Туберкулез проблемасы облыстық әкімдіктегі талқыға салынған мәселеге айналды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, 2008-2010 жылдарға туберкулезбен күрес жөніндегі аймақтық бағдарламаға 2,6 млрд. теңге жұмсалған. Нәтижесі де байқалады: соңғы үш жылда жалпы облыс бойынша сырқат деңгейі 31,2 пайызға төмендеген.
Тек Жылыой ауданында ғана емес. Ол жақта, керісінше, тек соңғы жыл ішінде туберкулезге шалдығу деңгейі 38 пайызға артқан. Науқасқа шалдыққандардың көп бөлігі жұмыссыздар. Жылыой ауданының әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВ бұрын тексерілмеген тұрғындар арасында науқастардың анықталуы күрт өскендігін түсіндірді. Облыстық әкімдіктегілер осы сырқатқа анағұрлым шалдыққыш халықтың әлеуметтік қорғалмаған бөлігімен жеткіліксіз жұмыс жасалған деп кінә артып, оның айтқан дәлелдеріне күмән келтірді. Алайда жылыойлықтарды емдейтін жер жоқ екендігі де проблема болып отыр. Ескі туберкулезбен күрес ауруханасын суы мен канализациясы жоқ болғандықтан СЭС өткен жылы жауып тастаған болатын. Ал халық арасында «алтындалған құрылыс» деп аталған (осынау көпжылдық нысанға миллиардтан астам теңге жұм-салған еді) 75 орындық жаңа аурухананың құрылысы әлі бітер емес. Кезекті «ақырғы» тапсыру мерзімі биылғы жылдың аяғына белгіленген болатын. Алайда нысанның осы кестеден де қалыс қалып жатқандығы анықталды. Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Зайнолла МАНЕНОВ құрылысшылар бүгінде лездемелерге жиі шақырылатындығын хабарлады. Ал олар жаңа жылға дейін үлгеруге ант-су ішіп отыр.
Аймақтық бағдарлама аясында жыл аяғына қарай Махамбет ауданының Сарытоғай селосында 100 орындық тағы бір туберкулезге қарсы аурухана құрылысы аяқталмақ. Ол жерде бәрі де кесте бойынша салынуда, - деп мәлімдеді З.Маненов.
Туберкулезге шалдыққандардың проблемалары жетіп артылады. Мәселен, олардың дімкәс-тігінің салдарынан оларды жұмысқа алудан бас тартады. Ал жұмыс болмаса отбасының тұрмысы қиындайды, ал бұл ауруды асқындырады. Кеңесте тұрмысы төмен отбасылардағы науқастарды қосымша тамақтандыру және олардың қоғамдық көліктерде тегін жүрулері үшін қаржы жергілікті бюджетте қарастырылғандығы анықталды. Алайда оларды мемлекеттік нормативте тиісті шығындар бабы болмағандықтан науқас адамдарға жіберуге болмайды екен. Осынау өзекті мәселені Парламенттегі атыраулық депутаттар арқылы шешпек.
Туберкулезге шалдыққандар үшін салмақты проблема - сапалы баспананың болмауы. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде Атырау, Махамбет, Индер және Жылыой аудандарында туберкулездің ашық түрімен ауыратын сырқаттар отбасының бірде біреуі жаңа пәтер алмаған.
М.Өтепқалиев туберкулезбен ауыратындардың отбасынан шыққан дені сау жасөспірімдерге арналған арнайы интернат үйін салу қажеттігі туралы мәселені көтерді. 15 жасқа дейінгі жасы кіші балаларға арналған осындай интернаттар бар. Ал олар есейген кезде науқас ата-аналарымен бірге тұруға мәжбүр болады. М.Өтепқалиевтің айтуынша, жыл сайын облыс бойынша осындай 200-дей жасөспірімдер жиналады. Ол солар үшін арнайы мектеп-интернат салуды ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ бұл идеяны онша құптай қоймады:
- Балалар мектепті аяқтайды да кетіп қалады, содан кейін бұл ғимаратты не істейміз? Бұл жерде дұрыстап ойлану қажет. Оның қажеттілігі туралы дәлелдеп, жобасын ұсыныңыздар.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА