ЭСЖҚКА (қаржы полициясы) тергеушісі Руслан АШЕНОВ.«Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚҚ» ісі бойынша «Газдандыру» топтамасының шеңберінде Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық сотында ЭСЖҚКА (қаржы полициясы) тергеушісі Руслан АШЕНОВ жауап берді.
Ашенов қазіргі уақытта сотта бюджет қаржысын ысырап қылып, өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталып жатқан 22 адамға қатысты қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеушілер тобына кіреді. Мұның алдында өздерінің бұрынғы жауаптарынан түрлі себептер бойынша 7 тергеуші бас тартқан.
– Руслан БАСАР (энергетика басқармасының бөлім бастығы), осы адамнан жауап алдыңыз ба? – деп Ашеновке «Газдандыру» топтамасындағы куәгер туралы еске салды.
Сол кезде Басар сотқа осы қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өткенін, алайда жауап алынған соң біраз уақыт өткеннен кейін өз мүлігіне (2 пәтер) тыйым салынғанын кездейсоқ білген. Ол қаржы полициясына жүгініп, тіпті 2013 жылы желтоқсанда Астанаға ЭСЖҚКА-не де барған, бірақ ол жерге кіргізбеген: «Маған тергеуші шығып: «Кері қайт, сен қылмыскерсің, мен ештеңе жасамаймын» деді».
Ол прокуратураға жүгінген. Бүгінде тек бір пәтерінен ғана тыйым алынып тасталған. Тергеушілердің әрекеттеріне заңды баға жоқ.
– Иә, есіме түсіп отыр, – деп мойындады Ашенов. – Мүлікке тыйымды кімнің және неліктен салғанын білмеймін. Сол кезде Астанада оған тергеуші ЕРКЕБҰЛАНОВ шыққан.
Ашенов 2013 жылдың жазында жауап алу жүргізілмегенін, өзінің Атыраудан іссапар аяқталған соң, тамыздың ортасында кетіп қалғанын айтты.
Адвокаттар сотта өздері қол қойған хаттамалардағы мәліметтер мен онда көрсетілген уақыттың шындыққа жанаспайтынын растаған куәгерлерлердің жауаптары бойынша тергеушіден тұс-тұстан жауап ала бастады.
Адвокат ТӨЛЕГЕНОВ «Газдандыру» топтамасындағы материалдарда айыпталушылар айыпталып отырған нақты ұрланған соманың көрсетілмегендігіне сот пен тергеушінің назарын аударды.
– Нақты сома қайда көрсетілуі тиіс еді?– деп айқын сұрақ қойды ол.
Ашенов соманың көрсетілмегеніне өз көзі жеткен кезде әжептәуір абдырап, таң қалды. Алайда заңнама осыны талап етеді. Ол ақыры нақты цифрды айта алмады.
Куәгер ретінде мәлім етілген оның атыраулық әріптесі жауап алудан қашып кетті – сот қатысушылары Ашеновтен жауап алумен шектелді. Өйткені «Газдандыру» топтамасы аяқталып қалған еді. Алайда тергеу ісіне сұрақтар осымен аяқтала қояр ма екен? Оның үстіне Ашеновке процеске қатысушылардың қояр сұрақтары көп және алуан түрлі: есіңізде ме, мен Түркияда демалып жүрген кезде, сіз телефон шалдыңыз; есіңізде ме, бәленінші жылғы ақпанда түнде қоңырау соқтыңыз; ал есіңізде ме, тергеу ресми түрде аяқталса да мен әлдебір құжаттарға қол қойдым және т.б. Бүкіл сұрақтарға дерлік (шамасы, басы басқа қылмыстық істермен толып қалған болуы керек) астаналық тергеуші есімде жоқ деп қысқа жауап қайырып отырды. Осы істі тыңдай отырып, бір анекдотты еріксіз еске түсірдім: шеркеш пен еврей соттасады. Ұзаққа созылған даудың ақыры сот төрешісінің сотталуымен аяқталады...
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА