14 маусымда Махамбет атындағы драма театр фойесінде көрме-жәрмеңке ашылды. Әлемнің Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Үндістан және тағы басқа 12 елінен келген қонақтар Атырау халқына өз өнімдерін ұсынуда.
Бұл жерде киім-кешектер, ыдыс-аяқтар, балдың түр-түрі, шайлар, емдік шөптер, қолөнер бұйымдары мен зергерлік бұйымдар, косметикалық заттар мен әшекейлер қойылған.
Өзбекстанның Ферғана облысынан келген Сухроб ЮСУПОВ көрмеге өз қолынан шыққан қыш ыдыстарын алып келіпті:
- Қыштан жасалған бұйымдар үлкен сұранысқа ие, себебі, өте төзімді. Бұл іспен әкем айналысады, одан ағам екеуміз де үйрендік. Қазір оның 20-дан астам шәкірті бар. Мына ыдыстардың барлығын қолымыздан жасадық,- дейді көрмедегі заттарын нұсқап. Көз алдымызда ою-өрнектермен әсемделген шыны аяқтар, пиалалар, құмандар мен шәйнектер, ас тартатын табақтар мен түрлі кәдесыйлар, мүсіншелер жайрап жатты. – Менің әкем әлемнің жер-жерінде, мәселен, Франция, Германия, Болгария, Ресей мемлекеттерінде өтетін көрмелерге қатысып тұрады.
Ал, теріден жасалған батиктерді, кесте болып төгілген жарға ілуге арналған бұйымдарды Айнұр мен Гүлнәз ӨМІРЗАҚТАР ұсынып отыр. Моңғолиядан 1992 жылы атамекендеріне оралған олардың әкесі - суретші, қолөнер шебері Өмірзақ РЫСТАН. Қыздары да кішкентайларынан өнерге қанып өскен, таланттарын Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясында шыңдаған.
- Жақында Люксембургте жеке көрмеміз өтті, қолымыздан шыққан дүниелерімізді жергілікті халық қатты қызығушылықпен тамашалады. Еуропалықтар қазақ халқының қолөнеріне, бұйымдарына таң қалып жатты. Сонымен қатар, Берлинде өткен дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына да қатысып, жасаған дүниелерімізді көрсеттік,- дейді Айнұр. Олардың әкелген бұйымдарының арасынан таза теріден жасалған әмияндар, мүйізден жасалған кәдесыйлар, ағаштан жасалған бұйымдар, киізден ою бастырылған жібек шәлі, кестелер мен тағы да басқа ерекше заттарды табуға болады.
...Көрмеде, сонымен қатар, зергерлік бұйымдардың сан алуан түрі бар. Мәселен, алматылық зергер Нұржан ЖҰМАБАЕВТЫҢ қолынан шыққан қазақтың ұлттық күміс әшекейлері көздің жауын алады. Асыл тастармен көмкерілген білезіктер, белбеулер, қапсырмалар, өңіржиектер мен шашбаулар, құдағи жүзік пен бесбілезіктер, сырғалардың сан түрі (сәукеле сырға, шаңырақ сырға, тұмарша сырға, т.б.) бар.
- Менің жолдасым зергерлікпен 20 жылдан бері айналысып келеді, ал, мен оған бұйымдарын таратуға көмектесемін. Бұған дейін де еліміздің көптеген қалаларында өтетін көрмелерге қатысып келеміз. Бұл бұйымдар таза күмістен соғылған, олардың әрқайсысын жасауға көп уақыт кетеді.Қазіргі кезде Нұржанның шәкірттері бар, өнері өлмейді. - дейді жұбайы Гүлнәр. - Бұл - үлкен ептілікті, шыдамдылықты қажет ететін, көз майын тауысатын еңбек. Әрі тәрбиелік мәні де зор. Мәселен, құдағи жүзіктерді қыздың анасы ұзатылған қызына көрісуге барған кезде құдағиына сыйлайды екен, оның мәні – бірлігіміз ажырамасын, татулығымыз мәңгілік болсын деген екен.
Көрме 22 маусымға дейін жалғасады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ