Атырау, 26 желтоқсан 01:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қоғам сурдоаудармашыларға зәру

5 889 просмотра

Бүгінде Атыраудағы қазақ саңыраулар қоға-мына сурдоаудармашылар мамандары ауадай қажет болып отыр. Ондағы жүзден астам құлағы мүкіс адамдар бір-бірінің ым-жымын түсінгенімен, қоғам басшыларының сөзін әрең ұғысады. Мұнда құлағы естімейтіндерден бөлек, жалпы қоғамның шаруашылық жұмыстарын атқарып отырған елу қызметкер бар. Ымдау мамандарының тапшылығын олар да едәуір сезініп отыр. Қоғам мүшелерімен түсінісу мүлдем мүмкін болмаған жағдайда олар сөздерін қағазға жазып жеткізуге мәжбүр.

Қазақ саңыраулар қоғамында тіркелгендер ішіндегі қырық адам осы қоғамға қарайтын өндірістік мекеменің тігін цехында жұмысқа тартылған. Алдағы уақытта қоғам ғимаратының үшінші қабатынан тағы бір тігін цехы іске қосылса, әлде де бірнеше кісі жұмысқа қабылданбақ. Өйткені, өндірістік орын 100 адамды жұмыспен қамтуға арналған. Өндірістік мекеме басқармасының директоры Әли СЕИДОВ ғимараттың өте ескі екенін және ол жөндеу жұмыстарына сұранып тұрғанын жеткізді. Сонымен бірге «жедел түрде сурдоаудармашыларды жұмысқа алу өте қажет. Әйтпесе, қоғам мүшелерімен түсінісу өте қиынға соғып отыр», дейді ол.

Қоғамның өндіріс орны шығаратын маман киімдері мен басқа да мата өнімдеріне «АМӨЗ», «Қаз-мұнайбұрғылау» секілді жұмыс орындары тапсырыс беріп келеді. Ал жақында «АДЖИП» компаниясы тігін цехына 25 тігін машинасын тарту еткен. Қоғамда тігін ісінен бөлек, ер адамдарға арналған пластик терезелер шығаратын цех те бар. Негізінен қоғамда ерлерге қарағанда әйелдер жағы басым. Әли Қадырұлының айтуынша, есту қабілетінен айырылғандардың ішінде психикалық тежелуі байқалатындары да кездеседі. «Сондықтан, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, үнемі тығыз байланыста болуымыз шарт. Ал ол үшін сурдоаудармашысыз болмайды. Бізде құлағы аздап еститін Галя есімді апай ымдау әдісін шамалы біледі. Біз соның көмегімен ғана бір-бірімізді түсінісеміз. Не болғанда да өзіміздің сурдоаудармашымыз болғаны жақсы ғой. Біз Алматыға мамандарымызды үш айлық курсқа жібереміз бе деп ойлап отырмыз. Алайда, олар келген соң екі-үш айдан соң шығып кете ме деп те қорқамыз» дейді мекеме басқармасының басшысы. Сондай-ақ, ол тігін бұйымдарымызға деген тапсырыс көлемі әлі де ұлғайтылса әбден тозығы жеткен ғимаратымызға (суретте) жөндеу жұмыстарын жүргізіп алар едік дейді.

- «Кейде жұмыссыз отыратын кездер де болады. Біз бұйымдарымыздың жоғары сапасы үшін күресеміз. Талабымыз сондай. Тапсырысты өзіміз іздеп табамыз, кейде бізге әкімдік те табуға көмектеседі, біреуге жалынудың өзі күнә ғой. Бұрын ғимаратымыздың ауласы кең болатын. Қазір сыртта отырып жұмыс істеу мүмкіндігі де азайды. Себебі, жанымыздағы сауда  үйінің иесі ауланың жартысын иемденіп алған. Айта берсе проблема жетеді. Бірақ шамамыз келгенше тірлік етіп келеміз».

Ал сурдоаудармашылық жайлы біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрап білгенімізде, бүгінде облыста сурдоаудармашылық курсын он адам ғана бітіргенін білдік. Оның сегізі аудандарда болса, екеуі қалада. Сол қаладағының бірі Сәуле, курс оқыдық деген атақ болмаса, курста алған білімімді еш жерде қолданып көрмеппін, ешкім де шақыртпаған болатын дейді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагермен және мүгедектермен жұмыс бөлімінің бастығы Гүлжан УӘЛИЕВАНЫҢ айтуынша, дәрігерлік сараптамалық комиссия мүгедекке сурдоаудармашы қызметі қажеттігін анықтап берген соң, басқарма оқытқан сурдоаудармашылар көмекке жіберіледі.

- «Бізде аудандарда сурдоаудармашылықпен жұмыс істей-тін адамдар бар. Сурдоаудрмашы қажет мекемелер маманмен келісім-шартқа отырып, белгіленген қызмет уақыты мен кестесі бойынша жұмыс ісетейді. Заң бойынша жылына 30 сағатқа дейін  қызмет көрсетіледі. 2007 жылы «Үміт» сақау-мылқаулар орталығынан оқытушы мамандарды оқу курсын жүргізуге шақыртқанбыз. Оқыған адамдар ымдау маманы деген сертификат алды. Сертификат мерзімі 5 жыл. Сурдоаудармашылар тіркеліп, шарт жасалып, қызметтерін жүргізеді. Мүгедектерді апаратын жерге апарып, бірге барып келеді. Ол күніне 15 минут, бір сағат, болмаса 24 сағат қызмет көрсетуі мүмкін. Сұранысқа байланысты. Ал сурдоаудармашылардың жалақысы көрсетілген қызметіне байланысты осы біздің басқарма арқылы төленеді. Патенті бар сурдоаудармашылар жеке кәсіпкер болып табылады. Оның қызметі көмек емес, мемлекеттік қызмет көрсету болып есептеледі».

Сондай-ақ, Гүлжан Еламанқызының айтуынша, сурдоаудармашылардың облыста жетіспейтіні бесенеден аян және ол өте өзекті болып отыр. Алайда, тағы курс ұйымдастырып сурдоаудармышыларды оқытуға қаржы керек екен. Ол мәселе бүгінде шешімін таппай отыр.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор

16 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.