Облыстық тарихиөлкетану музейі экспозицияларының бірі Жәңгірханға арналған. Жәдігерлердің арасында ханның сүйікті әйелі Фатиманың камзолы көзге бірден түседі.
- Фатима ханша Жәңгір-ханмен бірге қазақтарды отырықшылыққа үйретуге, қазақ даласына ағартушылық нұрын таратуға көп еңбек сіңірді. 1826 жылы Фатима орыс патшасы І Николайды таққа отырғызу кешінде орыс патшасымен би биледі. Ол патша сарайын өзінің сұлулығымен, киген киімінің байлығымен ғана емес, өзін ұстау, билеу, қарым-қатынас жасау өнерімен таңғалдыра білді, - дейді облыстық өлкетану музейінің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА. – Ханша үлкен білім иесі еді, орыс, француз, араб тілдерін білді. Ән-күйді ұнататын, фортепианода ойнады, сонымен қатар Құранды жатқа біліп, тәпсірлейтін де еді.
Ресейлік сәнқойлар арасында хиуа жібегін осы Фатима сәнге айналдырған деген әңгімелер бар. Оның әйгілі камзолдары туралы да аңыздар жеткілікті. Сондай бір ерекше тәсілмен – алтын жіппен зер салған камзолдардың бірі бүгінгі күнге дейін сақталған және ол Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің қорында тұр. Біздің музейде ҚР Суретшілер одағының мүшесі А. Абдубаитова жасаған осы камзолдың дәл көшірмесі қойылған.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор