Өткен жылдың қыркүйек айында«Атырау» ДСК-нде GTF нұсқасы бойынша таэквондодан топ ашылған болатын. Өз шәкірттерінің жетістіктері жөнінде облыстық GTF таэквондо федерациясының директоры Берік ӘЛЖАНОВ әңгімелейді.
МОЛДАВИЯ АЛДА
- Бүгінде таэквондоның қана нұсқасы бар, айтып беріңізші?
- Қазір әлемде таэквондоның үш федерациясы жұмыс жасап жатыр. Ең ірілері – Халықаралық таэквондо федерациясы (ITF), Бүкіләлемдік таэквондо федерациясы (WTF) (2000 жылдан бастап бұл нұсқа Олимпиадалық Ойындар бағдарламасына кіреді) және 1990 жылы грандмастер Пак Джунтхэ негізін салған Ғаламдық таэквондо федерациясы (GTF). GTF стилі өте қатал, алайда, ең тиімдісі осы нұсқа деп есептеймін.
1991 жылы Қазақстанда алғаш рет GTF мектебі Ақтөбеде ашылды. Қазақстан GTF федерациясының президенті болып менің ұстазым, 5-дан қара белдігінің иегері Демид Грачев тағайындалды. Қазір Ақтөбеде оның бірнеше мың шәкірті бар.
Біздің отандастарымыз арасында Николай Марчук пен Мақсат Боранбаев GTF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Ал, бұл спорт түрінен Молдавия, Малайзия және Түркия елдерінің құрамалары мықты болып саналады. 2010жылы Алматыда болған Еуразия чемпионатында молдавандар алтын жүлделердің көп бөлігін қанжығаларына байлады. Өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан GTF федерациясының шешімімен мен Ақтөбеден Атырауға ауыстырылдым.
- Атырауға келгенге дейін жетістікке жеткен шәкірттеріңізді атаңызшы.
«ЖС» анықтамасы:
Берік Молбайұлы ӘЛЖАНОВ, 25 жаста, жаттықтырушылық өтілі 5 жыл, GTF және Джун Ри таэквондодан Қазақстан чемпионы, 1-дан қара белдігінің иегері.
- Ақтөбеде жұмыс жасағанда шәкіртім Нұрғиса Іздібай Башқұртстан ашық чемпионатында «қола» жүлдеге ие болды. 2011 жылы ол, сондай-ақ, Джун Ри таэквондо бойынша Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды. Қазір ол жаттықтырушылық қызмет атқарады.
2012 жылға дейін ел ішінде турнирлердің аз ұйымдастырылуына байланысты GTF таэквондо федерациясының шәкірттері басқа жекпе-жек түрлері бойынша жарыстарға қатысып жүрді. Мысалы, 2011 жылы шәкіртім Саяжан Баймұратова қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионы атанды.
«БАРЛЫҒЫ БІР ШӘКІРТТЕН БАСТАЛДЫ»
- Қазір қанша шәкіртіңіз жаттығу жасап жүр? Олар спорттық турнирлерге қатысып үлгерді ме?
- Қыркүйек айында біз ашылғанда менде тек бір шәкірт қана болды. Мен газеттерге хабарландыру беріп, мектептерді аралап, шақыру қағаздарын тараттым. Нәтижесінде қазір менде екі топта әр түрлі жастағы қырық бала жаттығады. Сонымен қатар, №1 мектеп-интернаттың 15 оқушысына тегін дәріс беремін. Жаттығулар «Атырау» ДСК-нде және Жарбосынов көшесіндегі «Байтал» бизнес орталығында өтеді.
2013 жылдың қарашасында біз дәстүрлі «Қызылорда кубогына» қатыстық. Мен бұл жарысқа Евгений Ульченковты, Алексей Лиді, Даниэл Лунетскас және Әнуар Жарасұлын алып бардым. Барлығы қола жүлдемен оралды.
Желтоқсанда Орал қаласында «Батыс кубогына» қатыстық. Осыдан кейін бізде белдікке емтихан тапсыру жүргізілді. Он баланың ішінен жетеуі өздерінің алғашқы сары белдіктеріне (8-кып) қол жеткізді. Үстіміздегі жылдың наурызында командамыз Ақтөбеде өткен «Азия жауынгері» турниріне қатысты. Спаррингте («мацоги») Ислам Мейрамғалиев пен Евгений Похлебухин «күміс» алды. Катада Ә. Жарасұлы, Әмір Нұрғали, Е. Ульченков, К. Ишина, А. Ли және И. Мейрамғалиев күміс және қола жүлделердің иесі атанды.
Мамыр айындаҚазақстан чемпионатында Ә. Нұрғали алғаш болып ел чемпионы атанды («мацоги»). Е. Похлебухин, К, Ишина және И. Мейрамғалиев «күміс» алды.
Маусымның аяғына дейін балалар кезекті емтиханнан өтеді – сары-жасыл белдікке тапсырады (7-кып).
-Сіздерде каратэдегідей «тамешевариден» (тақтай сындыру) емтихан бар ма?
- Таэквондода жарыстың мұндай түрін «кёкпа» деп атайды. Оны жасыл белдікке (6-кып) емтихан тапсырғанда орындайды. Бұған біз кейін дайындаламыз.
- Жазға қандай жоспарларыңыз бар?
- Қазақстан GTF федерациясы балалар үшін Ыстықкөлдегі «Маяк» лагеріне 10 күндік демалыс ұйымдастырды. Ол жаққа ел бойынша жүзге тарта бала барады. Жолдама үшін ата-аналар 50 мың теңге төлейді. Шәкірттеріміз арасынан 6 бала баруға құлшыныс танытып отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ