Өкінішке орай, бүгінде қалып жарымаған Гурьевтің ескі көпес үйлері жақсы безендірілген, әдемі жиһаздарға толы болған еді: түрлі өрнектер жүргізілген үй төбесі, ағаштан жасалған жұмсақ жиһаздар, хрусталь аспашамдар, бағалы маталардан тігілген жапқыштар және тағы басқалар.
Өлкетану музейінің қорында ауқатты казак отбасының тұрмыстық заттары сақталған. Міне, мәселен, ХІХ ғасырда Кузнецов фабрикасынын шығарылған фарфор ыдыс-аяқ. Алтын жалатқан ою-өрнектермен безендірілген бұл жинақ екі тостаған мен шәйқұманнан тұрады. Оны музейге 1984 жылы қала тұрғыны Л. Яркина тапсырған. Ал А. Бахалкина 1981 жылы сол Кузнецов фабрикасында жасалған ыдыс-аяқтар – үйрек тәріздес ваза, сүт құятын шағын құмыра, кәмпит салатын ыдыс тапсырды. Бұл ыдыс-аяқтар оған күйеуге шыққан кезінде жасау ретінде берілген екен.
- Міне, күміс тостаған мен рөмке. Оларды музейге 1983 жылы қала тұрғыны Қазиев әкелген, - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурция бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА. – Оның айтуынша, бұл ыдыстарды оның әкесі өткен ғасырдың 20-жылдары Топоров ақсақалдан сатып алған екен.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор