Атырау, 26 желтоқсан 06:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Қызыл үйдің» болашағы бар ма?

7 612 просмотра

Исатай ауданына қарасты «Қызыл үй» елді мекенінің халқы өгей баланың күйін кешіп-ақ келеді. Кең даланың бір түкпірінде жатқан қызыл үйліктерді әсіресе, су, газ мәселесі қатты қинап отыр.

АУЫЗ СУ АЛТЫНМЕН ПАРА-ПАР

Аудан орталығынан 35 шақырым қашықта жатқан аталмыш елді мекен қатқыл мен шағылдың қақ шекарасында орналасқан. 1957 жылдары іргесі қаланған елді мекен кезінде Чапаев совхозының ферма орталығы болып тұрғанда дүрілдеген шаруашылық болатын. Жылдар жылжып, заман өзгеріп, жекешелендірудің құрығына ілініп, баяғы шалқыған күйінен айрылып қалды. Содан бері біраз уақыттың ізі өтсе де, тек атағын сақтап қалғаны болмаса, елді мекеннің шырайы кетіп қалған еді. Содан оңалған жоқ, күннен күнге жағдайы мүшкілденіп барады. Бұл ауыл адамдарын қатты алаңдатуда. Елді мекенге екінің бірі ат ізін салмайды, жолы нашар. Тек айдама қара жол ғана бар, лайсаң, жауынды шашынды күндері бұл жолмен де жүру мүмкін емес. Соған қарамастан «Қызыл үй» тұрғындары туған жерлерін басқаға алмастырғысы жоқ. Елсізден елді тауып барудың өзі бұрын көрмеген адамға оңай емес, себебі, мұнда жол сұрай қояр үйді кездестірмейсің. Оның үстіне округ орталығы Тұщықұдық ауылынан шыға бере ұялы телефон байланысы өшеді. «Қызыл үй» осы Тұщықұдық (бұрынғы Чапаев) селолық округіне қарайды.

Тұрғындардың айтуынша, ауылда 44 түтін бар. Онда 236 халық тұрады. Жетіжылдық мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Шағын ауылдың үйлері де төбе бастарына қонжия салынған, ауылішілік жолдың өзі сай-саламен өріледі. «Қыс қамын жазда сайла» демекші, 5000 теңгенің шөп орамдарын пішеншілер сатуды бастап кетіпті. Ауылда пішен бригадалары болмағандықтан, қарттар зейнетақысын түйіп, шөпке жинай бастапты. Былтырғыдан шөп бағасы аспандап кеткен, амал жоқ алады, қайтеді. Ал келіндер болса мал қиын әлден кептіріп, қыстық отынды жиыстырудың қамына кіріскен. Бір қорап жыңғыл мен қидың бағасы жеті­сегіз мың теңге шамасында. Ауыз су ту-у Тұщықұдық селосынан әкелінеді.      

- Ауыз су тым қымбат, тіпті соны құдығына құйдырта алмайтындар бар. Үш тонна су 5 мың теңге тұрады. Бұл мектепке бөлінген водовоздың бәсі, ал жекеменшік су таситын машиналар жеті, сегіз мың теңгеге шарықтаған. Бұл сұмдық қой. Бәрінен бұрын алтынмен пара-пар болған суға мұқтаждықты айтсаңшы. Бұдан екі жыл бұрын Мәслихат хатшысы араласып, суды үш мың теңгеге түсірген. Бір жылдан кейін тағы бағасы өсіп кетті. Ауа-райының қолайсыз күндері, болмаса қалың қар жауғанда ол су да келмейді, водовоз жолмен жүре алмайды. Ондайда осындағы үйлер бір­ бірінен тасып ішеді. Бір ауылда тұрып, жағдайды көргесін ортақ бөліске салатыны сондықтан. Ауылдан жеті-сегіз шақырым жерде «Жұмағазы» каналынан мал су ішеді, алыс, қайтесің. Ауыз суға мұқтаждық жанға қатты батып тұр, - дейді тұрғындар.

МЕКТЕПТІҢ МҰҢЫ БӨЛЕК

Осындағы жетіжылдық мектеп бұрынғы тұрғын үй. Бұдан жиырма бес жыл бұрын салынғанымен қамқор қолдың арқасында ілдалдаға жарауда. Биыл осында елуден астам бала оқыған. Оқу жылы аяқталсымен, шағын мектепті жеңіл жөндеуден өткізіп, әктеп, сырлап алған. Бірақ оқушылар да, мұғалімдер де типтік жобадағы мектепті аңсаумен келеді. Спорт залы, акт залы, асханасы, осы заманғы кабинеттері болмағасын мектеп деу де қиын. Бар-жоғы төрт сынып бар, балалар кезектесіп оқып шыққан.

- Мектепті индикативті жоспарға енгізу мүлдем ұмыт қалып отыр. Барға қанағат деп отырғанымыз, әйтпесе жаңа мектеп керек-ақ. Осы елді мекенге жақын қыстақтарды, мәселен, Айбас, Тұщықұдық, т. б. қосқанда жүз шақты бала жиналады. Сондықтан мектеп пен қосымша интернат салса сол балалар бәлен шақырымдағы аудан орталығы мен округке барып оқымас еді. Мұғалімдер бар. Демеушілік көмекпен КТК арқылы жаңа мектеп салынады деп еді, оны күн тәртібінен алынып тасталды деп естідім. Енді қалай боларын білмей отырмын, - дейді мектеп директоры Қабыл ГУБАШЕВ.

«БЕРГЕЙДЕН ЖАУАП КҮТІП ЖҮРМІЗ»

Қызыл үйдің ақсақалдары ауылдың жетпестігін мұңдап-ақ келеді.

Біз төрт мәселені көтеріп, жиырма бес шақты зейнеткерлер болып облыс әкімі Бергей Рысқалиевке хат жазғанбыз. Оны аяқтай өзіміз апарып бердік, бұдан екі жыл бұрын. Содан бері нақты жауап күтіп жүрміз. Тек сипай салды хат келген, онда 2012 жылға дейін мәселе шешіледі деген, дейді зейнеткер Сұңғат ИМАШЕВ (суретте).

- Онда не мәселе көтеріп едіңіздер?

- Біз төрт мәселені көтердік, бұл жерге өз алдына округ керек, газ, су, мектеп қажет.

Ауыл қарттарының айтуынша, газды жеткізудің екі тәсілі бар көрінеді. Тоғыз шақырым жерден газ құбыры жүріп жатыр. Оны тоқтатып, жұмыс жасау үшін 56 млн. теңге керек депті биліктегілер. Егер осыншама қаржы шықса 35 шақырымдағы Тұщықұдық селосынан газ тартуға болады екен. Суды да содан жеткізу керек.

- Облыс көлемінде инфрақұрылымдар кәдеге асып жатыр ғой. Су, газ мәселесі 95 пайыз шешіліп жатыр дейді. Сонда біздегі жағдайды ешкім көрмей жүр ме? Біз жолды сұрап отырған жоқпыз, оған миллиардтаған қаржы керек екенін білеміз, сондықтан ондай шығын жұмсап қажеті жоқ. Ең болмағанда су мен газды шешіп берсе. Өйткені соншама қымбат суды жеткізудің өзі қиямет, жалынып-жалпайып жүргенің. Ал мектеп кезінде тоғыз жылдық болған, бала саны жетпейді деп оны да қысқартып тастады. Ауылдың тұрмысы жаман емес. Бес-алты қарасымен күнелтіп, үкіметке масыл болып отырған жоқ. Осындай шағын ауылдардың болашағы үлкен болады ғой. Және ешкім көшіп те жатқан жоқ. Естуімізше, үй салуға тілек білдіріп жүргендер жоқ емес. Газ, су келсе қырдағылар осында орын тебер еді. Қалай еткенде де «Қызыл үй» елді мекенінің болашағы жоқ деуге болмайды. Бар нәрсені құртып қажеті жоқ. Сондықтан біз жоғарыдан көмек күтіп жүрміз. Оны облыс әкіміне жазған хатта ашық жазғанбыз, - дейді зейнеткерлер Қабес УАХИТОВ, Тілекқабыл СИМАТОВ, Ермек ОРАШЕВ, Тауман САТАНОВ, т. б.

- Сонда бар үмітті облыс әкімінен күтіп жүрсіздер ме?

- Әрине. Қаланы көркейтіп жатыр ғой, оның қасында шағын ауылдың проблемасы соншалықты қиын соқпас. Елу үйге жетпей газ тартылмайды дегенді жергілікті әкімдіктегілер айтады. Бес-алты үй газ келсе қоныстанады, сондықтан оны сылтау қылудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. 

БІР ҮМІТ ПЕН БІР КҮДІК

Сонымен, шалғайда жатқан «Қызыл үй» тұрғындарының жағдайымен танысып, аудан әкімдігіне хабарласқанбыз.

- Қызыл үйдің болашағы жоқ деуге болмайды, өйткені ауылдың жағдайын оңалтудың шаралары қолға алына бастады. 2015 жылға дейін ауылдың проблемасы толық шешілмекші, тіпті, облыс әкімі қаржы шешіле бастаса, бірер жылда-ақ газын, суын тартып беруге мүдделілік танытуда. Мәселен, газдың сметалық жобасы жасалып жатыр, оған қаржы бөлінді. Тіпті, қаржы тағы қосымша бөлінсе келесі жыл көгілдір отын барып қалуы ықтимал. Ал суды қырық шақырымдағы «Қиғаш Маңғышлақ» құбырынан тікелей тарту көзделуде. Оның сметалық жобасын жасауға жақында 80 млн. теңге бөлінді. Типтік жобадағы мектепті салуды үш жылдың ішінде шешуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат осы елді мекенге оның төңірегіндегі қыстақтарды шоғырландыру, - дейді Исатай ауданының әкімі Бақберген ҚАРАБАЕВ.

- Бұл алдағы уақытта іске асылар шаруалар ғой, дегенмен судың қымбаттығы жанға батып тұр дейді тұрғындар.

- Айтулары орынды, тасымал су бағасын түсірудің шарасы қарастырылады. Біз биылдан бастап каналды сол елді мекенге жеткізу жұмысын бастамақпыз.

Сонымен, «Қызыл үй» көшпейтін болды. Егер осы айтылған инфрақұрылымдар жүзеге асатын болса ғана...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

23 маусым 2011, 19:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.