткені, бізде бәрі тегін ғой.
Орталық мамандары аудандарға да барып кеңес береді. Олар жақында Жылыой ауданының Жаңа Қаратон және Қосшағыл ауылдарына барып қайтты. Кезекте Индер және Махамбет аудандары тұр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА