Атырау, 13 қазан 07:03
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Нұғмановтар отбасының жасыл патшалығы

9 903 просмотра

Маусым басында облыстық табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасы Атырау тұрғындарының арасында үздік жасыл аула конкурсын өткізді. Бірінші орынды Геолог поселкесінің тұрғындары ерлі-зайыпты Айғаным мен Смағұл НҰҒМАНОВТАР иеленді. Мен оларды іздеп барған едім.

Азғана конкурс жайында айта кетсек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурстың мақсаты – жеке сектордағы қала тұрғындарын өз аулаларын көгалдандыруға ынталандыру, ландшафты дизайнды сәнге енгізу. Айтпақшы, адамдардың өздері бұл идеяны қуана қабылдаған. Басқарма бастығы Е.Қуановпен конкурс туралы айтылған сұхбатымнан кейін редакцияға қатысуға ниет етушілерден қоңыраулар легі түсіп жатты. Өкінішке орай, көпшілігі кешігіп қалды. Оларға конкурсты жыл сайын өткізу жоспарланып отырғандығын жұбаныш етуге тура келеді.

 

ТАЗА АУАНЫҢ ЛЕБІ

Ал біз жеңімпаздарда қонақтықтамыз. Кірер қақпадан үйге дейін жасыл-желекке малынған. Нұғмановтар екі қабатты екі пәтерлі үйдің бір жартысында тұрады. Биік әрі қалың ағаштардың тасасынан тіптен терезелері көрінбейді де. Ауланың сол жағында хош иісті раушан гүлдер гүлдеп тұрса, оң жақта бізде сирек кездесетін боз арша өскен. Ал көршінің қоршау шарбағынан шарап жүзімінің майысқақ бұтақтары төгіліп тұр. Көп кешікпей олардың көлікжайға кіретін жолды жауып тастайтын түрі бар. Осы жасыл-желектің барлығы мұқият қиылған, күтім жасалған, ал үйге апаратын бетоннан төселген жолға Нұғмановтардың 3 жасар немересі үлкен су құйғышпен су шашып тастаған. Бұл жерден салқын самал жел есіп, таза ауаның лебі білініп тұр.

- Күні бойы осы ауланың ішінде күйбеңдеп жүремін. Кейде тек кешкі 11-лерде ғана босаймын. Атамыз (үй қожайыны) жұмыс істейді, бірақ жұмыстан соң маған көмектесуге асығады. Бізде «ауру» пайда болған: бір жаққа шықсақ, тіпті базарға барсақ, міндетті түрде көшеттер немесе тұқым алып келеміз. Әйтеуір бос қайтпаймыз. Сосын оларды бірден отырғызып тастаймыз. Өмір бойы мектепте оқу ісінің меңгерушісі боп еңбек еттім, енді өз ауламда қуана шұқынып жұмыс істеймін, - деп күлімсіре әңгімелейді Айғаным Қасымқызы.

Біз артқы аулаға өттік. Оларда 12 сотық учаске бар екен. Оның көп бөлігін жас көшеттер отырғызуға бөлген көрінеді. Жүзіммен көмкерілген бетондалған жолдың екі жағынан бақшаны, жеміс ағаштарын, бірнеше раушан көшетін, гүлзарларды, шырмауықпен шырмалған беседканы және гамакты, әлпеншекті және табиғатта демалу үшін қажетті басқа да заттарды көруге болады. Үй иесі Смағұл ағаның ойынша, немерелеріне арналған көгал міндетті түрде айналада өсіп жатқан ағаштардың көлеңкесінде болуы тиіс екен. Сөйтіп ол ағаштарды шыдамдылықпен өсіріп жатқан көрінеді.

- Біз бұл жерге 1997 жылы көшіп келдік. Үйімізді салып бітірмей жатып, ағаштар отырғызуды қолға алдық. Жақында санап шыққанбыз. Бізде гүлдердің 20 түрі, ағаштардың 60 түрі өседі екен, - дейді Айғаным Қасымқызы. – Мынау жас емендер. Бізге шетен, үйеңкі ағаштары жақсы жерсінеді. Бір кездері оларды Ғани Мұратбаев атындағы мектептен алған едік. Мына бір әдемі «катальпа-айленд» ағашын Ақтөбеден алып келген едім. Бізде арша, долана, талшын, қызыл шие ағашы, бүрген, шетен ағашы, тіпті грек жаңғағы да өсіп жатыр.

БЕЙБАРЫС ДАҢҒЫЛЫНДАҒЫ НЕ ПРОБЛЕМА?

- Сізде өсімдіктердің түрі көп өседі екен. Бұларға қандай ерекше қорекпен күтім жасайсыздар?

- Аса ерекше қорегі жоқ. Жерді көңмен тыңайтамыз; түскен жапырақтарды жинаймыз, оларды кептіріп, тыңайтқыш аламыз. Бұл нағыз табиғи тыңайтқыш. Топырақты ізбеспен, күлмен құнарландырамыз. Бірақ ең бастысы – алақан жылуы мен күн сайынғы күтім керек. Онсыз ештеңе де өспейді.

- Ал оны қалай суарасыздар?

- Суарма су құбырына қосылу үшін көрші бағбан шаруашылығынан саяжай сатып алып, сол жерден құбыр тартуға тура келді. Ай сайын су үшін 2 мың теңгеден төлейміз. Суды әуелі жинап аламыз да, 10 тонналық резервуарға тұндырамыз. Содан соң аулаға сорғымен тартып аламыз. Ол жерде тұндырылған су қосымша сүзгі арқылы өтеді, - деп мән-жайды түсіндірді Смағұл аға. – Қазір мына ыстықта жиі суаруға тырысамыз. Ал біздің көршіміздің уақыты аз болғандықтан, тамшылатып суаруға көшкен. Көшеттердің жиегіне шлангалар жалғаған. Бұлайша, әрине, үнемдірек болады, әрі көп күшті де қажет етпейді. Жүйе автоматты түрде күні бойына іске қосылып тұрады. Кешікпей біз де осыған көшетін шығармыз деп ойлаймын.

- Біз сіздерге Бейбарыс (Әлиев-Сатыбалдиев) даңғылын көгалдандырушылармен сұхбаттасқаннан кейін келіп тұрмыз. Олар көктемде отырғызылған барлық ағаштар, соның ішінде қарағаш жерасты суларының көтерілуі салдарынан өліп қалды деп сендіріп отыр. Шіріп кеткен тамырларын да көрсетті. Осы мүмкін бе?

Айғаным Қасымқызы: - Олай болуы мүмкін емес. Бізде де жерқоймадан су шықты. Бірақ аулада бәрі өсіп тұр ғой. Ал қарағаш бізде арам шөп секілді қай жерге отырғызсаң, сол жерге өсе береді. Бәлкім, тиісті күтім болмағандықтан шығар. Қайталап айтамын, бұл күн сайынғы еңбекті қажет етеді. Топырақты қопсытып, суарып тұру керек.

 

«ҚАЗАҚТАР ҰЛЫ БАҒБАНДАР!»

- Сіз жергілікті биліктің Атырауды көгалдандыруды қолға алмақ боп отырғанынан хабардар боларсыз. Тіпті бұл үшін арнайы мамандар шақыртып отыр. Алайда бір кездері бізде жайқалған бақ болып, бағбандық дамыған еді ғой. Содан бері не өзгерді?

Смағұл аға: - Мен өзім геологпын. Кеңес Одағы дәуірінде мекемелерге басшылық еттім. Әр демалыс сайын қызметкерлерімізге саяжайға бару үшін көлік бөліп, қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Көптеген мекемелер де осылай етті. Содан кейін бәрін тастады ғой. Кей кездері қазақтар жалқау, ағаш отырғызып, егін еккілері келмейді дегенді естігенде ренжисің. Бос сөз! Бізге су мен жер берсеңдер (күлді) керемет бақ өсіріп шығарамыз.

Күйеуінің сөзіне Айғаным Қасымқызы да қосылды:

- Қазір үш адамнан тұратын (ерлі-зайыптылар кіші ұлымен бірге тұрады) бүкіл отбасымызды және жеке тұратын үлкен ұлымның отбасын көкөніс-жемістермен, барлық туысқандарымызды гүлмен қамтамасыз етіп отырмыз. «Шаңырақ» балалар ауылына да беріп отырамыз. Алайда, бастысы зейнеткерлікке шыққан кезде айналысатын ісіміз, табатын табысымыз болады деп ойлаймын. Мәселен, гүл сатсақ. Неге олай етпеске?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суреттерді түсірген автор

23 маусым 2011, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.