Атырау, 5 қазан 11:06
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

АМӨЗ шығарындыларды көбейтпейміз деп сендіреді

5 284 просмотра

22 маусымда «Ренессанс» қонақ үйінде Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды терең өңдеу кешенін салудың қоршаған ортаға әсер етуін бағалау жобасы бойынша жұртшылық тыңдауы болып өтті.

«АМӨЗ» ЖШС бас инженері Денис КОЗЫРЕВТЫҢайтуынша, Атырау зауыты – қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының ішіндегі ең көнесі. Ал елімізде жоғары октанды бензин өндіру басталды. Жанар-жағармай бекеттерінде АИ-76 мен АИ-80 бензиндерін ешкім де көліктеріне құймайды екен. Еуропада баяғыда-ақ тек жоғары октанды бензин өндіруге ғана көшкен. Ал мұнайды өңдеу тереңдігі 90 пайыздан асады. Қазақстанда жоғары октанды бензинді өндіру 25-30 пайыз құрайды. Сондықтан 14 мамырда үкімет қаулысымен 2009-2015 жылдардағы мұнай өндіруші зауыттардың кешенді даму жоспары бекітілді. Осы жоспар бойынша бүгінде АМӨЗ-де осыдан отыз жылдан астам бұрын пайдалануға берілген резервуарлық парктер мен технологиялық қондырғыларды жаңарту, сондай-ақ зауыттың болашақтағы даму жоспарлары жүзеге асырылуда.

Биылғы жылы мұнай өңдеу тереңдігін 68 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік берген ЭЛОУ-АВТ-3 және УЗК құрылғыларын қайта жарақтау жұмыстары аяқталды. 2015 жылға дейін кәсіпорында екі ірі жоба – қуаттылығы жылына 1 млн. тонна болатын хош иісті көмірсутек өндіру кешенінің құрылысы мен қуаттылығы жылына 2,4 тонна болатын мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы аяқталатын болады.  Ал хош иісті көмірсутек өндіру кешенінің құрылысы салынуда.

Зауыт 80 пайыз маңғыстаулық ауыр мұнайды пайдалануда. Оның 35 пайызы түсті мұнай өнімдерін өндіруді құрайды. Қалғандары жағатын мазут. Қазақстандық жылу электр орталықтары арзан табиғи газға көшу салдарынан мазутты негізінен Еуропаға экспортқа жібереді. Ал ол жақта оны каткрекингке айдап, жоғары октанды бензин алады. Міне, сондықтан да мұнайды терең өңдеу кешенін салу керек.

Терең өңдеу кешені салынғаннан кейін АМӨЗ-ді жаңарту аяқталады. Экологиялық сапалы отын алынып, зауыттың өзінде қауіпсіздік жоғары болады. Кешеннің лицензиары француздық «Axens» компаниясы боп табылады.

«Омскнефтехимпроект» жобалау институтының өкілі Анна ЛОБЫНЦЕВАНЫҢайтуынша, жобаны жасақтау кезінде технологиялық шешім болатын, зауыт аумағында жабдықтарды орналастыру жолдары секілді түрлі баламалар қарастырылған.  Технологиялық тұрғыда 9 балама қаралды. Содан соң кешенді зауыттың қондырғыдан бос оңтүстік-батыс бөлігіне (Левая Перетаскаға жақын) орнатуға шешім қабылданды.

Жоба ескірген мұнай құю эстакадасын жаңасына ауыстыруды (қаладан көп қашықтықта тасымалдауды) және жаңа теміржол тармағын салуды қарастырады. Атмосфералық ауа өзгерісінің математикалық есептеулері ластану деңгейінің санитарлық қорғаныс аймағының шекарасынан аспайтынын көрсетті. Үйлері санитарлық қорғаныс аймағына кіретін қала тұрғындары көшірілетін болады. Жобалаушылардың қорытындыларымен «Арлан» ҮЕҰ төрағасы Макс БОҚАЕВ келіспеді:

- Мұнайды терең өңдеу кешені жұмыс жасай бастаған уақытта кәсіпорынның энергиялық шығындары әжептәуір көбейеді. Қазір өңделетін мұнайдың бір тоннасына 70-80 келі отын жұмсалады. Өңдеуді 75-80 пайызға дейін тереңдету кезінде бұл шығындар бір тонна мұнайға 120-130 келі отын құрайды. Демек, шығарындылардың мөлшері де көбейеді.

Бұған Д.Козырев мұнайды өңдеу процесі электр энергиясын өзі қамтамасыз етеді деп жауап берді. Мұнай-газды өңдеу кезінде шығарылатын жылудан электр өндіру блогы салынады екен.«Глобус» ҮЕҰ төрайымы Галина ЧЕРНОВА зауытқа жақын маңдағы үй тұрғындарын қазірдің өзінде көшіре бастауды талап етті. Д.Козырев адамдар бірден көшірілмейтінін, бірақ қалай еткенде де терең өңдеу кешені жұмысын бастағанша көшірілетінін айтты.

Қоғамдық тыңдаулардың төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия ШЫРДАБАЕВ қоғамдық тыңдаудан түскен барлық материалдардың Әуезов көшесіндегі Орхусс орталығының филиалына (ТЖД жанында) берілетіндігін, онда 10 күндей болатындығын айтып, қорытындылады. Кез-келген тұрғын онымен таныса алады. Аталмыш мерзім өткеннен кейін қоғамдық тыңдау хаттамасына қол қойылып, АМӨЗ басшылығына берілетін болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 маусым 2011, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.