Атырау, 5 қазан 13:35
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

“Жайық тасыды дегенше, байлық тасыды десейші”

3 775 просмотра

Кезінде бабаларымыз осылай деп мақалдаған екен. «Балық шаруашылығының Қазақ  ҒЗИ» ЖШС облыстық филиалының ғылыми-хатшысы Елена БОКОВАНЫҢ айтуынша, көктемнің ерте түсуі уылдырық шашу температурасының басталуына және шабақтардың жетілуін жеделдетуге мүмкіндік туғызды.

Жайық өзенінің 2011 жылғы су келу кезіндегі сулылығы соңғы жылдармен салыстырғанда жақсы болды. Су деңгейінің көп болуы барлық жағалаудағы уылдырық шашатын жерлердің суға толуына жағдай жасады, ал, ол бекіре тұқымдас балықтар мен жартылай уылдырық шашуға өтетін балықтардың көбею тиімділігіне жақсы әсерін тигізді.

Қазір аталмыш институт қызметкерлері мамандандырылған кемемен шабақтардың жүзуіне бақылау жүргізуде. Кішкене ұяшықты тралды тордың көмегімен уылдырықтан шыққан дернәсіл есепке алынады. Егер соңғы жылдары бір тралда 40-50 шабақ тіркелсе, қазір олардың саны 400-500. Алайда, бұл рекорд емес. 80-ші жылдары бір тордың өзіне мыңнан аса шабақтар түсетін болды.

Шабақтар арасында қаракөз, табан, көксерке, сыла және сапа балықтары да кездеседі. Сазан уылдырығын жақсы шашты. Биылғы жылы әуесқой балық аулаушыларға 1 сәуірден 15-ші маусымға дейінгі созылатын  дәстүрлі тыйым салу кезінде балық аулауға рұқсат берілді. Ғалымдардың пікірінше, бұдан ешқандай да зиян болмаған көрінеді.

Е.Бокованың айтуынша, осы көктемдегі Жайықтан көксерке және басқа да жыртқыш балықтарды кәсіпшілік аулаудың болмағандығы кейбір балық түрлерінің көбеюіне кері әсерін тигізуі мүмкін екен. Көксеркенің, жайынның, шортанның, сыланың санын барлық уақытта бақылауда ұстап отыру керек. Жыртқыш балықтардың үлкен түрлері қаракөз, табан және бекіре тұқымдастардың шабақтарын құртатын болады. 

Шабақтардың суда жүзуіне өзендегі кемелер мен катерлердің қозғалысы да әсер ететін болады. Қозғалтқышының қуаттылығы 20 л.с. болатын қайық, әрине, айтарлықтай зиян келтірмейді. Ал, қозғалтқыштары 150-300 л.с. болатын байдалар өте қауіпті. Жартылай уылдырық шашуға келетін балық шабақтары бір метр тереңдіктегі ағыс бойынша төмен қарай жүзеді. Сондықтан да қуатты моторлы қайықтар оларды балық «коктейліне» айналдырады. Бұл бекіре тұқымдас балықтардың шабағына әсер ете қоймайды, өйткені, олар су түбіне қарай кетеді. Өзен бойымен кемелердің жүруіне шектеуді  тек 15-20 шілдеде алуға болады.

 «Су аз келген жылдары біз бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу тиімділігін жоғалтамыз, - дейді Е.Бокова.  – су жоқ болған кезде топырақты жел ұшырып кетеді, сол жерлерге қалың бұталар қаптайды, олар ошағанды болса, тіптен жаман болады. Мұндай жерлерге бекіре тұқымдастар кейін уылдырық шашпайтын болады. Қолайлы «перзентхана үйі» болмағандықтан  «аналық» бекіре тұқымдастардың жұмыртқалары майға айналады, кейін бекіре тұқымдастар  ұрық шаша алмайтын болады». Ихтиологтардың  қазіргі бас ауыртатын мәселесі тайыз суларға уылдырық шашу үшін шығып кеткен, кейін олар бөлініп қалған қоймалардағы  балықтардың қырылуы болып отыр. Бірінші болып көксерке, қаркөз, табан өледі.

Өзен жағасында қазір бөлініп қалған су қоймалары бар жүзден аса өзгермейтін учаскелер бар. Шабақтарды құтқару үшін жедел түрде «көгілдір патрульдер» құрып және өндіріс ұжымдарын тарту керек. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 маусым 2011, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.