Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты немесе қайта «түлеген» Өзбекстан Ислам Қозғалысы туралы.
Өзбек ресмилері мен қауіпсіздік саласының сарапшылары Өзбекстан Ислам Қозғалысын (ӨИҚ) құрдымға кетті деп жүргенде, аталмыш ұйым «қайта түлеп», жуырда Пәкістанның Карачи әуежайына үлкен шабуыл ұйымдастырды. Бұл лаңкестік әрекеттен 30-дан астам адам қаза тапты. Осы террорлық актіні жасағанын өз интернет сайтында жариялаған ӨИҚ-ы «бұл шабуыл өзбек исламшы жауынгерлерін әуеден бомбылаған Пәкістан үкіметінің зұлымдығына қарсы жауап ретінде жасалды» деп мәлімдеді. Ақпарат көздері бұл қақтығыста 10 өзбек исламшысы өлтірілгенін жариялады. Пәкістанның екінші астанасы ретінде саналатын Карачи қаласының әуежайына шабуыл жасаған ӨИҚ лаңкестік әрекеті үлкен дүрбелеңге себеп болып, терроризмге қарсы күрес пен ұлттық қауіпсіздік саласында айтарлықтай жетістікке жеттік деп жүрген Каримов үкіметі үшін күтпеген соққы болды. Президент Каримов пен ӨИҚ арасындағы қатынастың жат ел біле бермейтін бір аянышты тұсы бар.
Алғашында Наманган қаласында «Әділет» деген атпен құрылып, кейін ӨИҚ-на айналған ұйымның басшысы Тахир Юлдаш Каримовты «Қолыңа Құран ұстап, Өзбекстанда ислам мемлекетін құрамын деп сөз бер» деп тығырыққа тіреп, Президенттің абыройын ел алдында аяқасты еткен болатын. Айналасындағылар әсіре кекшіл деп санайтын Ислам Каримов тағына орнығып, билігін нығайтқаннан соң, Тахир Юлдаш пен Жума Намангани бастаған «әділетшілерді» елден ығыстырып шығарды. Олар алғашында Тәжікстанда бас сауғалап, кейін Ауғанға аяқ тіреді, ал АҚШ-тың ауған жорығы кезінде талибандар тарапында шайқасты.
Американың көмегімен ӨИҚ-нан құтылу – Ислам Каримовтың басты арманына айналды. Осылай Өзбекстан Американың аймақтағы басты ынтымақтасына айналды, ел оңтүстігінен АҚШ-қа әскери база ашуға рұқсат берді. Президент Каримовқа күндіз- күлкі, түнде – ұйқы бермейтін ӨИҚ-ы 2009-2010 жылдары ел оңтүстігі мен солтүстік-шығысындағы аймақтарға шабуыл жасап, өзбек билігінің тағы да зәресін алды.
Америка тәліптер үкіметін құлатқанымен, Ауғанстанда толық бақылау орната алмады, ал ӨИҚ-ның жауынгерлері Пәкістанның тәуелсіз территориясы болып табылатын Уәзірстанға қоныс аударды. Әрине, АҚШ шындап кіріссе, ӨИҚ-ы әскерлерін талқандаған болар еді, бірақ, алысты болжайтын АҚШ бұл ұйымды қосалқы бөлшек ретінде сақтап қойды. Сол 2003 жылдан бері ӨИҚ-ы Американың Өзбекстанмен қатынасындағы көзірі болып келеді.
Осы жылы Америка әскерінің басым бөлігі Ауғанстаннан шығарылмақ. АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуы БАҚ үшін – бітпейтін жырға, ал Өзбекстан үшін – бітеу жараға айналды. АҚШ әкімшілігінің өкілдері Ауғанстандағы әскерінің көне қару–жарағын Өзбекстанға береміз деп, Тәшкентті дәмелендірген болатын. Әскерді Ауғанстаннан шығаратын маршруттың өзгеру ықтималы туған соң, бұл көптен күткен дәме күрең тарта бастады. Кейбір мысық тілеу сарапшылар: «АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарса, халықаралық исламшылардың Өзбекстанға қарсы күресі үдей түседі, бұл нөпірді тоқтатар күш Өзбекстанда табылмауы мүмкін» дейді. Арадан 14 жыл өтіп, бой көтерген ӨИҚ-ның Карачи әуежайына шабуыл жасауы бұл ұйымның тарих қойнауына енбегенін паш етті. Әскери сарапшылардың есебіне қарағанда, бүгінде ӨИҚ-ның құрамында 10 мыңнан астам жауынгер бар, негізінен өзбектерден тұратын исламшылардың қатарында тәжіктер мен шешендер де бар екені айтылады. Өзбекстанның ресми билігін ата жауы санайтын ӨИҚ-тың басты мақсаты – Өзбекстанда халифат үлгісіндегі ислам мемлекетін құру екенін айта кетейік.
Дереккөз: ult.kz