Атырау, 9 қараша 18:32
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Көне Эллададан бүгінгі Атырауға дейін

4 488 просмотра

24-28 маусымда Атырауда еліміздің тәуелсіздігіне арналған жастардың Ұлттық Дельфий ойындары болып өтті. Бұл ойында біздің командамыз бірінші орынды иеленді.

Ресми ашылу салтанаты 25 маусымда М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының сахнасында болды. Ойынның символикалық алауын жерлесіміз, 2010 жылы Ереванда өткен ТМД елдерінің Дельфий ойындарының жеңімпазы Бексана ОҢДАҒАНОВА жақты. «Дельфий ойындары талантты жастардан кенде емес Қазақстан үшін де дәстүрге айналды. Оған дәлел ретінде сіздің елден жоғарғы жүлделі орындарға ие болған өкілдеріңізді айтуға болады», - деп атап өтті сөз алған халықаралық Дельфий комитетінің директоры Владимир ПОНЯВИН (Ресей).

Қатысушылардың құрамы аймақтық ойындардың қорытындысы бойынша қалыптасты. Биылғы жылы Дельфий ойындарының іріктеу кезеңіне 2 мыңнан аса талантты жастар қатысты. Оның 500-дейі сайысқа қатысу үшін Атырауға келген. Мәселен, Қызылорда облысының делегациясы фортепьяно, қобыз, домбыра, эстрадалық және халық билері, халық әні номинациялары бойынша 21 қатысушыдан құралған. «Облысымыз Дельфий ойындарына бесінші рет қатысып отыр. Өткен жылы қатысқан бес номинацияның төртеуі бойынша алқа тақтық, - дейді қызылордалық делегацияның жетекшісі Жандос ҚОСМАҒАМБЕТОВ. – Атыраулықтарды, әсіресе «Домбыра» мен «Халық әндері» номинациясы бойынша күшті бәсекелестер деп есептейміз. Ал академиялық ән айтуда қостанайлықтар мықты».

 

БІЗ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША МЫҚТЫМЫЗ

Сөйтсек, қызылордалықтар біздің жастарымызды тектен-текке мақтамаған екен. Кіші және ересектер тобында алтын алқа «Домбыра» сыныбы бойынша «Халық аспаптары» номинациясында атыраулықтар Карина ӘМІРҒАЛИЕВА мен Серік ӘЛІБЕККЕ бұйырды; «қобыз» сыныбы бойынша Арай КИСЯРОВА үздік танылды, «прима-қобыз» сыныбы бойынша ересек топта алтын алқаны Надира ТАСИМЕНОВА иеленсе, қола алқа Ақжарқын ОРЫНҒАЛИЕВАНЫҢ еншісіне тиді. «Халық әндері» номинациясы бойынша да алтынды сайыстың кіші тобына қатысушы Дариға ШЫНҒАЛИЕВА алса, жоғарғы топтан Айгерім ҚУАНДЫҚОВА күміс алқаға ие болды. «Халық билері» сыныбы бойынша да ерекшелендік. Алтын алқаны кіші топта «Қазына» ұжымы тақса, күміс ересектер тобындағы «Жем аруы» ұжымының меншігіне тиді. Дегенмен, атыраулық «Радуга» тобы заманауи билер бойынша тамаша өнер көрсетіп, қола алқаны қанжығаларына байлады. Кіші топ бойынша алтын алқа танымал боп үлгерген атыраулық скрипкашы Бибіфатима АЗИЕВАҒА (суретте) бұйырса, осы санат бойынша қола алқаныШынар НАҒИМОВА алды. Скрипкашылардың жоғарғы тобында күміс алқаны Нұрсұлтан МЕДЕТОВ, осындай жүлдені «Баян, аккордеон, гармон» номинациясы бойынша кіші топтағы Баубек ӨМІРҒАЛИ иеленді. «Академиялық ән салу» номинациясы бойынша кіші топқа қатысқан Бақтыгүл БИСЕМБАЕВА қола жүлдеге ие болды. Жоғарғы топта «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Ақжолтай ЖҰМАҒАЛИЕВ алтын алқа тақты.

 

ЖЕҢІМПАЗҒА ГРАНТ БЕРІЛЕ МЕ?

«Ойынға қатысушылардың барлығы 220 алқаны иеленді. Жалпы командалық бірінші орынды Атырау командасы алды, екінші орынды Астана, үшінші орынды Алматы командасы иеленді, - дейді «Ұлттық Дельфий комитетінің» корпоративтік қоры директорының орынбасары Нұр БАЙМҰРЗАЕВ. Сайыс 13 номинация бойынша Атыраудағы 9 алаңда – Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында және т.б. жерлерде өтті. Н.Баймұрзаевтың айтуынша, бұл оның тәжірибесіндегі бесінші ойын екен. Оның байқауынша, қатысушылардың деңгейі жылдан жылға көбейіп барады. Соған орай сайыс тапсырмалары да қиындауда. Мәселен, өткен жылы «веб-дизайн» номинациясында қатысушыларға сайттарға картинкалар салу қажет болса, биыл олар сайттардың интерфейстерін құрумен айналысқан. Осыған байланысты ұлттық ойындардың ұйымдастырушылары білім беру министрлігіне Дельфий ойындарының жеңіпаздары үшін грант немесе квота бөлу ұсынысымен шыққан. Осындай тәжірибе Ресейде қолданылады екен. Біздің талантты жастарымыздың даму деңгейі жоғары. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан командасы халықаралық ойындарда жүлделі орындар алып келеді. Өткен жылы Ереванда 13 команданың арасында Ресейге ғана жол беріп, екінші орынға ие болған едік.

Биылғы жылы команданың сандық құрамы көбейіп, номинациялар саны азайғанын айта кету керек. Республикалық ойындардың жеңімпаздары еліміздің атынан халықаралық сайыстарға шығып жүр. Сондықтан Қазақстан сайысты халықаралық ережелерге бағыттап өткізеді. Ол ереже бойынша номинацияда 5 үміткерден кем болмауы керек. Өкінішке орай, «цирк», «саксофон» және «диджей» номинациялары бойынша мұндай мөлшерде ниет білдірушілер болған жоқ. Ал заманауи және халық билері, халық аспаптары (домбыра, қобыз, прима-қобыз), веб-дизайн, фортепьяно, скрипка номинациялары анағұрлым танымал болып, өтініштер саны үнемі өсіп отырады. Дельфий ойындарына қатысушылардың өздерінің де танымалдылықтары артуда. Мәселен, астаналық 11 жасар скрипкашы Нәзікгүл ЖАНАЗАРОВАНЫ Майамиде өнер көрсетуге Арнольд Шварценеггердің өзі шақырған.

Республикалық ойындардың жеңімпаздары қазан айында Киевте өтетін ТМД құрамындағы елдердің Дельфий ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады. Ал келесі халықаралық ойындар Астанада өтетін болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

 

«АЖ» анықтамасы.Ойынның пайда болған ресми уақыты мен орыны б.э.д. 582 жылы Грецияда деп есептеледі. Олимпиадалық ойындармен бірге Дельфий ойындарына (бұрынғы атауы - Пифий) 1600 жыл бұрын тыйым салынған. Содан соң тек ХХ-ХХІ ғасырларда ғана қайта жанданған. 2000 жылы Мәскеуде 27 елдің қатысуымен Бірінші дүниежүзілік заманауи Дельфий ойындары өткізілді. 18 номинация бойынша 938 адам қатысты. 2008 жылы 19 номинация бойынша өткізілген екінші дүниежүзілік Дельфий ойындары 61 елдің 1 167 сайыскерлерін жинады. Бүгінгі күні Халықаралық Дельфий қозғалысына 63 ел қатысады.

30 маусым 2011, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.