Атырау, 21 желтоқсан 10:03
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Газ-химия кешені: пайда және қауіптену

7 443 просмотра

«Атырау облысының интеграцияланған газ-химия кешені. Полиэтилен өндірісі» жобасы жақында ҚОӘБ (қоршаған ортаға әсерді бағалау) бойынша жұртшылық тыңдауы кезеңінен өтті.

ЖЕТІ МИЛЛИАРДТЫ ӨЗДЕРІ ТАБАДЫ

Жоба қазақстандық мұнай-химия саласының жандануы бағдарламасының аясында үкіметтің мақұлдауымен жасақталды. Полиэтилен өндіретін алғашқы газ-мұнай химия кешені Қарабатанда, «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технобағы» экономикалық аймағында («Болашақ» зауытынан 8 км қашықтықта) салынатын болады. Берілген жер алаңы – 733 га. Негізгі технологиялық процестер: шикі газ ағымынан компоненттерді бөлу және түпкілікті өнімді дайындау. Кешен Теңіз кенішінің ілеспе газымен жұмыс істейтін болады. Жоба құрылтайшылары – оңтүстік кореялық LG Group корпорациясының LG Chem Ltd еншілес компаниясы (50%), «SAT&Company» АҚ (25%) және «Бірлескен химиялық компания» ЖШС (құрылтайшы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ) (25%).

Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғары және төменгі тығыздықтағы полиэтилен өнімдерін өндіру көлемін жылына 800 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Кешен құрылысына 15 мың адамға дейін жұмылдыру болжанып отыр. Пайдалануға беру кезеңінде қызмет көрсету бойынша штат 480 қызметкерді құрайды. Алғашқы отандық полиэтиленді шығару 2017 жылға белгіленген. Интеграцияланған газ-химия кешені (ИГХК) мен «Полиэтилен өндірісі» нысандарын салу және пайдалануға беру кезінде өндірістік мұқтаждықтарға пайдаланылатын су мен ауыз суды ықтимал жеткізуші -  Астрахан – Маңғышлақ су таратқышы болып табылады.

Бірінші кезеңнің (полиэтилен өндірісі) құны 4,18 млрд доллар тұрады. Кешен жобасының жалпы құны (550 мың тонна өнім көлемімен полипропилен өндіру жөніндегі екінші кезеңін қосқанда) - 7 млрд доллар. Тыңдауда сөз алған жоба директоры Әлихан ЕСПАЕВТЫҢ (KLPE ЖШС) айтуынша, мемлекет қаржыландыруға қатыспайды, құрылтайшылар өз қаржылары мен еуропалық және оңтүстік кореялық несиелерге сүйенеді. Құрылыстың басталуы: 2014 жыл, аяқталуы 2017 жыл.

 

«ТИІМДІ, ДЕМЕК ҚАУІПСІЗ»

ҚОӘБ-ны «Қазэкожоба» ЖШС жасақтады. Оның 400-ден астам парағы экологияға әсерді зерттеуге арналған. «Құрылыс жұмыстарының барысында «Полиэтилен өндірісі» газ-химия кешенінің бүкіл алаңдарында атмосфера ауасына қауіптіліктің 1-4 класындағы ластаушы 29 заттек бөлінетін болады».

Адам ағзасына әсер ету деңгейі бойынша ластаушы заттар қауіптіліктің 4 класына бөлінеді: 1-класс – төтенше қауіпті; 2-класс – қауіптілігі жоғары; 3-класс – орташа қауіпті; 4-класс – қауіптілігі төмен.

«Штаттық режимде қоршаған табиғи ортаға әсерді бағалау» тарауына (курсивпен белгілеген өзім - З.Б.) сәйкес, «Полиэтилен өндірісі» ИГХК нысандары үшін барлығы пайдалануға беру кезеңінде (2018 жылы):

УСГ (газ сепарациялау қондырғысы) – 4 010,008 тонна ластаушы қатты, газ тәрізді және сұйық заттар;

Газ құбыры жолы – 0,083 тонна газ тәрізді ластаушы заттар,

ИГХК – 1 0104,6751 тонна қатты, газ тәрізді және сұйық заттар белгіленген.

Ластаушы заттардың жалпы шығарындыларына көміртек оксиді (жылына 5 336,201 тонна, бұл барлық жалпы шығарындылардың 37,81%-ын құрайды) мен азот диоксиді (24,62%) жоғарғы «үлес» қосады деп жобалануда. 

Дегенмен де ҚОӘБ авторлары жобаның құрылыс кезеңіндегі және пайдалануға беру кезеңіндегі жалпы экологиялық әсерін түрлі санаттар (атмосфералық ауа, топырақтар, су, өсімдіктер және т.б.) бойынша «орташа» немесе «төмен» деп атады:  

«Нысан мәртебесін ескерсек, Атырау облысы үшін экономикалық пайда едәуір болмақ. Бұл қолға алынатын аумақтың қоршаған ортасына ауыр және қайтарымсыз әсер етпейді деп болжауға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаның жекелеген компоненттеріне және жалпы аумақтың экологиялық ахуалына ықтимал теріс әсері (табиғат қорғау шараларын орындаған жағдайда) шекті рұқсат етілген экологиялық деңгейден аспайды. Жоспарланған жұмыстар дұрыс жүргізілген жағдайда әсер аз болады және жер бөлінісінен тысқары таралмайды.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде көп мөлшерде жұмыс орнын ашу және негізгі өнімнің 3000-нан астам түрін өндіру, шағын және орта бизнесті дамыту, салық базасын кеңейту, сонымен қатар сабақтас салаларды дамыту жобаланып отыр. Осыған байланысты жоспарланған экономикалық шаралар ұйғарымды және (облыстық және респубилкалық ауқымда) тиімді болады».

 

ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПТЕНЕДІ

Жобаның экономикалық көрсеткіштер тұрғысында республика мен облыс үшін тиімді екендігі жөнінде авторлардың айтуы дұрыс. Алайда Атырау МжГИ өңірлік экологиялық мәселелер ғылыми орталығының директоры Мұфтах ДИАРОВ атап айтқандай, шешім қабылдар кезде ешкім де жергілікті халықтың пікірін сұрамаған:

– Еркін экономикалық аймақ салу бүкіл Атырау тұрғындарының қаупін тудырып отыр. Үкімет бізден ЕЭА-ны салу керек пе, жоқ па, сұрамады. Неліктен зауытты адам аз жер - Теңізге салмасқа? Жайықтың ластану ықтималдылығы зор. Болашақта су полиэтиленге қарағанда анағұрлым қымбат тұратын болады. Күрделі тұзды Қашаған кеніші игеріле бастағанда көңіл жабырқатқан тәжірибе (магистральды мұнай және газ құбырларын салу кезінде орындаушылар әрбір 5 км сайын қысым датчиктерін – монометрлерді монтаждауды «ұмытқан» еді) мен басқа мысалдар қауіптенуді тудырады. Полиэтиленнің болашақ өндірісінің сұйық қалдықтары (ағын сулары) Жайық өзенін қоса алғанда, жерасты суларына қалай әсер ететінін анықтау керек. Оған мысал: Ақтөбеден 30-40 шақырым қашықтықта Алға поселкесінде орналасқан бор өнімдерін өндіретін химия зауыты 20 жыл жұмыс жасаған соң Ақтөбенің жерасты сулары мен Елек өзенінің суларын бор токсиканттарымен ластады. Бормен ластанған жерасты суларымен ақтөбеліктер ондаған жылдар бойына күресіп келеді. Өзеннен 20-25 шақырым қашықтықтағы (егер тікелей есептесек) газ-химия кешенінің осындай сұйық қалдықтары бірнеше ондаған жылдардан соң Жайық өзенін ластауы мүмкін.

М. Диаров бірнеше ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, ауданның жерасты суларының гидрогеологиялық байланысын зерттеу туралы; газ-химия кешенінің бүкіл периметрі бойынша екпе ағаштар отырғызу туралы; кешен аумағының шекарасын атмосфералық ауа жағдайын тәулік бойына бақылайтын автоматтандырылған датчиктермен жарақтау туралы; қатты уытты және сұйық қалдықтарды сақтайтын полигондармен қамтамасыз ету туралы. Сонымен қатар, ол Атырау облысының тұрғындары үшін аудандық сақтандыру коэффициентін енгізу мүмкіндігін қарастыруды және экологиялық заң бұзушылықтар үшін құқықтық жауапкершілікті арттыруды ұсынды.

«Глобус»ҚБ төрағасыГалина ЧЕРНОВАмынадай ұсыныс жасады:

– Біз парламентке экологиялық қоныс аударушылар туралы мәселені қарастыруды ұсындық. Шамасы, қарқынды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында біз экологиялық өтемақыны талап етіп, экологиялық қашқындар туралы мәселені көтеретін деңгейге жететін шығармыз. Әлемдік қоғамдастық осындай табиғи шығынды жобаларды қысқартып, энергияның баламалы көздерін іздейді. Сіздер ескі сызбаны қолданып отырсыздар.

Жобаны таныстырушы тарап бүкіл айтылған ескертулер келесі кезеңде жасақталатын құжаттарға енгізілетін болады деп уәде етті.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

16 мамыр 2014, 18:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.