Атырау, 3 мамыр 06:19
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

"Ресейдің әлемнен оқшаулануы мүмкін бе?". "Қарағанды Ресейдің қаласы ма?". "Депутат: ағайынға «орал» дей ме, «жоғал» дей ме?". "Ұлтшылдардың ішіне «вирус» кіріп кетті". "Украинадағы дағдарыстың жаңа кезеңі: себеп-салдары".

1 733 просмотра

AZATTYQ.ORG. «Ресейдің әлемнен оқшаулануы мүмкін бе?» - Ширек ғасыр бойы ғаламдық жүйенің бір бөлігі болған Кремль енді өз әлемін құрмақ. АҚШ пен Еуропа Одағы санкцияларына ашулы Мәскеу Батыстан бөлініп, ресейлік кредиттік карта, интернет, тіпті өз алдына ресейлік ән байқауын өткізіп, жеке кетпек. Бірақ мұндай бағыт Ресейді тығырыққа тіреуі мүмкін.

«Қытай инвестициясы негізінен энергетика саласына жұмсалады» - Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары барысында Қазақстан экономикасына салынатын қомақты инвестиция туралы келісімге қол қойылды. Оның көбі энергетикалық ресурстарды өндіру мен тасымалдау саласына жұмсалмақ.

ALASHAINASY.KZ. «Министрлік бар кінәні оралмандарға аудара салмақ па?» - Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен мәжілісте Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова оралмандардың білігі мен біліміне шүйлікті. Оның айтқанына сенсек, елімізге қоныс аударған қандастарымыздың дені орта білімді, тіпті олардың арасында мектеп бағдарламасын толық меңгермегендер де жетерлік. Бұл қаншалықты негізді пікір? «Алаш айнасы» осы сұрақты саралап көрген еді.

«Қарағанды Ресейдің қаласы ма?» - Қазақстанның бір қаласы түгіл, бір түйір топырағын өзгенікі деген ойдың өзі жүрекке қандай ауыр салмақ түсіреді десеңізші!  Ғасырлар бойы бабаларымыздың қанымен қорғалып келе жатқан жеріміздің жартысын совет одағы кезінде  бауырларымызбен бірге бөліп бергенміз жетпегендей, Ендігі кезекте жеріміздің  «заты түгілі, атының да басқанікі» болып кеткені ұлы түркі  ұрпақтарының ұсақтап емес, өзінің батыр, жауынгер  аталарының генінен айрылып, намыссыз тобырға айналғаны емес пе?!

«Біз отаншылдықты қалай түсініп жүрміз?» - Кейде біздің отаншылдық, патриоттық қасиетіміз қандай деген сауал тіл ұшына орала кетеді. Әуелгі әңгіменің әлқиссасын Отан деген ұғым жөнінен басталық. Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген киелі мекені болады. Бұл қастерлі мекенді ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны ата мекен деп те атайды. Нақтысы, бұл киелі топырақ, өскен орта Отан деген қастерлі ұғым саналады.

ABAI.KZ. «Депутат: ағайынға «орал» дей ме, «жоғал» дей ме?» - Парламентте Мәжілістің әлеуметтік және мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова «оралмандардың 70 пайызында жоғары білім жоқ», «тәуелсізіктен бері оралғандардың саны бір миллионға жеткен жоқ»  деп «сүйіншілегендей» болды. Осыған орай Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың пікірін білген едік.

«Украинадағы дағдарыстың жаңа кезеңі: себеп-салдары» - Украинадағы саяси дағдарыс өзінің келесі кезеңіне өтті. Донецк пен Луганскіде өткізілген референдумдарда бұл аймақтардың тәуелсіздігін жариялау мәселесі қарастырылды. Халықтың көпшілік бөлігі алдын ала күтілгендей Украинадан бөлініп шығу идеясын қолдап отыр. Оңтүстік-Шығыс Украинаның өзге аймақтары да осындай референдум өткізуге ниетті екендігін жасырмауда. Бұл саяси жағдайдың дамуы қайда апарады деген сауал көпшілікті мазалап отырғандығы анық.

«Дін туралы заң» қазақтар үшін жасалған ба?» - Кезінде М.Шаханов ағамыз осыдан он жыл бұрын “Діни диверсияға тосқауыл қажет” деп депутаттық мінбеден қауіптерін мәлімдеген болатын. Сол кезде де бүгін де мемлекет тарапынан сондай мәлімдемелерге қаншалықты көңіл бөлінгендігін дөп басып айту қиын. Себебі миссионерлік тақырыбы саясат мәселесі.

«Божко "батыр"» - Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Төтенше жағдай министрі Владимир Божкоға «батыр» атағын ұсынды. Ерен еңбегі үшін емес әрине, елімізде аталған министрлік алдын алуға болатын оқиғалар көбейіп кетсе де жылы орнынан 7 жыл бойы жылжымағаны үшін.

SERKE.ORG. «Ұлтшылдардың ішіне «вирус» кіріп кетті» - Өзін ұлтшыл патриот санайтын Серікжан Мәмбеталин Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылатын күні (29 мамыр) жұрттың бәріне ауыздарын жауып тұратын медициналық маска (тұмылдырық) тағып жүруді ұсынды. Оның ойынша, «Еуразиялық одақ – вирус», сондықтан оған қарсылық ретінде осындай акция өткізу керек. Оның бұл бастамасын ұлтшылдардың бәрі қолдай қойған жоқ. Бір күн бойы маска киіп жүру жөніндегі бастаманы әлеуметтік желіде желпіне талқылаған ұлтшылдар соңында бір-бірімен тағы да ренжісіп қалды.

21 мамыр 2014, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.