Атырау, 28 қараша 02:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Гобелендегі мейірімді бейнелер

8 017 просмотра

Гобеленші Анна Борисовна ДМИТРИЕНКО жайында жақын таныстарымнан естігенім болмаса, көрген емеспін. «Дина» базарындағы сауда орындарының бірінде гобелен деп аталатын қолданбалы сәндік өнердің көркем туындылары көз алдымызда жайнап жатты. Сатылымға шығарылған жарқын көріністі қолөнер бұйымдарының қасында әбден күнге күйіп, азып-тозған жіп-жіңішке ғана егде әйел елеусіз ғана отырды. Бұл – Анна Дмитриенко болатын.

Ол темекісін будақтата отырып, жаңа гобелен туындысын тезірек тоқып бітіруге асық еді. Оның түрлі-түсті тоқыма жіптермен көмкерілген көз тартарлық гобелен жұмыстары -  мультфильм кейіпкерлерін еске түсіреді екен. Жүзі жарқын бейнелер... көңілді тышқан, елпек қоян, монтиған кірпі, көздері бар күнбағыс суреті мен құлпынайлар, жүрекшелер бейнесі... Мұның бәрі-бәрі бала көңілін ғана емес, үлкеннің де назарын өзіне бірден аудартады. Нәзіктікке жаны құмар жандар Анна Борисовнаның туындыларына ұзақ үңіледі. Себебі, гобеленшінің қолынан шыққан шәйнек астына қоятын әдемі кілемшелер мен қабырғаға іліп қоюға немесе үстел үстіне жаюға болатын әсем дүниелерді үй шаруасында пайдалануға болады. Олардың бағасы да тым қымбат емес. Бағаны көлемі мен гобелен тоқу барысында төгілген терге, жалпы жұмыс қиындығына және жұмсалған материал шығынына байланысты Анна Борисовна өзі қояды. Мәселен, гобеленнің шағындау түрі - 500 теңге болса, үлкендеуі – 1000 теңгеден бастап жоғары бағаланады. Анна Борисовна инені өзі жасап алуға тырысады. Ол үшін кәдімгі темір қалбырды да пайдаланады. Әйтпесе, қазіргі инелердің көзі тым жіңішке әрі өзің қиялдағандай бейнелерді жасап шығаруға ыңғайсыздық тудырып жатады, - дейді өнер иесі. Жалпы ол бір жұмысты тоқып бітіруге 8 сағат жұмсайды екен.

БАЛА КҮНГІ ЕРМЕГІ КӘСІБІНЕ АЙНАЛДЫ

Қазір Анна Дмитриенконы көпшілік таниды. Ол өзі туып өскен Атырауда ғана емес, еліміздің әр өңірін аралап, үздіксіз ізденісте жүреді. Әсіресе, апталап Ақтөбеде, Оралда, Ақтауда және тағы да басқа қалалардың базарларында шағын көрме ұйымдастырғандай, жұмыстарын жайып қойып сата бастайды. Бұрын ол Ресей мен Кавказ елдеріне жиі баратын. Әзірге одан әрі асуға жағдайы болмай тұр. Бүгінде жергілікті билік тарапынан оның тұрып жатқан үйі бұзылып, қазір ол туған апасының үйін уақытша паналауға мәжбүрлі болып отыр. 

Анна Дмитриенко гобелен тоқумен он жылдан аса уақыт айналысып келеді. Бұл өнерді ол өзінің құрбысынан үйренген болатын. Өзі де бала күнінде сурет салып, тоқыма өнеріне жақын болатын. Бірақ, гобелен тоқуды сәл кейін меңгерді. Ал 90-шы жылдары дағдарыс кезеңі туғанда Анна Борисовна да бітірген мамандығы бойынша өмір бойы ветеринар болып жұмыс істеп жүрген жерінен шығып қалады. Күйеуі де сол кезде жұмыстан қысқартылады. Осы кезде Анна Борисовна тығырықтан шығар жол іздеп табады. Енді ол қолынан келетін іске нақты көшеді. Осылайша қажеттілік туған заманда гобелен өнеріне қайта айналып келіп, жұмыстарын сата бастайды. Оның жұмыстары да бірде болмаса, бірде өтіп, әйтеуір жан асырап бағуға жарап тұрды. Міне, қазір де солай. Бірақ, баяғыға қарағанда, бүгінде оның таныстары да, шәкірттері де, тапсырыс берушілері де көбейген. Онда да сұраныс әрқалай. Жұмыстары жақсы сатылып жатса, бір айда 1500 АҚШ долларын табуға болады екен. Біраз бұрын біреу Анна Борисовнаға 60 мың теңгеге кілем тоқып беруге тапсырыс берген. Әсіресе, оқушылар мен студенттер арасында курстық, дипломдық жұмыстарға тапсырыс берушілер басым екен. Сонымен бірге, мереке күндері қарсаңында ұлттық салт-дәстүріміз бен ел рәміздерімізге байланысты жұмыстарға сұраныс саңырау-құлақтай қаптамағанымен біршама арта түседі, - дейді гобеленші.  Қазір ол ұзақ жылдар бойы адал еңбегімен жиған ақшасына бау-бақша учаскесін сатып алды.

ЖҮЙКЕНІ ТЫНЫШТАНДЫРАР ЖҰМЫС

Анна Дмитриенконың күйеуі екеуінің ортақ балалары болмағанымен, кішкентай шәкірттері көп. «Шәкірттерімнің арасында балақайлар басымдау. Олар өздері үйреніп алған соң, кей-кейде мектептегі ұстаздарын үйретіп жатады. Олардың тоқып шыққаннан кейінгі қуаныштарын көрсем, өзім де жас балаша мәз боламын», деп ол әңгімесін жалғай түскенде, жанымызға бір ата-ана келіп: «Сіз менің қызыма гобелен тоқуды үйреткенсіз, маған ине керек еді, сатып алсам деп едім, сол үшін сізді іздеп жүрмін» деген-ді.

Анна Борисовна гобелен тоқуды үйреткені үшін 500 теңге ғана алады. Онда да, өзі сатып тұрған базардағы сауда орынының құнын жабу үшін.

«Гобелен тоқу – оңай болғанымен, оны төзімі мықты, шыдамы шексіз, салмақты қалып сақтаған әрі қызығушылығы басым жан ғана алып кете алады. Гобелен – жүйкені тыныштандырады. Нәзік сезімге жетелейді. Алуан бейнелерді гобелен туындыларынан көру үшін бар қиялыңа ерік берсеңіз болғаны. Гобелен брезент немесе джинсы секілді қатты материал мен түкті жіптен және арнайы ине арқылы жасалады. Әрине, ең әуелі қатты материалыңыздың бетіне суретіңізді салып аласыз. Кейін соның бетіне инені жүргізу арқылы шеберлік танытасыз. Басқа ешқандай қиындығы жоқ. Өзім бейнелердің көзін үлкейтіп салғанды ұнатамын. Ол адамды өзіне тартып тұрады. Балаларға ұнайтын дүниелер ғой. Олар менің де жаныма аса жақын», дейді гобеленші. Расында да, оның  гобелен туындыларындағы барлық бейнелер мейірімді болып көрінеді. Мәселен, гобелен бетіндегі үлкен тышқан қазір-ақ тіріліп кетіп, мультфильмдердегі секілді сықылықтап күліп жіберетіндей әсер қалдырады.

Атырауда гобелен өнері көп айтылмайды. Оны жалпы елімізде ашық насихаттап жүргендердің бірі әрі бірегейі де Анна Дмитриенко секілді. Қалғандары хоббиі ретінде қарайтындар. Ал біздің кейіпкеріміз үшін бұл хобби ғана емес, өмірлік кәсібі, күнкөріс құралы.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

16 маусым 2011, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.