2010 жылы 27 жастағы Болат ІЗБАСҚАНОВ (суретте) годзю-рю каратеден абсолюттік әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Осы белгілі атыраулық каратеші бүгінде немен айналасуда, оның қандай жоспарлары бар?
«УС-99 ЖЕРТӨЛЕСІНДЕ БАСТАДЫМ»
- Болат, алдымен спорттық мансабыңыздың қалай басталғанын айтыңызшы.
-Мен алғаш рет 1996 жылы «Қайсар» дәстүрлі карате және муай-тай спорттық клубы жанындағы годзю-рю секциясынана бардым. Жаттықтырушыларым Айбат Рахман мен Сансызбай Торғаев болды. Сол кезде тобымыз «УС-99» АҚ жертөлесінде шұғылданатын. Өзім Еркінқалада тұрамын, жету де ұзақ уақыт алатын. Алайда, мен каратемен айналысып, жеңіске жеткім келді. Ұстаздарым да маған сенді. Бүгінде осы жеткен жетістіктерімнің барлығы жаттықтырушыларым мен ата-анамның арқасы екенін мойындаймын.
Менің алғашқы олжам облыс-тық чемпионаттың «қоласы» болды. Ал, 1997 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан чемпионы болып келдім. 2006 жылы Канаданың Ниагара-Фолс қаласында өткен әлем чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақта «күміс» алдым. Каратемен қатар тай боксымен де шұғылдандым. Бұл спорт түрінен Қазақстан кубогының иегері және Әлем кубогының қола жүлдегері атандым.
2010 жылы мен ОАР-да өткен годзю-рю каратеден абсолюттік әлем чемпионатына қатыстым. Бұл - салмаққа қарамастан, тек қара белдік иегерлері қатысатын ең басты турниріміз. Осы чемпионатта «қола» иеленіп, «Атырау облысының 2010 жылғы үздік спортшысы» атағына ие болдым.
-Жақында сіз 4-данға емтихан тапсырдыңыз. Қиын болды ма?
- Маусым айының аяғында Астанада Халықаралық окинавалық годзю-рю карате-до федерациясының (IOGKF) бас нұсқаушысы, 10-дан иегері Морио Хигаонаның жетекшілігімен Еуразиялық гашуку-семинар өтті. Сондай-ақ, емтихан қабылдауға Хенрик Ларсен (Дания), Тетсуджи Накамура (Канада), Эрни Молинью (Англия) және сэнсей Хигаонаның шәкірті Масакадзу Курамото сияқты бас нұсқаушылар қатысты. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей елдерінен келген спортшылар үш күн бойы ката, куметеде сайысып, дан алу тестілерін тапсырды.
Атыраудан семинарға 15 адам барды. Алтауы дан тестілерін тапсырған, бәрі де сәтті өтті. Бұлар 1-дан қара белдікке тапсырған 18 жасқа дейінгі балалар: Эльдар Бердиев, Денис Пынзарь, ата-анасы ТШО-да жасайтын ағылшын қызы Интисар Кемоун. Жаттықтырушылар арасынан мен 1-данға, Алексей Любин мен Ольга Айтжанова 3-данға тапсырдық.
-Кезінде сіз каратенің отаны жапондық Окинава аралына барып едіңіз...
- Мен Окинавада екі рет болдым. Морио Хигаонаның додзесінде жаттығу жасадым. Әр келгенімізде сэнсей жаңа тәсілдер үйрететін. Сырттай қарағанда, карате өнерінің шыңын бағындырған шебер әлі толассыз жұмыс жасайды. Бұл - біздер үшін үлкен өнеге! Оған қарап отырып, карате кемелдікке жетудің шексіз сара жолы екенін түсінесің. Айтпақшы, Астанада өткен семинарда ол ката мен соққылардың жаңа түрлерін көрсетті. Осы семинарға баруға мүмкіндік беріп, демеушілік жасаған «Жаһан» ЖШС директоры Нариман Дүйсенбекұлы Байбосыновқа зор алғысымды білдіремін.
«ЖАТТЫҚТЫРУШЫҒА БАСҚА НЕ КЕРЕК?...»
-Жаттықтырушылық жолыңыз туралы айтыңызшы.
- Мен 2006 жылы Еркінқала ауылының мектебінде өз жаттықтырушылық жолымды бастадым. Екі жылда Таңатар Расул, Асыланбек Әбішев және Толқынай Абсенова сияқты Қазақстан чемпиондарын тәрбиеледім. Содан кейін тобымызды жауып тастады. Өйткені, 2008 жылы қалалық білім беру бөлімі басшысы мектеп спорт залдарында шұғылданатын барлық секциялар жалдау ақысын төлеу керек деп мәлімдеді. «Қайсар» клубында бұған ақша табылмады...
- Бұл жағдайдан қалай шықтыңыздар?
- Менің әкем Павел Ізбасқанов спортты өте жақсы көреді. Ол - кәсіпкер. Балаларымызбен бірге спорт залсыз қалғанымызды көрген ол маған залды өзі салып беруді шешті. Бірінші қатарынан азық-түлік дүкенін ашса, екінші қатарында үлкен спорт залын жасақтады. Мен оны Окинавада көргенімдей жабдықтадым. Спорттық қапшықтар, зілтемірлер, айна сатып алдым. Соққылар жасауға арналған ағаш қуыршақ – макивариді өз қолыммен жасадым. Ұстазым Айбат жаңа татами алып берді. 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толу мереке күні спорт залды аштық. Келіп көрулеріңізге болады, менде, дұрысы, «Қайсар» клубында өңірдегі ең үздік жаттығу залы бар. Мұнда жаттықтырушы бөлмесі, киім шешінетін, суға түсетін бөлмелер бар.
Мұнда Еркінқала, Ракуша және Жұмыскер ауылдарынан елуге тарта бала шұғылданады. Үш бала қаладан келеді. Қаладан, сондай-ақ, ересектер де келіп, жаттығу жасайды.
Екі апта бұрын мұнда Қазақстан годзю-рю карате федерациясының президенті Амангелді Қарменовтың қара белдік иегерлеріне арналған семинары өтті.
Еркінқалада бокс, күрес, таэквондо топтары болды. Алайда, жаттықтырушылар көп тұрмайды – қаладан барып-келу қиын. Сондықтан да топтар жабылып қалды. Ал, мен өзім осында тұрамын, өзімнің спорт залым бар. Жаттықтырушыға басқа не керек?...
- 2010 жылғы жетістігіңізді қайталауға дайынсыз ба?
- Қайталауға емес, жақсартуға деңіз...Годзю-рю каратеден абсолюттік әлем чемпионаты Олимпиада ойындары сияқты 4 жылда бір рет өткізіледі. Биыл чемпионатқа барып, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Өтетін орны мен уақыты әлі белгісіз, бірақ мен дайындалып жатырмын.
- Сәттілік тілеймін.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ