Атырау, 12 қазан 14:24
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Соттар мен имамдар не туралы әңгімелесті?

4 078 просмотра

Облыстық соттың ғимаратында сот қызметкерлері мен имамдар кездесуі болды. Оған облыс соттары мен бас имам Нұрбек қажы ЕСМАҒАМБЕТ және наиб имам, теолог Еркебұлан ҚАРАҚҰЛОВ  қатысты.

Атырау облыстық сотының төрағасы Жақсылық АЛАНОВТЫҢ  айтуынша, бұл кездесуді ол судьялардың дін тарихы бойынша барынша терең мағлұмат алуы үшін ұйымдастырған екен. Кездесуге шақырылғандар исламның қалай тарағанын және уаххабизм мен  салафизм туралы әңгіме өрбітті.     

- Уаххабизммен бірге келген басты мәселенің бірі – бұл қазіргі жастардың өз ата-аналарына намаз оқымағандары үшін кәпір деп ашықтан ашық қарсы әрекетке баруы,-деді Нұрбек қажы Есмағамбет. Оның пікірінше, сауаты аз бүгінгі күннің жастары бір кездері исламның рөлін арттыру үшін қолданылған, ал, қазір өзектілігін жойған қару және жихад туралы аяттарды қолданып жүрген көрінеді. Әбу Ханифа мәзхабы осы секілді, әсіресе, сауаты  төмен жастар үшін қауіпті болып саналатын аяттарды құптамайды. Қазақстан мұсылмандарының көпшілігі дәл осы дәстүрлі мазхабты ұстанады.

-Бұрын қазақта  хиджаб кию деген болмаған ғой. Бұл туралы сіз не айтасыз?,-деп сұрады залдан соттардың бірі.

Бас имамның айтуынша, қазақ хиджаб киген жоқ деген қате ұғым. Сонау ертерек заманда біздің аналарымыз жас ерекшеліктеріне қарай кимешек киген. Ал, бұл қазақ әйелдерінің исламға қайшы келмейтін киім үлгісі болғандығын білдіреді.

- Хиджаб дегеніміз - ол кәдімгі орамал. Алайда, егер біздің жас қыздарымыз өз сауатсыздықтарының салдарынан қара киім киіп, бет-аузын түгел жауып алатын болса, онда бұл олардың еліктеушілігі болып есептеледі. Қасиетті Құранда тек орамалды тартудың қажеттілігі туралы ғана айтылған. Онда бет-ауызды тұмшалап, қара киім кию керек деген сөз жоқ,- деді Нұрбек қажы Есмағамбет.

Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев наурызда Түркістанға барған сапарында былай деп пікір айтқан еді: «Мен мектеп оқушылары мен студенттердің хиджаб немесе паранжі таққандарына қарсымын. Біздің әйелдеріміз оларды еш уақытта таққан емес, өз жүздерін ешқашан жасырған емес. Әрине, біз мұсылман дінінің барлық өкілдеріне құрметпен қараймыз, бірақ, біздің өз жолымыз бар, өз ұлттық дәстүріміз бен салтымыз бар». 

Бас имамның айтуынша, қасиетті Құран қадистерінде әділ төрешілдіктің қажеттілігі туралы ап-айқын айтылған.

- Мәселен, Маида сүресінің 8-ші аятында былай делінген: «Әй, мүміндер! Алла тағала үшін куәлік қылу үстінде мықты тұрыңдар және адамдар арасында тура куәлік жасаңдар. Бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын, тақуалы күдіксіз әділдік жасаңдар, Алла тағала сендердің істеріңнен толық хабардар». Сіздерді парақорлықтан алыс болып, қоғамға, халыққа әділ қызмет етуге шақырамын. Алла тағала аманатқа қиянат жасамауды бұйырды, яғни сіздің алдыңызға келген әрбір адамға әділ төрелік айту - қылмыскер болса жазасын алып, таза болса ақталып шығуы аманат етілген. Шариғат заңы бойынша өз мүддеңіз үшін пара алу және беруге тыйым салынған. Құранның қадистерінде Алла тағала былай деп ескертеді: «Тозақ отына параны берген де оны алған адам да күйеді»,-деп аяқтады өз сөзін облыстың бас имамы.  

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген  автор

16 маусым 2011, 17:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.