Атырау, 26 желтоқсан 07:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Ауған ардагерлері: «Ауғанстанға әскер жіберуге қарсымыз!»

17 143 просмотра

Бүгінгі әңгіменің арқауы  ауған соғысына қатысқан  солдаттар жайлы болмақ. Олардың бүгінгі жай-күйін зерделеп көруге тырыстық.

Менің сұхбаттастарым - Ермұрат Қазмағамбетов пен Серік Жұбанышев деген азаматтар.

Ермұрат Ауған соғысына 1979 жылы Венгрияда әскери борышын өтеп жатқанда жөнелтілді. Ол да қанды көйлек жолдастары секілді соғыста бір кісідей азап шекті, талайды көрді. Қазір ол үйленбей тұрғанда бұрынғы жұмыс орнынан берілген қуықтай бір бөлмелі пәтерде төрт баласымен бірге тұрып жатыр. Жұбайы Ұлжан жергілікті органдардан пәтер мен жер сұрап барғанымен, нәтижесіз екенін айтып қажыды. Ұлжан мен Ермұраттың төрт баласы да аяққа тұрмаған жаста. Баланың үлкені қыз бала, 12 жаста. Өзі «Дарын» мектебінде оқиды, оқу озаты. Ал кенжесі ұл, 5 жаста. Қазір бұл отбасы аядай бөлмеде алты кісі болып әрең сыйысады. Оның үстіне, қазір аптап ыстық басталған.

- Балаларымның сабақ оқитын жері осы бір бөлме. Кейде үйдің ішіне сыймай кетеді. Өзіңіз көріп тұрсыз, жағдай мәз емес. 2009 жылы үйге бөлмені кеңейту есебінде арыз бердім. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы өткен жылы ақпан айында «үй алмаған 20 адам қалды, соның ішінде сен де барсың, берем» деді. Одан бері қарай бастық ауысты. Кейін Ауған соғысына қатысқандардың тізімінде нешінші болып тұрғаныңды біліп кел деп жіберді, - дейді Ұлжан Стамғалиева, - Ал 2004 жылы жерге арыз бергенмін. 2006 жылы ауғандықтар одағы «әкімдік тегін жер беріп жатыр, соған құжат жина» деген соң, қағазымды алып одаққа барып көрсеттім. Барсам, ондағылар жерді он ардагерге бердік, басқа жер жоқ деді де қойды. Бүгінгі күні аз қамтылған отбасы ретінде «горсобезге» тіркелдік.

Екінші ауғандық Серік Жұбанышевтың алты баласы бар. Алдының жасы 23-те. Бір баласы жеті айлығында дәрігерлердің жіберген қателігінен кемтар болып қалған. Серіктің жұбайы Гүлжан Жаңабаева: «Дәрігерлер 1998 жылғы қызымды жеті айлығында жұлынынан су алып, содан бері жүйке ауруына ұшыраған. Сөйлемейді, ақыл-ойы дамымай қалған. Кейін өкпесіне суық тигендігі белгілі болды. Бүгінде оның жасы 13-ке келіп қалды. Екі бөлмелі шағын учаскелі жер үйде тұрамыз. Оны жуындырып тұру үшін жергілікті биліктен бір бөлмелі пәтер сұрап едім».

Серік Жұбанышев ауғандықтарға көрсетілетін әлеуметтік жәрдем атаулының тек сөз жүзінде ғана екендігіне де шағымданады. Ол тіпті Ауған соғысы ардагерлеріне жеңілдікті жоқ деп санаса да болады дейді.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 275 Ауған соғысының ардагері тіркелген. Облысымыздағы Ауған ардагерлерінің жалпы саны – 546. Оларға басқарма тарапынан коммуналдық қызметтерге жеңілдік ретінде ай сайын 3158 теңге жәрдемақы беріледі. Және жылына бір рет Атырау шипажайына емделуге болатынын айтады ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс бөлімінің бас маманы Сара МҰСАҒАЛИЕВА. Шипажайда емделу үшін Ауған соғысына қатысқандар халыққа қызмет көрсету орталығына, ал Ауған соғысының мүгедектері қаладағы жалғыз оңалту орталығына арнайы құжаттар тапсырулары тиіс. Алайда, былтыр басқармада тіркелген 275 ардагердің ішінде бар болғаны - 15 ардагер ғана шипажайда демалған. Сара Есенжанқызы биыл құжат тапсыруды қолға алу керек дейді. Оның айтуынша, шипажайда ардагер он күн тегін демалады және бір жолдама құны 65 103 теңге тұрады.

Ал коммуналдық қызмет жеңілдіктерінің 2006 жылдан бері беріліп келетінін айтады. Алайда, кейбір ауғандық отбасылардың оны былтырдан бастап қана алып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, ардагерлердің тең жартысы ол жеңілдікті алмайтыны анықталып отыр. Себебі, облыстық зейнетақы төлем орталығының берген мәліметі бойынша коммуналдық жеңілдіктен бөлек, ауғандықтарға ай сайын 9000 теңге көлемінде жәрдемақы төленіп келеді. Мұның өзі қай жыртығын жамауға жарайды дерсің.

Облыстық зейнетақы төлем орталығының директоры Қапура ХАЙРУЛЛИНА1512 теңге 1 АЕК мөлшерінде Ауған соғысына қатысқандарға 5,9 АЕК ретінде 8 932 теңге, ал Ауған соғысының мүгедектеріне 7,3 АЕК ретінде 10 934 теңге есептеліп төленетінін түсіндірді. Бүгінде Ауған соғысы ардагерлерінің саны - 488 болса, мүгедектер саны – 58. Оның ішінде бүгінде 329-ы қалада тұрса, аудандар бойынша: Жылыойда-42, Махамбетте-27, Индерде-35, Исатайда-10, Қызылқоғада-15, Мақатта-42 , Құрманғазыда-46 ардагер бар.  

 

ОДАҚ НЕ ТЫНДЫРЫП ЖАТЫР?

Ал бүгінгі күні ардагерлердің жағдайын жақсартуға қандай жұмыстар жасалып жатыр деген сауалымызға орай одақ төрағасы Асылтек ЕСПОСЫНОВ: «Облыстық мәжіліске ауғандықтарды, жесірлер мен балаларын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс дайындап отырмыз. Жергілікті бюджеттен ардагерлердің шипажайда емделуіне жылына 10 млн. теңге бөлінеді. Басқа жерде мұндай жоқ. Тағы да ауғандықтардың балаларын жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігіне қол жеткізсек дейміз. Егер облыстық мәжілісмендер бізді қолдаса, жақсы болар еді. Соған материалдар жинап жатырмыз. Соңғы жылдары қазір ардагерлердің проблемасы күн санап көбейіп отыр. Себебі, бүгінгі таңда 54 жесір, 198 жетім бар. 1995 жылдан бастап біздерді ҰОС ардагерлеріне теңестірді. Бұрын жер мәселесі, пәтер мәселесі бәрі мемлекеттік деңгейде автоматты түрде шешілген болатын. Қазір заңды түрде ол жеңілдіктер жоқ. Бәрі жергілікті әкімге байланысты. Дәукеев кезінде жігіттерге жер берді. Рысқалиев былтыр 15-ақпанда жігіттерге 10 пәтер бөлді», деп жауап берді.

Соңғы кезде ауған соғысына қазақстандық солдаттардың  жіберілуі  де өзекті тақырыптардың біріне айналғаны белгілі. Сенат депутаттары әзірге оған қарсы. Асылтек Еспосынов Атырау облыстық ардагерлер одағы да бұл шешімге қарсы екендігін айтады.

Оның айтуынша, олар республикалық Ауғанстан соғысының ардагерлері одағының координациялық кеңесіне Қазақстанның бірде-бір сарбазының жіберілмеуі туралы арыз жолдаған. Және, халық арасында аталмыш заң жобасы қабылданса, парламенттің тарауын талап етеміз деген сауалнама жүргізіп отырғанын айтты.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

23 маусым 2011, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.