2022 жылғы қысқы Олимпиада Мюнхенге де, Давосқа да, Ослоға да, ал енді Краковқа да қажеті жоқ. Бұл еуропалық қалалар 2022 жылғы қысқы олимпиадалық ойындарды өткізуге әзір болатын, енді сайып келгенде бұл жоспарларынан бас тартып отыр», деп хабарлады Sports.kz Иносми.ру-ға сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні Польша Краковты 2022 жылғы олимпиадалық ойындар астанасы ету туралы ойынан айныды. Оған референдум нәтижелері себеп болды, онда дауыс берген халықтың 70 пайызы оған қарсы болды.
2013 жылдың наурызында Швейцария және Граубюнден кантонының халқы, ал қарашада баварлықтар Мюнхеннің кандидатурасына қарсы шықты, алайда олардың екеуі де ресми өтініш берген жоқ. Стокгольм орта жолда додадан шығып қалды: билікке келген жаңа қоңыржай партия жарысты қаржыландыруға келісімін бермеді.
Норвегиялық Ослоға келер болсақ, оның кандидатурасы да күдік ұялатып отыр. Қоғамдық пікірде жобаға риза еместер қатары көбеюде, ал Прогресс партиясы жақында оны қаржыландыруға қарсы дауыс берді. Ал Львовтың кандидатурасын тіпті еске алмаған дұрыс. Украиндықтар үшін олимпиада басымдықты міндеттер қатарына кірмейді.
Сөйтіп, 2022 жылғы ойындар құқығына алты үміткерден Бейжің мен Алматы ғана қалып отыр.
Мұндай жобаны қаржыландырудың орасан зор құны бірқатар қалаларды қорқытып отыр. le Monde-нің спорт блогында Лондон мысалға келтірілген: британдық астана 8,92 млрд. фунт стерлингі (11 миллиард еуроға жуық) қаржы жұмсады, ал қорытындысында 2,1 миллиард қана алды (2,5 млрд.еуро). Сочи ойын құны жөнінен абсолтюттік рекорд орнатып, 50 млрд межеге жетті.
Швед саясаткерлері «олимпиадалық ойындарды ұйымдастыру орасан зор инфрақұрылымдық нысандар салуды талап етеді, олар әдетте бірнеше апта пайдаланылады, соңынан босқа қалады», деген уәждерін айтады.
Мюнхен азаматтары сонымен қатар ХОК-тің рөліне де риза емес. «Жасылдар» партиясынан Людвиг Хартманн референдумнан кейін: «Дауыс беру қорытындылары спортқа қарсы дабыл емес, ХОК-тің ашықтығы мен табыс қуалауына қарсылықты білдіреді. Қазір кез келген неміс қаласының кандидатурасы туралы әңгіме болмауы тиіс. Алдымен ХОК өзгеруі тиіс. Қалалар ХОК-қа қарай емес, ХОК қалаларға бұрылуы тиіс» деді.
Дереккөз: ҚазАқпарат