Атырау, 25 қараша 06:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі. Жауаптан бас тарту аптасы

5 280 просмотра

Атырау мамандандырылған ауданаралық сотында «Бергей Рысқалиевтың ҰҚҚ» ісі бойынша 20 мамырдан бастап «Газдендіру» топтамасы тыңдалуда. Соңғы жеті күн процесс тарихына куәгерлердің қаржы полициясына тергеу кезінде берген жауаптарынан жаппай бас тарту аптасы ретінде енуі мүмкін.

«ОҚЫМАСТАН ҚОЛ ҚОЙДЫМ»

Айыптау қорытындысының бұл бөліміне айыпкерлер орындығында отырған Атырау облыстық «Мемсараптама» ЕМК бас директорының орынбасарлары Ұлан ҚҰРАЛБАЕВ пен Тұрланбек ЖИЕНБАЕВ (кейіннен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бастығы), «Атырау облыстық құрылыс басқармасы» ММ бастығының орынбасары Ибрагим ӘМІРОВ, құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВ, энергетика басқармасының бастығы Бауыржан ЖАЙСАҢОВ басқалардан көбірек қатысады.

Аталмыш тұлғалар, тергеу жорамалы бойынша, әрқайсысы өз орындарында «қылмыстық қауымдастықтың құрамында өз әрекеттерінің заңға қайшы екенін түсіне отырып, өздеріне бөлінген қылмыстық рөлді атқарып, бақылауға алынған мекемелер ұсынған прайс-парақшалардағы материалдар мен құрылыс жұмыстарының көрінеу өсірілген бағаларын мақұлдаған».

Қылмыстық қауымдастықтың басқа қатысушылары «өкілетті орган жасақтаған және бекіткен жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ болса да және көрінеу қымбат бағамен көрсетілген сомамен» заңды бұзып, мемлекеттік сатып алулар бойынша ашық конкурстар өткізген. Ал ізінше облыстық әкімдіктің түрлі басқармаларында жұмыс істейтін қоғамдастықтың мүшелері тапсырыс беруші ретінде конкурс жеңімпаздарымен түрлі жұмыстарды атқару жөнінде келісімшарттар жасаған.

Тергеу барысында жауап алынған кейбір куәгерлердің жауаптарына сәйкес, оларға басшылары қысым жасап, қоқан-лоққы көрсетіп, заң бұзушылықтар жасауға мәжбүрлеген. Айта кетелік, куәгерлердің кейбірі сотталушылармен қашық қарым-қатынаста болған. Мәселен, ТКШ ММ бас маман-аудармашысы ЗИНУЛЛИНА. Одан 26 мамырда жауап алынған. Жас әйел сот залына кіре бере солқылдап жылай бастады. Соған қарағанда, әйнектің ар жағында отырған бұрынғы басшыларының түрі оны абыржытып тастаған секілді. Жауап алу бітер кезде ол еңіреп қоя берді.

Оның моралдық жай-күйі болмағандықтан, одан жауап алу оңайға соқпады. Дегенмен де, ол бір күн бұрын оған дейін жауап алынған басқа куәгерлер секілді, жауап алу хаттамасына «оқымай» қол қойдым деп мәлімдеді. Сотта ол Кенжебековтің оған қандай да болмасын хатты дайындау туралы бұйрық бермегенін растады (бұл маманның тек аудармашы қызметін ғана атқаруға тиіс екендігін ескерсек, бұлай етуі оғаш болар еді). Алайда іс материалдарында қазақ және орыс тілдерінде екі хат бар. Онда Зинуллина орындаушы ретінде белгіленген. Бұл хаттардың қайдан келгенін куәгердің өзі түсіндіре алмады.

–Екі нұсқада да сіздің қолтаңбаңыз қалай қойылды? –  деп сұрақ қойды прокурор.

– Білмеймін, мен тек аудардым, – деп жауап берді Зинуллина көз жасын төгіп.

– Тапсырманы кімнен алдыңыз?

– Есімде жоқ, айта алмаймын. Маған кез келген қызметкер кез келген мәтінді аударуға бере алады.

Ол тергеушілерді өзіне «моралдық қысым жасады» деп ақталды: оған түнгі қоңыраулар соғылғанын, смс-хабарламалар түскенін, ақыр аяғында олардың тарапынан қоқан-лоққы жасалғанын мәлімдеді:

– Менің үстімнен іс ашамыз деп айтты. Бұл 2013 жылдың 10 тамызы болатын. Маған хаттаманың дайын мәтіндерін берді, сол кезде оқыған жоқпын, бірақ қолымды қойдым. Өзім үшін қорықтым.

Естеріңізге салсам, тергеу ресми түрде аяқталып, процестің барлық қатысушыларына жете танысуға сәуір айында берілген болатын. Ал куәгерлердің бір бөлігі соңғы хаттамаларға жабық тергеу фактісі бойынша тамыз айында қол қойған.

 

«ӨЗ ЖҰМЫСЫМДЫ ҒАНА ОРЫНДАДЫМ»

Бұдан бұрын басқа куәгер, МСҚБ тендерлік комиссиясы төрағасының орынбасары ИЛЬЯСОВА өзінің бұрынғы бастығы Жиенбаевқа қатысты да осылай мәлімдеген еді. Тергеуге берілген жауаптар Жиенбаевтың нұсқауы бойынша заңсыз жүргізілген тендерлер туралы болып отыр. Тергеу жауабында ол жұмысымнан айырылып қаламын деп қорыққандықтан, өйткені кішкентай сәбиін асырауы керек болғандықтан заң бұзушылыққа жол бергенін айтыпты.

Тамыз айында мен Түркияда демалған едім. Менімен тергеушілер хабарласып, мені ұшақ баспалдағынан түсер-түспестен қаржы полициясына алып кетті, - деп әңгімеледі Ильясова сотта. – Мен шаршап кеттім, бір жыл бойына жауап алуға жұмысқа барғандай барып жүріп, содан соң қарамастан қол қоя салдым.

Ильясова өзінің таң қалғанын жасыра алмады: соңғы хаттамаға қатысты сол кезеңде оның сәбиі әлі дүниеге келмеген еді.

Кенжебековтің орынбасары ҚУАНЫШБАЕВ бастығының прайс-парақшаларға қол қоюға мәжбүрлемегенін мойындады:

– Ешкім мәжбүрлеген жоқ, мен сол кезде оның орнында жұмыс істеген едім, бұйрық бойынша міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Газ тұрбаларына ұсынылған бағалар туралы хаттарға өзім қол қойдым, тек өзімнің жұмысымды ғана орындадым. Хаттамаға оқымастан қол қойдым. Тергеу жүргізіліп жатқан кезде жүрегіме ота жасатқан едім, ІІ топтағы мүгедектігім бар. Абыржығым келмеді.

Қаржы басқармасы бастығының орынбасары САБЫРҒАЛИЕВАда бұрынғы бастығы Жиенбаевқа қатысты тендер жүргізу кезінде ол орынсыз әрекеттерге мәжбүрледі деген өз сөзінен бас тартты. Ол да Қуанышбаев секілді өз денсаулығына алаңдағанын айтты. Өйткені, ол да ота жасатқан екен.

 

«ТЕРГЕУШІ АСЫҚТЫРҒАН СОҢ ҚОЛ ҚОЙДЫМ»

22 мамырда куәгер Айдос САРҒОЖИН танысу үшін өзінің жауабы жазылған хаттаманы алған кезде, 2013 жылдың жазында қол қойылған хаттаманың уақыты сол жылдың 28 ақпаны деп белгіленгенін байқаған. Прокурор: «Кенжебеков «(жобалау-сметалық құжаттаманың жоқтығына) назар аударма, конкурсқа дайында» деп айтты» деген сөзін оқыған кезде, Сарғожин мұндай жауап бермегінін нақты түрде мәлімдеді.

– Мен оқымастан қол қойдым және көрсетілген уақытта емес: бұл хаттама 28 ақпан деп белгіленген. Ал мен соңғы хаттамаға маусымда ма, әлде шілдеде ме, қол қойдым, - деп мәлімдеді ол. – Бұл тергеу тобы сапарға шығар алдында болған еді. Ол (тергеуші) мені шақырып алып: «шұғыл арада қол қою керек, кетеміз» деді. 10 шақты парақтан тұратын хаттаманы беріп, мені асықтырды, содан соң мен қол қойдым.

– Сіз заңсыз жасақталған хаттамаға қол қойдыңыз, - деді прокурор. – Сізге жалған жауап бергеніңіз үшін жауапкершілікке тартылатыныңыз туралы ескертілді ғой.

– Оның заңсыз жасалғандығы туралы мен осы жерде білдім. Бұл бұрын берілген ескі жауап алу хаттамасы деп ойладым, - деп мәлімдеді Сарғожин.

Сотта қаржы полициясының тергеушілеріне берген жауаптарынан бас тартқан куәгерлер саны атышулы іс тыңдауы басталған уақыттан бері он бес шақты болды. Осылайша тергеу жіберген ұқыпсыздық пен, тіпті, заң бұзушылықтардың беті ашылды. Алайда сот бұған әзір түсінік бермей отыр.

Тергеу ісінің кемшілігінен епті қолдар қараны аққа оңай айналдыра салады, кейде әділ соттан жасырынып жүрген осынау қылмыстық хикаяның басты кейіпкерлерінің кінәсіздігі жөнінде жалған түсінік береді. Айыпталушылар орындығында осы істің басты кейіпкерлерінің жоқ екендігі белгілі. Және мұның егжей-тегжейіне жете алмайтындай әсер қалдырады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

27 мамыр 2014, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.